Елорда әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкеннің төрағалығымен коронавирустың таралуын болдырмау және алдын алу шаралары жөнінде кеңес өтті. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Іс-шараға әуежай, теміржол вокзалы, Денсаулық сақтау басқармасы және басқа да қалалық қызмет орталықтарының басшылары қатысты. Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың тапсырмасы бойынша орталық және жергілікті атқарушы органдар Қытайдан Қазақстанға коронавирустың таралуын болдырмауға бағытталған ұйымдастырушылық шараларды қабылдауда.
Қазақстан Республикасының Үкіметі тарапынан вице-премьер Б.Сапарбаевтың төрағалығымен ведомствоаралық комиссия құрылды, оған Қазақстанда коронавирустың таралуын болдырмау жөніндегі іс-шаралар жоспарын дайындау тапсырылды.
Әкімнің орынбасары әуежай мен вокзалдарда санитарлық бақылауды күшейтудің маңыздылығын атап өтіп, елордада коронавирустың таралуын болдырмау үшін шаралар қабылдауды талап етті. Қазіргі уақытта елордаға коронавирустық инфекцияның әкеліну жағдайларын оқшаулау және жою бойынша жұмыс тобы құрылды, халықаралық рейстердің келуіне жылу бақылау қондырғысы күшейтілді, барлық адамдардың міндетті байланыссыз термометриясы жүргізілуде, әуежай, шекара және кеден қызметтері қызметкерлерімен профилактикалық жұмыстар ұйымдастырылды.