Биылдан бастап Қазақстанда шетелдік жұмыскерлерді тартуға арналған квота 40 пайызға қысқартылды. Яғни, 2020 жылы елімізде шетелдік жұмыс күшін тартуға берілген рұқсат 29 292 бірлікті құрауы тиіс. Ал былтыр бұл көрсеткіш 48 700 бірлік болған еді. Міне, енді соның 40 пайызы қысқаруда.
Қазірдің өзінде Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қызылорда және Солтүстік Қазақстан облыстары 4 санат бойынша шетелдік жұмыскерлерді тартудан толықтай бас тартып, жұмыс берушілердің қажеттілігін жергілікті мамандар есебінен шешуді жоспарлап отыр. Бұл әрине, қуантарлық жайт. Негізі шетелдіктердің басым бөлігі, нақтырақ айтсақ олардың 45 пайызы құрылыс саласында, 12 пайызы тау-кен өнеркәсібінде, 8 пайызы кәсіптік, ғылыми және техникалық қызметте, 7 пайызы өңдеу өнеркәсібінде жұмыс істейді екен. Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің сайтында жарияланған мәліметтерге қарағанда, бүгінде Қазақстанда Қытайдан – 4 524 адам, Өзбекстаннан – 781, Түркиядан – 1 964, Үндістаннан – 1 893, Ұлыбританиядан 1 368 адам келіп, еңбек етуде.
Өткен жылдың соңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында шетелден жұмыс күшін тартқан кәсіпорындарға қатысты пікір білдіріп: «Мен шетелдік жұмыс берушілер тарапынан біздің азаматтарды кемсітуіне жол берілмеуі керектігі турасында ұдайы айтып келемін. Сіздер де бұл мәселені көтергенсіздер. Сондықтан менің тапсырмаммен өткен айда шетелдік жұмыс күшін тартып отырған кәсіпорындарда еңбек және көші-қон заңнамасының сақталуы бойынша тексеру жүргізілді. Осы уақытта 95 компания инспекциялық тексеруден өтіп, 930 заңбұзушылық фактілері анықталды» деген болатын.
Шынында шетелдік қызметкерлердің жұмысы берілген рұқсатнамаға сәйкес келмеуі, атқарып отырған лауазымы мен білімінің сәйкессіздігі жиі кездескен. «98 млн теңгеден астам сомаға 397 әкімшілік іс қозғалды. 361 шетелдік жұмысшының жалақысы қазақстандық жұмысшы деңгейіне дейін төмендетілді, ал 4 қазақстандық жұмысшы үшін жалақы шетелдік жұмысшы алатын ақы деңгейіне дейін көтерілді. 703 рұқсат қайтарып алынды, 507 шетелдік жұмысшы елден шығарылды», дейді бұл жөнінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов.
Дегенмен де Қазақстанға шет мемлекеттерден қанша жұмыс күші келіп жатқаны туралы құзырлы органдар берген мәліметтерге сену қиын. Бұл мәселеде түрлі мекемелер түрлі мәліметтер келтіреді. Мысалы, жоғарыда 2019 жылы елімізде шетелдік жұмыс күшін шақыру квотасы 48 700 адамды құраған дедік. Осылайша, 2019 жылдың 1 қазанындағы ақпарат бойынша Қазақстанда шетелдік жұмыс күшін шақыруға берілген рұқсаттардың ресми саны 21 мыңға да жетпейді. Ал көші-қон комитетінің мәліметтеріне сәйкес, 2018 жылы Қазақстанға Өзбекстан мен Тәжікстаннан ғана 551 мың еңбек мигранттары келсе, 2019 жылы бұл көрсеткіш 600 мыңнан асқан. Осыдан-ақ, ресми статистикамен Қазақстанға келіп, нан тауып жүрген шетелдік жұмысшылардың нақты санының айырмашылығы жер мен көктей екендігін анық аңғарасыз. Ресми мәліметтерге сенсек, Қазақстанда шетелдік жұмыс күшін шақырушы 2396 кәсіпорын тіркеліпті.
– Бірақ бұл мигранттардың саны Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің шетелдік жұмыс күші квотасы бойынша есебінде ескерілмейді. Сондай-ақ шетел азаматтарының Қазақстаннан сыртқа қанша қаржы шығарғандары жөнінде де ешбір ресми ақпарат жоқ. Жоғарыда келтірілген еңбек мигранттарының санын ескергенде, шетел асқан қаражат көлемі миллиардтап есептеледі, ал бұл қаржы Қазақстан азаматтарының жалақысы болып еліміздің экономикасында қалар еді, – дейді Үкімет жетекшісіне сауал жолдаған Мәжіліс депутаттары.
Ал Статистика комитетінің мәліметтері ел ішіндегі жасырын жұмыссыздықты есептемегенде, жұмыссыз азаматтардың саны 442 мыңға жеткенін көрсетеді. Ол 442 мың жұмыссыздың 133 мыңының жоғары, 196 мыңының орта кәсіптік білімі бар. Ендеше өзіміздің 442 мың азаматымыз жұмыссыз жүргенде, мыңдаған шетелдік еңбек мигранттары олардың орнын қалай басып отыр? Иә, көрші елден жұмыс іздеп келгендер ең алдымен арзан жұмыс күші екені анық. Жасыратыны жоқ, біздің елдегі жұмыссыздар ондай жалақы мен жағдайды місе тұтпайды.
Елімізде еңбек ресурстарының балансын есепке алудың тиімді әдістемесі жоқ екенін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та өзінің алғашқы Жолдауында айтып, «Үкімет көші-қон үдерісін басқару үшін пәрменді шаралар қабылдауы тиіс», деп нақты тапсырма берген еді. Осылайша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі биылдан бастап шетелдік жұмыс күшін тарту квоталарын жоспарлай отырып, оны екі есеге қысқартты. Бұл әрине елдің ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында жасалып отыр. Жалпы алғанда, республикада тұратын 18,5 миллион адамның ішінде 9,2 миллион адам жұмыс күші санатына жатады, ал іс жүзінде 8,7 миллион адам жұмыс істейді, оның 6,7 миллионы жалдамалы жұмысшылар.
Дегенмен де жұмыссыздықты азайту, халықты жұмыспен қамтуға арналған бағдарламаларды іске асыру барысында рұқсатсыз еңбек етіп жатқан шетелдік азаматтардың шынайы саны ескерілмесе, бұл мәселеде оң өзгеріске қол жеткізе алмайтынымыз анық. Дәл қазір елімізге келіп жатқан заңсыз мигранттардың саны өзіміздегі жұмыссыздардың санынан асып отырғандығын ескерсек, бізде жұмыссыздық жоқ сияқты. Сонда бұл қалай? Көрші Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстаннан келіп жатқан еңбек мигранттары неге квота есебіне кірмейді? Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі көрші елдерден ағылып жатқан жұмыс күшін неге көрмей отыр? Елімізде, әсіресе оңтүстік облыстарда мұндай еңбек мигранттарының қаптап жүргенін екінің бірі біледі. Әрине құзырлы органдар олардың шекарадан әрі-бері өтуін заңның бір тармақтарына сыйдырып, бәрін сылап-сипап жіберуі мүмкін. Бірақ Қазақстанға заңсыз мигранттардың көптеп келуі жергілікті халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын одан әрі төмендететіні және әлеуметтік қысымның жоғарылауына алып келетіні жасырын емес. Ал министрлік бұл мәселеде әзірге басқа мәлімет таратып отыр, Көші-қон комитеті басқа мәлімет таратып отыр. Қазақстанда Өзбекстаннан келген 781 адам ғана жұмыс істеп жүр дегенге кім сенеді? Сонда кімнің ақпараты ақиқат?