Абайды білмейтін қазақ кемде-кем. Алайда қазіргі жаһандану дәуірінде жас буынның көкірек көзін ашып, жүрегіне нұр мен бойына қайрат, санасына ақыл сәулесін шашып тұруы үшін Абай өсиетін қалай дәріптейміз? Бүгінгі ұрпақ Абайды оқи ма, құрмет тұтып, оның даналығын бағдар етіп ұстана ма? Абай тағылымы қанша заман өтсе де өзекті, мазмұны терең, бірақ сол тағылымды дүниеге жастардың жаппай көңіл аударуы, түсініп, жандарына жақын етуі үшін қайтпек керек? Әрине бұл сауалдарға бірден жауап беру қиындық туғызатыны сөзсіз.
ХХІ ғасыр адамзатқа жаңа құндылықтар жүйесін ала келді. Жаппай тұтыну қоғамы қалыптасты. Ақпарат алмасу мен байланыс жүйесінде жылдамдық артқан сайын адамдарда асығу күйі күшейген заман орнады. Өмірге қажетті техникалық құралдар жетілгенімен уақытты тиімді пайдаланудың мүмкіндігі де азайып отырғандай әсер қалдырады. Әлем мазасыздыққа, анығын айтқанда рухани мазасыздыққа түсті. Адамның материалдық қажеттілігі сияқты, рухани қажеттілігі бар екені белгілі. Қазіргі жастар құндылықты, рухани қажеттілігін «тапқан жерінен» іздеуде. Бірі әртүрлі діни ағымдардан, бірі ғаламтордан іздесе, енді бірі өзге елдің мәдениетінен, тілінен, дәстүрінен іздеп жүр.
Дегенмен, адам заман ағымына сай бейімделетінін жоққа шығаруға болмас. Абайдың «Адам баласын замана өсіреді» дейтіні осыдан шығады. Әр адам өзі өмір сүріп отырған қоғамының жемісі ретінде қалыптасады. Яғни, ХХІ ғасыр өркениетінің жетістігі адамдар қатынасының жаңа жүйесін қалыптастырды. Осындай қоғамдық қатынастар жүйесінде Абайға заман ағымына сай қайта оралу, түсіндіру, оқу бағдарламасын жасау, Абай орталықтарын ашу аса керекті іс болмақ.
Қазақстан Президенті Қ.К.Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» тақырыбындағы мақаласында бүгінгі қоғам дамуына сай Абай іліміне мазмұнды баға берілген. Мемлекет ісінде, идеология мен жаһандық дамудың үрдісінде қалыптасқан жаңа қоғамдық жүйеде ойшыл ұсынған концепцияларды жаңғыртудың және жүзеге асырудың жолдарына стратегиялық бағдарлама жасалған.
Абай он тоғызыншы қара сөзінде «Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады» дейді. Біз Абай орталықтары арқылы Абай айтып отырған «Толық адам» іліміне негізделген идеяны алға тарта отырып, жастар арасында «есті сөз» айтуды тоқтатпағанымыз абзал.
Қазір интернет заманы дейміз. Абай айтқан «сыбырдан басқа сыр жоқ» ақпараттар әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде желдей есіп, елді дүрліктіреді де жатады. Осындай тұста Абайдың «Өңкей жалған мақтанмен, Шынның бетін бояйды» деген тағы бір өлең жолы ойға оралады. Елді пайдасыз сыбыр мен жалған сөзден аулақ болуға шақырған Абайды оқу, оның «есті сөзін» естен шығармай өмірлік бағдар етудің жеке адам үшін ғана емес, жалпы қоғам үшін де пайдасының зор екенін байқауға болады.
Президент атап айтқандай, бүгінгі жас буын Абайды оқудан, өлеңін жаттаудан жалықпағаны жөн.
Жоғарыда атап өткен Абай орталықтарын орта мектептер мен жоғары оқу орындары жанынан ашу, ол орталықтарға жастарды көптеп тартудың маңызы зор. Бұл орталықтарда жастарға ойшыл ілімімен жете танысуға мүмкіндік ашылады. Сондай-ақ орталықтарда көрнекті абайтанушылар және ғалымдармен кездесулер ұйымдастырылып, Абайдың өзі меңзеген «есті адамдардың есті сөзі айтылса» орынды болар еді.
Орталықтардың Абай ілімімен шектеліп қалуы міндетті емес деп ойлаймын. Интеллектуалдық әрі рухани орта ретінде қалыптасып, ой өрісі кең жастарды тәрбиелейтін орталыққа айналдыру қажет.
Бұл өз кезегінде ел жастарының рухани құндылыққа деген көзқарасын қалыптастырып, біз тілге тиек етіп отырған жаһандану дәуірінде ұлттық кодты сақтауда маңызды тетік болады деп сенеміз.
Дархан ЖАЗЫҚБАЕВ,
философия ғылымдарының кандидаты