Бағзы бабаларымыз балаларына ат қоюда салт пен дәстүрге барынша жүгінген. Мұны Шоқан Уәлихановтың еңбектерінен де табамыз. Ол ырым, әдеп-ғұрыптар туралы айта келіп: «Болашақта бір жақсылық болуын тілеп айтылатын әдеп-ғұрыптар да ырым деп айтылады. Мәселен, біреудің ұлы жоқ болып, әйелі қыз туа берсе, ол соңғы бір қызының атын Ұлтуған, Майкөт қояды, ондағы ойы келесі балам ұл болсын дегендік» деп жазады.
Осындай ырыммен қоятын есімдер басқа ұлттарда да көп. Мәселен, балалары шетіней берген жағдайда түркімендер келесі туған ұлына Дурды, өзбектер Тохта, Махкам (мығым, мықты), қазақтар мен қырғыздар Тоқтамыс, Тұрар, Тұрағұл деп ат қояды.
Отбасында қызбала көп болып, ұлға зәру адамдар да осындай ырымдарға жүгінеді. Қазақтар мұндайда қызына Ұлбосын, Ұлтуар, Қызтумас, Жаңыл, Жаңылсын, Тоқтасын деп ат қояды. Ал түркімендер Истер, дағыстандықтар Қызтуман, қырғыздар Бурулчи (Бұрылшы), Тоқтабубу, Алтайдағы сойоттар Керечок деп ат телиді. Егер алты не жеті қыздан соң ұл тапса, әке-шешесі соңғы қызын «құтты болды, майкөт қызым» деп ерекше еркелетіп отырады. Отбасында бірыңғай қызбала дүниеге келгенде соңғы қызды еркекше киіндіріп қоятын да ырым бар.
Мұсылман халқы көбіне ұл-қыздарын жын-шайтаннан, ібілістен сақтандыру үшін перзенттеріне елеусіз, тіпті кейде ерсі ат та қоя береді. Орталық Азия халықтарында ұлдарына Итбай, Күшікбай деп ат қою үрдісі бүгінге дейін жалғасып келеді. Сондай-ақ кавказ халықтары (осетин, кабардин) отбасында бала тұрмаса жаңа туған балаға итке байланысты ат қояды. Олар баланы алып кететін шайтандар иттен қорқады деп түсінген. «Һе» буыны ит деген мағына береді. Арабтар осыған байланыстырып Һесан, Һамейд, Һерзет деген ат қояды. Құмықтар Ақмысық, Күшік деп балаларына ат қоятын болған. Кутайси грузиндері де балаға ит атын қойған. Бала науқастанып қалған жағдайда оған уақытша иттің атын берген. Қазақтарда да «ит тиді» деген ырым бар. Балалары шетіней берген отбасылардың перзенттеріне ит атын телуі якуттарда да бар екен. Олардың арасынан Майтрук, Бургас деген ат естісеңіз, бұл итке байланысты қойылған деп ұғына беріңіз. Орал башқұрттарында Күшік есімді адамдар көп. Кагин татарлары Ит, алтайлықтар Иткөден деген атты жиі қолданады.
Жаңа туған нәрестеге көз тимес, шайтан, ібіліс алмас үшін ерсілеу есім беретін әдет тек бізде ғана емес, басқа да халықтарда бар. Айталық, осетин халқы Қоңыз деген есімді балаларына қиналмай қоя салады. Қазақтар Итбай, Күшік, Күшікбай, Көтібар деген есімдерді көз тимес үшін қойыпты.
Ертеде баласы тұрақтамаған үй перзенттерін әзірейілден қорғау үшін оны басқа үйге апарып тастаған. Екі-үш күннен соң баласын қайтадан сатып алған. Мұндай ырым өзбектерде, тәжіктерде, құмықтарда да кездеседі. Қазақтардың Сатыпалды, Сатылған деген есімдері осы ырымға қатысты.
Ферғана өзбектері балаларын аман сақтап қалу үшін перзенттерін басқа әйелдің бауырына салады. Ол әйел баланы апта бойы бағады. Сосын әке-шешесі баланы сатып алуға барады. Баланы баққан әйелге кәде-сыйын жасап, перзентін қайта сатып алады. Өзбектерде де Сатыпалды деген аттың жиі кездесуі осыдан шыққан. Олар қызға «Сатқын» деген де ат қоя береді.
Балаларын түрлі пәле-жаладан сақтау үшін қазақтар елеусіз, ерсілеу, қораш ат қойса аман тұрады деген бабаларымыздың осы бір қожанасыр қылығы заманының заңғар ақыны Қадыр Мырза Әлінің өлеңіне де ілікті. Ақынның «Қазақы қулық» атты өлеңінен үзінді берейік:
Ойлауға әркім ерікті,
Берілген бабам ойға мың.
Құдайдан сосын көріпті,
Баласы тұрмай қойғанын.
...Одан соң туған баланың,
Тойына түйе сойыпты.
Шулатып байтақ даланы,
Шоқпыт деп атын қойыпты.
Қазақтың қырда желдеген,
Қылығы со бір ұнайды:
Алданып жүріп пендеден,
Алдамақ болған Құдайды!
Жә, ақыннан асырып айта алмаспыз. Кісі есімі көркі мен ақылына сай келіп тұрса қандай ғанибет!
Бірақ біз ұл-қыздарымыздың өсе келе қалай қалыптасатынын білмейміз ғой. Бастысы, «баланы жастан» деп балаңызға сана мен салтты бесіктен бастап сіңіру керек деп ойлаймыз. Сонда әрбір жеткіншек өз есіміне лайық тұлға болып қалыптасады.
Сабырбек ОЛЖАБАЙ