Елордада Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің алқа отырысы өтті. Онда агенттіктің 2019 жылы атқарған жұмысы қорытындыланып, алдағы міндеттер белгіленді.
Ведомство басшысы Алик Шпекбаевтың айтуынша, еліміздегі бірнеше сала жемқорлыққа белшесінен батқан.
– Бірінші орында білім және ғылым саласы тұр. Өткен жылы аталған салада жемқорлыққа қатысты 161 іс тіркелді. Екінші орында – ауыл шаруашылығы саласы. Бұл салады 155 іс тіркеліп отыр. Осы үштікті 107 заңбұзушылық тіркелген денсаулық сақтау саласы түйіндейді, – деді А.Шпекбаев.
Аталған салаларда жемқорлыққа қарсы күресу үшін ең алдымен бюджеттік орган жетекшілерін мемлекеттік сатып алулар жүргізуден босату, бухгалтерияны орталықтандыру және барлық процестерді автоматтандыру керек. Сондай-ақ барлық білім беру мекемелерінде «Парасаттылық негіздері» атты міндетті оқу пәнін енгізу қажеттілігі туындап отыр.
А.Шпекбаев агенттік жұмысының басым бағытының бірі – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру. Осы мақсатта еліміздің 12 аймағында әкімдіктердің қолдауымен азаматтарды кедергісіз қабылдау және оларға бірден көмек көрсетуді көздейтін «Антикор» сервистік орталықтары ашылды. Алдағы уақытта қалған 5 аймақта да осындай орталықтар ашылмақ. Сондай-ақ жұртшылықпен тиімді кері байланысқа жауапты серіктестік департаменті құрылды. Ашықтық принципін іске асыру мақсатында апта сайын БАҚ өкілдеріне арналып баспасөз мәслихаттары өткізіліп тұрады. Сондай-ақ әлеуметтік желілерде азаматтардың сұрауларына жедел ден қоятын белсенді жұмыс қолға алынған.
Агенттік төрағасы 2019 жылы ел көлемінде жемқорлыққа қатысы бар деген айыппен 1175 лауазымды тұлға тәртіптік және әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын баяндады. Осылайша өткен жылы сыбайлас жемқорлықтың тәуекелдерін жою туралы 2 мыңнан аса ұсыныс енгізіліп, 800-ден аса ұйымдастыру шаралары қабылданды. Қылмыстық істерді тергеу нәтижелері бойынша 3 мыңға жуық ұсыным енгізіліп, нәтижесінде бірқатар лауазымды тұлғалар тәртіптік және әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Бұл ретте ведомство басшысы биылғы 7 басымдықты да белгілеп берді. Аталған басымдықтар барлық мемлекеттік қызметшілердің кірістері мен шығыстары туралы декларация жариялау міндеттілігі, кәсіби сатылмаушылыққа тестілеу енгізу мәселелеріне қатысты болып отыр. Сондай-ақ БҰҰ-ның, ЭЫДҰ мен ГРЕКО-ның бірқатар ұсынысын орындауға қатысты жүйелі жұмыс жүргізді. Себебі коммерциялық банктер, табиғи монополия, ірі өндіруші және кен өндіруші кәсіпорындар, сауда желілері субъектілері сынды жеке секторда да сыбайлас жемқорлық тәуекелдері байқалуда.
Сонымен қатар сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлаған тұлғаларды қорғаудың кешенді жүйесін қалыптастыру жұмысы да жалғасады.
Қазақстан Президентінің көмекшісі – Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Ә.Исекешевтің айтуынша, жемқорлықты жою үшін ең алдымен оған қолайлы жағдай жасап отырған себептерді анықтап, қоғамда жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру қажет.
2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарында сыбайлас жемқорлықсыз құқықтық мемлекет құру 7 жүйелік реформаның бір бөлігі ретінде белгіленді. Біз осы міндетті орындауымыз керек, деді Ә.Исекешев.
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жұмыстарында Nur Otan партиясының да қосқан ауқымды үлесі бар. Мәселен, партияның қоғамдағы сыбайлас жемқорлыққа нөлдік төзбеушілік қағидатын іске асыруын алға тартуға болады.
– Nur Otan партиясы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлесіп тығыз жұмыс жасауада. Nur Otan партиясының Төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, «Қазақстан – 2050» даму стратегиясының мақсаттарына мемлекет пен қоғамның жемқорлыққа қарсы бірлескен күресі арқылы қол жеткізуге болады, – деді партия Төрағасының бірінші орынбасары Б.Байбек.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің тиімді жолдары турасында Мемлекеттік қызмет саласындағы өңірлік хаб басқарушысы комитетінің төрағасы Ә.Байменов те өз ойымен бөлісіп, еліміздің қаржыны жымқыруға қарсы күрестің қаржы шараларын әзірлеу тобына қосылу мәселесін көтерді.
– Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, бір өзгерістер жүзеге асу үшін соны үйлестіруші жетекші күш өзінен бастауы керек. Агенттік басшылығы осы қағиданы ұстанып, жемқорлыққа қарсы күрестің кешенді жүйесін көрсетіп берді. Оның нәтижесі Қазақстанның әлемдік беделін де аңғартып отыр. Бұл өз кезегінде Қазақстанға құйылатын инвестициялардың ауқымына да әсер етеді. Күні кеше Қазақстан сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттер тобына (ГРЕКО) қосылды. Бұл ұйымға қосылу – барлығымызға жаңа жауапкершілік жүктейтіні сөзсіз. Ендігі кезекте алдымызға қаржыны жымқыруға қарсы күрестің қаржы шараларын әзірлеу тобына (ФАТФ) қосылу міндетін қойсақ, халықаралық келісмшарттар мен өзіміздің ішкі жұмысымызға жағдай туғызамыз, – деді ол.
Отырыс барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің бүгінгі басымдығы ретінде сыртқы ресурстарды пайдалану мәселесі де айтылды. Сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметті жетілдіру бойынша ұсыныстар жасалды.
– Сыртқы ресурс деп еліміздің халықаралық деңгейге көтерілу маңыздылығын айтар едім. Біздің ондай мүмкіндіктеріміз бар. Бәлкім бағалау критерийлері бойынша жұмыс істеу керек шығар. АҚШ, Еуропа елдеріндегі осы сала мамандарымен қарым-қатынасты реттеу қажет, – деді Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі А.Умарова.
Жиында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселесіне қатысты Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар да айтылды.
– Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі БАҚ, азаматтық қоғамды дамыту, сонымен қатар қоғамдық сананы жаңғырту салаларындағы мемлекеттік идеологияны үйлестіреді. Аталған салалар бізге сеніп тапсырылған қызметтің барлық шоғыры емес. Алайда, осы салалар бүгінде Агенттік атқарып жатқан ауқымды жұмыспен тығыз байланыс орнатып отыр. Бүгінде мемлекеттік және мемлекеттік емес БАҚ өкілдері құқық қорғау органдары қызметін бұқараға барынша белсенді ұсынып келеді. Сыбайлас жемқорлық мәселесіне қатысты қозғалған қандай да бір маңызды істер, қылмыскерді құрықтаулар жаңалықтарда апта сайын беріледі, – деді Д.Абаев.
Елімізде жемқорлық көріністері ең аз тіркелген аймақ – Солтүстік Қазақстан облысы. Онда атқарылып жатқан жұмыстар, «Адалдық алаңы» аймақтық жобалық кеңселердің қызметін іске асыру арқылы тұрмыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселесі турасында осы облыстың басшысы Қ.Ақсақалов баяндады.
Отырыс жұмысына қатысқан «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ басқарма төрағасы Д.Қыдырәлі жемқорлықтың салдарымен емес, себебімен күресу қажеттілігін жеткізді.
Отырыс соңында қатысушылар өздерін толғандырған сауалдарын жолдап, ойларын ортаға салды.