Соңғы уақытта ТМД елдерінің бизнес кеңістігінде кең таралып, сәнге айналған кайдзен философиясы туралы ондаған кітап шығып, жүздеген мақала жазылды. Кайдзен тек бизнесмендер ортасында ғана емес, өнер мен спортта да басты бағдарға айналғандай. Алайда жапондардың ортасында ұзақ уақыт болған адам Күншығыс компанияларындағы кайдзен мен шетелдіктер Жапониядан көшіріп алған кайдзеннің арасында айырма үлкен екенін бірден байқайды.
Қазіргі қазақ қоғамындағы жапон бизнестік философиясының қолданылуы туралы айтсақ, біздегі кайдзен көбінесе тек сөз жүзінде көрінуде. Алдымен «жапон кайдзені басқа елдерге жарай ма?» деген сұрақ төңірегінде ойланып көрейікші. Атауына көп адам қызығатын «кайдзен» деген әдемі ұғымды қабылдамас бұрын «біздің қоғам, қазақ кәсіпкерлері жапондардың іскерлік философиясын меңгере ала ма?» деген сұрақ қойылуы керек. Кайдзен арнайы курстары оқумен сіңіп кететін оңай нәрсе емес. Оған рухани дайындық қажет. Ал мұндай дайындыққа уақыт кетіру іс бастаған қазаққа ұнай ма?!
Жапониядан басқа кайдзенді бағдар еткен елдер кәсіпкерлерінің бәрі бірдей бұл терминнің мәнін толық түсінеді деуге болмайды. Кайдзен курсын оқыса да кайдзенге қарсы әрекет ететін, оны тек сән үшін пайдаланатын кәсіпкерлер бар. Бұл мақалада «Шын кайдзен қандай болады?» деген сұрақ төңірегінде ойымызды ортаға салмақпыз.
Кайдзеннің кең таралуына не кедергі?
Иә, кайдзен деген сөз кәсіпкердің бәріне таныс. Бірақ оның шын мәнін түйсінетіндер аз. Кайдзен сөзіндегі «кай» иероглифі жаңару деген мағынаны білдірсе, «дзен» туралық, шеберлік, кішіпейілдік, адалдық, жетілу, жақсылық деген мәнге ие. Кайдзен философиясы – Жапонияда ІІ дүниежүзілік соғыстан кейін күйреген ел экономикасын қалпына келтіру кезеңінде алғаш рет қолданысқа енген тәжірибе. Бірақ жапондардың әрбір сәті кайдзен, күнделікті тіршілігі мінсіз әрекет етіп, жетілу жолында тоқтаусыз еңбек етуден құралған. Жапондар «біз кайдзенді ұстанамыз» деп дауыстап айтпайды. Белгілі бір саланы мінсіздік деңгейіне дейін игеріп, қоғамға осы арқылы пайда келтіруді әр азаматы өзіне мақсат етіп қойған.
Бизнес тұрғысынан бағамдасақ, жапон кәсіпкері үшін басты мақсат табыс көзін ұлғайтып, жеке қаржы қорын молайту емес, алдымен тұтынушының көңілінен шығу. Тұтынушыға ұнайтын тауар өндіру арқылы қоғам дамуына үлес қосу – жапондық бизнестің негізгі ұстанымы. Кайдзенді Жапониядан басқа елге насихаттап жүрген шетелдік тренерлер бұл философияны көбінесе «кәсіпкердің табыс көзін ұлғайту мақсатында» пайдалануды ұсынады. Ал бұл жапондық бизнес философиясына қайшы. Мәселен, Орталық Азия елдерінде кайдзеннің Жапониядағы сияқты толық енбеуіне «кәсіпкерлік адамның қара бас пайдасына қызмет етуі керек» деген сыңаржақ түсінік кедергі болып отыр. Бізде кәсіпкерлік дегеніміз негізінен қолында қаржысы бар тұлғаның бизнес ашып, топ адам оған қызмет етіп, түскен пайданың көп бөлігін осы істің иесі иеленіп, қалғаны жұмысшылар жалақысына жұмсалады деген түсінік қалыптасқан. Яғни бізде бизнесмен мен жұмысшының табысы бірдей емес, топ менеджер мен қатардағы қызметкердің әлеуметтік жағдайын тең қоюға болмайды.
Әрине, еліміздегі ортақ табыстың тең бөлінбеуі жалпы экономикалық ахуалға байланысты, оған кәсіпкерлер кінәлі емес. Кайдзен біздің қоғамда өз деңгейінде жүзеге аспаса, бұл халықтың әлеуметтік теңсіздік жағдайында өмір сүруіне қатысты. Мысалы, бізде қарапайым жұмысшының отбасы бастықтың отбасы сияқты жыл сайын шетелге саяхаттай алмайды. Шетел тұрмақ еліміздегі демалыс орындарына баруды екінің бірінің қалтасы көтермейді. Ал Жапонияда қарапайым жұмысшының ірі кәсіпкермен тең деңгейде қымбат көлік сатып алуына, шетелде демалуына жағдайы бар.
Бізге кайдзен керек пе?
Бұл сұрақты соңғы кезде Ресей кәсіпкерлері жиі талқылап жүр. Кейбір бизнесмендер «кайдзен Ресей бизнесі үшін нағыз керек нәрсе» десе, арасында «біздің менталитетке сай емес» деп баға берушілер де бар. Кейбір Ресей сарапшылары «бізде кайдзеннің жүзеге аспайтын себебі, жұмысшы мен топ менеджердің айлық табысы арасындағы алшақтықта» деген пікір айтады. Бұл тұжырым қазақ қоғамына да тән.
Қазақстандағы кайдзенмен байланысты жиынның бірінде кайдзен тренинг курсын бітіріп, сертификатын алған бір зауыт басшысы «Менің жұмысшыларым «Кайдзен, кайдзен дейді? Біз қолмен ұстап, көзбен көрмесек, оның несі кайдзен?» деп сынағанын, өзінің басшы ретінде жұмысшыларға қолдан келген жағдайды жасап отырғанын айтып ақталды. Яғни басшысы арнайы курс оқып, зауытқа кайдзенді енгізсе де, жұмысшылар жаңа жүйені «көрмейді» екен. Егер жұмысшының бір нәрсеге көңілі толмаса, демек кайдзен бұл мекемеге әлі толық енбеген деген сөз. Өйткені бизнесті үздіксіз жетілдіру жолында ұжымдағы әр адам рухани толымдылықты сезінуі керек. Қызметкерлері бір-бірін алакөздеп, жұмыс жағдайына көңілі толмай, наразы күйде жүрген мекеменің есігінен кайдзен ешқашан аттап баспайды. Кайдзеннің бір шарты – ысырапсыз өндіріс. Өндіріс артық шығынсыз болуы үшін бүкіл ұжым беріліп еңбек етуі керек. Яғни басшыдан бастап қарапайым жұмысшыға дейін өз ісін жақсы көріп істесе, өндіріс алға басады. Жапонияда компаниялардың басым бөлігі – бірнеше жүз жылдық тарихы бар іргелі өндіріс орындары. Бұл елде ғасырдан артық жасаған 100 мың компания бар. Соның бірі – 578 жылы құрылған «Коңгогуми». О баста ғибадатхана жөндеумен айналысқан компания бүгінгі таңда құрылыс нарығында өз орны бар мекеменің бірі саналады. Жапонияда жүздеген жылдық тарихы бар көне компанияларды шинисэ деп атайды. 3 мыңнан астам компания осындай мың жылдық тарихқа ие. Бұл көрсеткіш Германияда – 800, Голландияда – 200, АҚШ-та – 14 екен. Яғни кайдзен бүгін пайда болған философия емес, жапонның ежелгі ұлттық болмысында бар дүние. Бұл ұғымның негізі әр нәрсенің Құдайы бар деп білетін, қоршаған ортаға зиян тигізбеуге тәрбиелейтін шинтоизм дінінде жатыр.
Немқұрайдылық – басты жау
Енді біздің қоғамда кездесетін көріністен мысал келтірейік. Бір мекеменің бастығы есепшімен бірігіп, қаражаттың көп бөлігін иеленіп, коттедж салып алғанда «жұмысшыларға толымды еңбекақы төлемедім, менің балаларым зәулім үйде тұрады, ал жұмысшымның отбасының жағдайы төмен» деп ойламайды, әрине. Ол ең алдымен төңірегінің материалдық жағдайын қамдайды. Демек, мұндай бастықтың мекемесіне кайдзен жоламайды деген сөз. Ал басшысының аста-төк тұрмыс кешіп, өзінің отбасы азғантай жалақыны шайға әрең жеткізіп отырғанын көрген жұмысшы ысырапсыз өндіріс қағидасын ұстанып, ұжымға адал еңбек ете ме? Басшысы мен қызметкері бір-біріне сенбейтін, әрқайсысы өз қамын ойлайтын ұжымға кайдзенді қалай тықпаласаң да қабылдамайды. Мұндай мекеменің басшысы кайдзеннің атасы саналатын Масааки Имаидің кітабын он рет оқыса да еш өзгеріс болмайды. Жапондар үшін маңыздысы – ұжымдық сана. «Тек өзім үшін» деп емес, ұжым болып бірігіп, қоғам дамуына пайда келтіру.
Жоғарыда айтқанымыздай, кайдзен философиясының негізгі ұстанымы – тұтынушының көңілінен шығу. Яғни Жапонияда кәсіпорындар тұтынушы үшін еңбек етеді. «Алмаса қойсын, басқа біреу сатып алады» деген немқұрайдылық кайдзенге тән емес. Еліміздегі азық-түлік өндірісінен мысал келтірсек. Бізде кейде әйгілі нан зауыты шығарған бөлкеден де қыл-қыбыр шығып жатады. «Ұсақ-түйекті даулап уақыт кетірмейін» деп, мұндай келеңсіздікке көз жұма саламыз. Ал осы қыл-қыбыр, тас қиыршығын байқамай жұтып жатқан тұтынушылар бар ғой. Азық-түлік өндірісіндегі немқұрайдылық қаншама адамның денсаулығына зиянын тигізуде? Ал жапондар өндіріс процесінде басқалар ұсақ-түйек деп елемейтін нәрселерге жіті мән беріп, мұқият тексереді. Әлемдегі ең ұзақ жасайтын, денсаулығы мықты ел санатына енуі бір жағынан кайдзен философиясына деген беріктікте деп білемін. Жапонның кайдзен философиясын ұстанушы компаниялары ұлт денсаулығын сақтап қалуға үлкен үлес қосып отыр.
Бәрі тазалықтан басталады
Кайдзен қағидаларында көрсетілген тазалық жапон қоғамы үшін ең маңызды аспект. Әр жапонның жұмыс күні тазалықтан басталады. Бұл елде қоғамдық қызмет мекемелері таң ата мекеменің іші-сыртын жуып-шайып, басқа шаруаға сосын кіріседі.
Жалпы, жапондар – әлемдегі ең таза халық. Ар тазалығы ежелгі самурай кодекстерінде жазылған басты ілім. Кайдзен философиясы бойынша адамның жұмыс орны ғана емес, санасы да таза болуы керек. Сонда жұмыс жақсы жүреді. Мекемедегі әрбір қажетсіз зат, тіпті шаңы сүртілмеген терезе, ұзақ жылдар сыланбаған қабырғаға дейін адамның жұмыс істеуге деген ұмтылысына кедергі болады. Ретті, таза орында адамның жұмыс қабілеті артады. Кайдзен философиясы бойынша жұмыс орнына аяқ басқан адам сырттағы мәселелерді ойламауы керек. Әрдайым бала-шаға, туған-туыс мәселесін ойынан шығармайтын қазақ үшін бұл қиын-ақ. Сондықтан жуық арада кайдзен біздің қоғамға түп-тамырымен сіңіп, барша қазақ жапондық стильмен әрекет етуге көшеді деу қиын. Әр елдің кәсіпкерлік жүйесі жергілікті халықтың менталитетіне байланысты екені белгілі. Әрине дамыған елдің жақсысын үйренуден қашпауымыз керек. «Бұл біздің қолымыздан келмейді» деп қарап отыруға болмас. Шын кайдзенді игергісі келген адам осы сөзді құрап тұрған иероглифтердің мәніне сай әрекет етсе болғаны...
Шарафат ЖЫЛҚЫБАЕВА,
жапонтанушы