Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру шаралары қаралды.
Баға мониторингі және әрекет ету шаралары бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы Сауда және интеграцияның министрі Б. Сұлтанов, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерді қолдау және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін шығару туралы Ауыл шаруашылығы министрі С. Омаров, көтерме сауда нарықтарын дамыту стратегиясы, Қазақстандағы агро-логистикалық және көтерме-тарату орталықтары туралы Қазақстандағы АДБ өңірлік өкілдігінің директоры Д. Каппанелли баяндады.
2019 жылы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаның өсуі 10,4%-ды құрады, барлық өңірлерде шекті бағадан асып кетудің 67 жағдайы тіркелген.
Сауда және интеграция министрлігі әзірлеген бағаны тұрақтандыру жөніндегі шаралар пакеті әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін өндіру көлемін ұлғайтуды, монополияға қарсы заңнама шараларымен сауданың үстеме бағасын келісуді болдырмауды, баға мониторингіне жұртшылықты тартуды, электрондық сауданы дамытуды, тауарды өткізу инфрақұрылымын құруды және өнімді сақтау мен тиімді бөлу үшін қажетті жағдайларды жасауды қамтиды.
Осы жылдың 15 қаңтарында Премьер-Министрдің жанынан Көтерме-тарату және агро-логистикалық орталықтар желісін дамыту жөніндегі жаңа жобалық офис құрылды, ол апта сайын мүдделі мемлекеттік органдардың, қаржы институттары мен нарық өкілдерінің қатысуымен отырыстар өткізеді.
«Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев біздің алдымызға қазақстандықтардың табысы мен тұрмыс сапасын арттыруды қамтамасыз ету туралы стратегиялық міндет қойды. Осыған байланысты әлеуметтік маңызы бар тауарларға бағаны тұрақтандыру мәселесі өте маңызды. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев осы бағытта жүйелі шараларды қабылдауды тапсырды», деді А. Мамин.
Үкімет басшысы өткен жылдың қараша айында бағаны тұрақтандыру жөніндегі жұмыстағы олқылықтар үшін өңірлер әкімдерінің бірқатар орынбасары жауапкершілікке тартылғанын еске салды. Қабылданған шаралардың қорытындысы бойынша желтоқсан айында әкімдіктер бағаны ұстап тұру бойынша оң өзгерістерге қол жеткізді. Мәселен, өткен жылдың қараша айында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаның жиынтық өсімі 1,1%-ды құраса, желтоқсанда бар болғаны 0,1%-ды құрады.
«Бұл өңірлерде осы бағытта жұмыс істеу үшін қажетті құралдар бар екенін көрсетеді. Сонымен қатар қаңтар айының қорытындысы бойынша біз тағы да әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының 0,3%-ға өсуін байқап отырмыз», деп А. Мамин, әкімдер баға мәселесін ерекше бақылауда ұстап, жағдайдың өзгеруіне жедел әрекет ету керектігін атап өтті.
Премьер-Министр Сауда және интеграция министрлігіне Қаржы, Ауыл шаруашылығы министрліктерімен бірлесіп, бір апта ішінде көтерме-тарату және агро-логистикалық орталықтар жүйесін құру жөніндегі жобаларды қаржыландыру құрылымын анықтауды тапсырды.
«Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдіктер әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының өндірісін кеңейту үшін қажетті жағдай жасауы керек. Ішкі нарықты отандық азық-түлікпен толықтыру ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің субсидия алу кезіндегі міндеттерінің бірі болуы тиіс», деп түйіндеді А. Мамин.