• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Аймақтар 04 Ақпан, 2020

«Valmont» компаниясы Жамбыл облысында жұмыс істеуге дайын

294 рет
көрсетілді

Танымал «Valmont» компаниясының жаһандық операциялар бойынша вице-президенті Гиллен Роберт Тараз қаласына келіп, Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовпен кездесті. Гиллен Роберт кездесу барысында өздерінің атқаратын жұмыстарының бағыты туралы баяндады. Ауыл шаруашылығы саласы бойынша жұмыс атқаратын компания жаңбырлатып суару қондырғыларын шығарумен айналысады.

Басқосуда сала мамандары өздерінің пікірін ортаға салды. Оларға жұмыс істеу үшін Тараз қаласындағы индустриалды аймақтан 50 гектар жер ұсынылған болатын. Өз сөзінде Асқар Мырзахметов облыстың ирригациялық жүйелерін ретке келтіру бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталып, 1,5 жыл бұрын құрылған механикалық жасақтың жұмысын айтып өтті. Айта кетерлігі, аталған жасақ күні бүгінге дейін 100,8 шақырымды құрайтын коммуналдық меншіктегі 21 канал мен 6 су қоймасын және 7 жеке шаруашылыққа қарасты каналдарға ағымдағы жөндеу, тазалау жұмыстарын жүргізген. Нәтижесінде Жамбыл облысы бойынша барлығы 6471 гектар суармалы алқаптар қалпына келтірілген.

Сондай-ақ Асқар Мырзахметов өңірде табысты іске асып жатқан «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» жобасының мақсаттарына тоқталып, аталған пилоттық жобаның бірінші бағыты – үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалану екенін жеткізді. Сонымен қатар жоба аясында қосымша 40 мың төрт түлік сатып алынатындығын айтып, Гиллен Робертке мал азығын дайындайтын егістік жерлерге су тарту ісі бойынша жұмыс жасау туралы ұсынысын білдірді. Компания өкілдері «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» пилоттық жобасының маңыздылығын ескеріп, бірлесе жұмыс істеуге дайын екендіктерін айтты.

 

Жамбыл облысы