• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Аймақтар 05 Ақпан, 2020

АӘК тағайындау тетіктері жүйеленді

195 рет
көрсетілді

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде атаулы әлеуметтік көмек тағайындаудың жаңа тетіктері мен форматтары енгізілгені мәлім. Осыған орай бірқатар жаңа заңнамалық актілер де қолданысқа енгені белгілі. Ендігі кезде жергілікті өкілетті органдар АӘК төлеуге қатысты өзгерістерді жүйелі түрде жүзеге асыруы қажет. Бұл тұрғыда Ақтөбе өңірінде қарқынды іс-қимыл байқала бастағанын айтқан жөн.

Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үй­лестіру басқармасы әлеуметтік ма­ңызы жоғары істі 2019 жылдың 31 желтоқсанына дейінгі АӘК бе­ру­дің жай-күйіне талдау жасаудан бастап отыр. Бұл кезде өңірде АӘК алушылар арасындағы ең­бек­ке қабілетті азаматтар жұ­мыс­­пен қамтудың белсенді шара­­ла­ры­на тартылды. Олардың қата­рын тұрақты жұмысқа орна­лас­қан­­дар мен ақылы қоғамдық қыз­мет­ке жолданғандар және әлеу­мет­тік жұмыс орындары мен жас­тар тәжірибесіне жібе­ріл­гендер құ­райды. Сонымен бірге осы ара­лықта облыста жаңа кә­сіби ма­ман­дықтарға әзірлеу үшін қысқа мер­зімді курстар ұйым­дас­ты­рыл­ған.

Атаулы әлеуметтік көмек беру­ге қатысты биыл қолданысқа ен­гі­зіл­­ген өзгерістер нөлдік циклдан бас­талмағаны белгілі. Сондықтан атал­ған басқарманың сарапшы мамандары алдыңғы жылдарда жинақ­талған тәжірибенің тиімді тұс­тарын АӘК-тің жаңа форматы жағ­дайында одан әрі пайдалана бергенді жөн санайды.

Былтыр өңірде осы оң істерге кереғар жайттар да орын алғанын жасырмаймыз. Бұл – бірқатар АӘК алушылардың өз табыстарын жасыру, формальды түрде жұмыс­тан шығу және жалған неке бұзу секілді теріс іс-әрекеттерге жол беру деректері. Анықталған тізім Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрлігі жа­нын­­дағы Еңбек ресурстарын дамы­ту орта­лығына жинақталған. Осы тізім­ге сәйкес облыста кірісі мен шы­ғысының арасында айыр­ма­шылығы бар АӘК алушылармен жеке түсінік жұмыстары жүргізілген әрі осы тұрғыда оңа­ша кездесулер өткізілген.

Соның нәтижесінде кірістерін жасырған 1505 отбасына төлем төлеу тоқтатылып, 1754 отбасына қайта есептеулер жүргізілді. Ал 229 отбасына тағайындалған төлем нақтылау барысында дәлел­денбегендіктен өзгеріссіз қал­дырылды. Сөйтіп аталған жұ­мыс­­тардың нәтижесінде жалпы саны 61 отбасына 51,1 миллион теңге артық әрі негізсіз төлен­ге­ні анықталып, бюджетке кері қайтарылды. Сонымен қатар облыс бойынша 2018 жылы 1 миллионнан 10 миллион теңгеге дейін кірісі бар 143 жеке кәсіпкер АӘК алушылар қатарының бел ортасынан орын алыпты.

Арнайы құрылған комиссия олардың әлеуметтік-тұрмыс жағ­дайларына қайтадан тексеру жүр­гі­зіп, табыстарының мөлшерін анықтады. Соның нәтижесінде 18 отбасынан 2 миллион теңгеден астам қаражат бюджетке кері қайта­рылды. АӘК тағайындаудың биыл қолда­ныс­қа енгізілген жаңа фор­маты жағ­дайында мұндай «әттеген-ай­лар­дан» тиісті сабақ ала білу қа­жет. Бұл мақсатта биыл облыста АӘК беру мәселесіне жариялылық қағи­дат­тарын ор­нық­­тыру үшін жаңа аймақ­тық жұ­мысшы тобы құрылды. Оның құра­мына Мемлекеттік кірістер және Ішкі істер мен Әділет де­парта­мент­тері, Прокуратура, Денсаулық сақ­тау мен Ауыл шаруа­шылығы бас­қар­малары және ақса­қалдар алқасы мен үкіметтік емес ұйымдар өкілдері ен­гізілген.

Сонымен бірге облыстың бар­лық ауданында учаскелік комис­­сия­лар­дың құрамы қайта­дан қаралып жасақталды. Қа­зір 161 учаскелік комиссия жұм­ыс­та­рын ойдағыдай жүргізіп келеді. Сөйтіп теріс іс-әрекеттерге жол бермеудің мүлдем жаңаша тың жолдары белгіленді. Сондай-ақ жұмысы жоқтық масыл­дық­қа әкелмеуі тиіс. Соған сәйкес әлеу­мет­тік келісімшарттар толты­рыл­ды әрі оларды жұмыспен қам­ту­дың белсенді шараларына тарту үшін ақпараттық жүйеге енгізу жұмыстары жүргізілді. Бұған қоса АӘК алушылардың кірі­сіне ассистенттер тарапынан ай сайын мониторингтік зерттеулер жасау тәртібі қолға алынды. Бұған қоса облыста атаулы әлеуметтік көмекке қайта есептеу жұ­мыстары жүргізілді,  дейді об­лыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бас­­қар­­масының басшысы Бұлбұл Елеусінова.

Тағы бір атап өтетін мәселе, биыл­дан бастап өтініш берушінің ма­териалдық жағдайын тексеру қо­ры­тындысы бойынша мемлекет тарапынан тағайындалатын атау­лы әлеуметтік көмекке мұқ­таж­­ды­ғын анықтау критерийі белгі­ленді. Сондай-ақ учаскелік комис­сия­лардың құрамы түгелдей қайта жаң­­ғыртылып, оларға заң­на­малық құ­қықтар бекітілген.

Облыс әкімінің орынбасары Марат Тоғжанов биылдан бас­тап учас­­келік комиссиялардың қызметі­­­не зор сенім артылып, үлкен жа­уап­­­кер­шілік жүктелгенін атап көр­сетті. Олар апта сайын АӘК-ке мұқ­­таж отбасылардың жай-күйі­мен толықтай танысып, кірісі мен шы­ғы­сын сарапқа салуда.

Иә, бұған дейін АӘК беру ісінде адам факторы да, сыбайластық сипа­тын­дағы көріністер де, бір­қатар түсініспеушілік дерек­те­рі де кездесті. Енді АӘК та­ғайын­дау­дың жаңа тәртібі мұндай заң­сыз­дық­тар­дың жолын кеседі деген сенім бар.

 

АҚТӨБЕ