• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Руханият 05 Ақпан, 2020

Білікті басшы болатын

2561 рет
көрсетілді

Тәуелсіз мемлекетіміздің қалыптасуы мен өсіп өркендеуіне елеулі үлес қосып, халқымыздың әл-ауқатының артуына атсалысып, әр салада белгілі биікке көтерілген елдің елеулі тұлғаларын қайраткер деп құрметтеп жатамыз. Солардың қатарында мемлекет және қоғам қайраткері, Парламент Мәжілісінің депутаты болған, еліміздің бірнеше жоғары оқу орнында ректорлық қызмет атқарған Әшімжан Сүлейменұлы Ахметовтің атының аталуы да ел ағасына деген халықтың берген бағасы деп қабылдауға болады.

Өмір өтсе де, жақсы адамның аты жадыңда сақталып, ұмытылмайтыны, керуен көші жыл­жыған сайын, уақыт өте келе оның даралығы, даналығы, тұлғалығының биіктей беретіні сөзсіз. «Таулар алыстаған сайын, биіктей түседі» деген даналық сөз дәл Әшекеңе арнал­ғандай  көрінеді маған. Тірі болса, биыл жетпіс жасқа толар еді... Мерейтойы ұйым­дастырылып, жақсы тілектер айтылар еді. Амал қанша, Әшімжан Сүлейменұлының тұлғалық келбеті, қоғамдағы орны туралы әріптестерінің әңгімелері бұқаралық ақпарат құралдарында еске алу сипатында жарияланып жатқаны жаныңа батады. Әрине бұл Әшекең туралы айтылар ойлардың басы ғана деп түсінгеніміз жөн. Өйткені оның Мәжіліс депутаты кезінде, нақтылай айтқанда, ғаламдық мәселеге айналып отырған жаһандық энерго-экологиялық мәселелерді Экология және табиғатты пайдалану комитетінің төрағасы қызметінде жүріп, еліміздің ертеңі үшін атқарған еңбегінің өзі ғылыми талдауларға, депутат әріптестерінің әңгімесіне айналарына мен сенімдімін. Ол жөнінде сөз қозғауды билік басында жүрген ел ағаларының еншісіне қалдырып, өзім жақын жүріп, жатық білетін жоғары білім беру саласындағы Әшекең атқарған елеулі істерге қысқаша тоқталуды жөн көрдім.

1999 жылдан бастап Әшімжан Сүлеймен­ұлының өмірбаяны Білім және ғылым минис­трлігі мен оның жоғары оқу орындары­мен тығыз байланысты. Қоғамдағы белсен­ділігі, ұйымдастырушылық қабілеті, тұжы­рымдамалар мен стратегияларды әзірлеуде Пар­ламентте жинақталған тәжірибелері ел бас­шылығы тараптарынан қолдау тауып, Үкімет қаулысымен Білім және ғылым вице-министрі болып тағайындалады. Ол кезде Ә.Ахметов мемлекеттік деңгейде білікті саясаткер ретінде танылған болатын. Минис­трліктегі жаңа лауазымдағы қызметін Әшекең әріптестерімен бірге «2010 жылға дейінгі білім беруді дамыту стратегиясын» әзірлеумен бастады. Атап айтқанда, қазіргі кезде іске асып отырған, жоғары білімді кәсіби мамандарды даярлаудың академиялық кредиттер жүйесіне негізделген 3 деңгейін қам­тамасыз ету — бакалавриат-магистратура-док­торантура (PhD), білім беру сапасын бағалаудың ұлттық жүйесін жасау сол кезде қолға алынған болатын. Жоғары заң шығару өкілетті органының өкілі болған Әшімжан Сүлейменұлы 2001 жылы 9 шілдеде Президент Жарлығымен бекітілген «Ғылым туралы» жаңа заңның қабылдануына өзіндік үлесін қосты.

Министрлікте жоғары білім беру саласына басшылық еткен Әшекеңнің мол тәжірибесін, кәсіби қабілетін ескерген Үкімет басшылығы аймақтағы жоғары оқу орындары әлеуетін көтеру және жоғары білікті кадрлармен нығайту мақсатында оны 2001 жылы Ш.Есенов атындағы Ақтау мемлекеттік университетіне ректор етіп тағайындаған еді.

Жоғары білім беру жүйесіндегі басты міндет­тердің бірі — сапалы білім беру мен қа­зақстандық студенттердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру негізгі  мәселелердің қатарына жататыны анық. Осы жерде батыс өңіріндегі қатардағы жоғары оқу орнын білікті жаңа басшы 3-4 жылдың ішінде ел аузы­на іліккен материалдық-техникалық базасы жетілдірілген, профессор-оқытушы құрамы қалыптасқан, жоғары деңгейлі университетке айналдырғанын, сол кездегі Жоғары білім беру департаментінің басшысы ретінде, министрдің арнайы тапсырмасымен өзім барып, егжей-тегжейлі танысқан, халықтың берген оң бағасына куә болған азамат ретінде айтып отырмын.

Шығыс Қазақстан мемлекеттік универ­ситеті де академик Ә.Ахметов ректор болып тағайындалғаннан кейін ТМД елдері мен шетелдегі көптеген жоғары оқу орындарымен орнатылған байланысты одан әрі жетілдіріп, білім беру мен ғылыми жұмыстарды ұштас­тыру, оқу тәрбие жұмысын жаңа бағытта ұйым­дастыру нәтижесінде жоғары деңгейге көтерілді.

Әшекеңнің басқарған үшінші білім ордасы – Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы болатын. Парламент депутаты болып жүрген кезде елімізде жаңа тұрпаттағы мемлекеттік қызметшілер даярлау туралы көтерілген мәселелерді енді ректор ретінде іске асыру мүмкіндігі туды. Қазақстанның бү­кіләлемдік Парламент ассамблеясындағы өкілі ретінде шетелдердегі білім-ғылым саласының өкілдері бас қосқан форумдар, симпозиумдар мен халықаралық конференцияларға қатыса жүріп әрі қазақстандық білім жүйесін әлемдік білім жүйесіне кіріктіру (интеграция) жөнінде айтылған ойларын академияда іске асырғанын айтуымыз керек.

Қатардағы аспиранттан академикке, қатар­дағы оқытушыдан бірнеше жоғары оқу орындарының ректорына дейін көтерілген ғалым өзінің нағыз жетілген шағында, толық­қан кезінде туған жерге – өзі студент болып табалдырығынан аттаған М.Дулати атындағы мемлекеттік университетке 2008 жылы ректор болып оралған еді. Ә.Ахметов жоғары білім жүйесін жан-жақты дамытуға, жаңа заманға лайықты тың көзқарастағы елімізге зәру білікті мамандарды даярлауға бағытталған озық технологиялық әдіс-тәсілдерді өмірге енгізуге мықтап атсалысты. Аса зор ұйымдас­тырушылық қабілетінің арқасында жоғары білім беру ордасы келбетінің айқын болуына бағытталған даму стратегиясын анықтап берді. Оқу үрдісінде озық тәжірибелер қалыптасты, студенттердің саны артып, мамандардың сапасы әлдеқайда биіктеді. Ол өзінің бүкіл қарым-қабілетін, пайым-парасатын, білімі мен тәжірибесін университеттегі білім беру сапасын әлемдік стандарттарға сәйкестендіруге ұмтылып, соны ізденістерді жүзеге асырып, үлкен жетістіктерге қол жеткізді.

Менің бір білерім, Әшекеңнің жоғарыда аталған үш университетте ректор ретінде ат­қарған ауқымды істерінің деңгейі қандай биік болса, Таразда атқарған істері сол деңгейден төмен түскен жоқ. Жаңалыққа жаны құмар Әшекең өзіне тән іскерлігімен, ерекше ойлау қасиетімен соңынан тек жақсы сөз ерткен абырой биігіндегі азамат еді...

Ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарындағы көшбасшы ректорларды еске алғанда, К.Нәрі­баев, Т.Садықов, М.Арынов, М.Жұрынов, Е.Шайхутдинов, С.Исаев, Н.Мамыров, К.Са­ға­диев, Қ.Сәбденов, Е.Мәмбетқазиевтың аттары бірден  алғашқылардың бірі болып аталу­шы еді. Олар еркін елдің болашағын айқындайтын жастарға қазақстандық білім берудің өзіндік үлгісін ұсынған тұлғалар болатын. Ал ХХІ ғасырдың бірінші он жылды­ғындағы жоғары білім беру жүйесінің ондық топ-менеджерлерінің қатарына академик Әшімжан Ахметовты ойланбастан қосуға болады. Өйткені ол еліміздегі жоғары білім беру жүйе­сін дамыту мен жетілдіру жолында аянбай еңбек етіп, бақытын білім мен ғылымнан тап­қан зиялы қауымның көрнекті өкілдерінің бірі еді.

«Біз өмірден өтіп кетсек, жұрт еңбектен ескерсін»  деген  өсиет сөзді өнеге еткен елі­міздің бірнеше жоғары оқу орындары белгілі ғалым, білікті басшы Әшімжан Сүлейменұлы Ахметовтың 70 жылдығына байланыс­ты еске алу мақсатында түрлі деңгейдегі ғы­лыми-теориялық, ғылыми-практикалық конференциялар мен дөңгелек үстелдердің күн тәртібіне оның жоғары білім және ғылым жүйесіне қосқан сүбелі үлесі, бәсекеге қабілетті кәсіби мамандар дайындаудағы және мемлекет басқару мамандарын әзірлеудегі тың ұсыныстары, елімізге қажетті заңдардың қабылдануына бастамашыл болғаны жайлы мәселелер қойылып отырғаны үлкен іс-шара екенін айтқымыз келеді. Тұңғыш Пре­зидентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының «Ғылым мен білімді екінші орынға қойған ел, ешқашан ешбір салада бірінші орынға көтеріле алмайды» деген қанатты сөзін қа­перінде ұстаған жоғары оқу орындарының бас­шылары осындай ғылыми жиындар өткізу арқылы Әшімжан Сүлейменұлының тұлғалық келбетін, басшылық бейнесін, қайраткерлік қасиетін, ұлтжандылық үлгісін ғылыми-методологиялық деңгейде негіздеп, дәйектемелер мен дәлелдер арқылы болашақ жас буын өкілдеріне жеткізгісі келгені бізді қуан­тады. Осындай жүйелі жұмыстар ел ардақ­тыларын ұмытпай есте сақтауға, олардың өне­гелі өмірін үлгі етіп, елімізді өркендетуде өз іс­терінде пайдасына жаратуға жол ашары анық.

Көрнекті ғылым қайраткері, ұстазым, академик Шора Сарыбаев «Алғаның жақсы болса, ақ сұңқар түлеп ұшады, алғаның жаман болса жүдеп ұшады» деп жиі айтушы еді. Шынында да, Әшекеңнің осыншама жетістікке жетіп, ел қайраткері қатарына қосылуына Қазақстан білім беру саласының құрметті қызметкері Дина Смайылқызының да еңбегі мол екенін айтпай кетуге болмас. Асыл жар, балаларының анасы, немерелерінің әжесі болып отырған жеңгеміз жоғарыда айтылған іс-шаралардың арасынан табылып, ұйымдастыру комитетінің мүшелеріне Әшекең жайлы қажетті тың ең­бектердің тізбесін жасауға, мұражайларға ұсынылатын экспонаттар әзірлеуде, өнегелі өмірбаяны туралы тың деректер, фото-бей­­не қорларын дайындауда үлкен көмек көр­сетуде. Осының өзі асылын ардақтаудың, дәстүр жалғастығын үзбеудің үлгісін көрсетіп тұрғандай болады маған.

Ізгілік пен адамдық сияқты қасиеттерді өз бойына түгел сыйдыра білген, пайым-пара­саты мол, өнегелі өмірі, таныта алған тағылымы талайларды тамсандырған ел ағалары бұл фәниден бақиға аттанып кеткен кезде, оны қимастықпен еске алған шақта көпшіліктің «ол жақсы кісі еді» дей­тінін жиі естиміз. Кеше ғана қасымызда жүрген абзал азамат, ардақты аға, мемлекет және қоғам қайраткері, еліміздің білімі мен ғылымының ұтқыр ұйымдастырушысы, белгілі ғалым, білікті басшы болған Әшімжан Сүлейменұлын да «жақсы кісі еді» деп өткен шақта сөйлеуге мәжбүрміз. Жоғарыда ай­тылған ғылыми жиындарда оқылатын баян­дамалар мен ғылыми пікірталастарда Әше­кеңнің әлі де біз айтпаған қырлары ашылары сөзсіз.

 

Кәрімбек ҚҰРМАНӘЛИЕВ,

 ҰҒА корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының вице-президенті