Сонау 80-жылдардың аяғы кезінде Ресеймен екі ортадағы шекара жоқ уақытта сол жақтағы ағайындарға жиі барушы едік. Саратов облысының Красный Кут ауданы Комсомол селосында қандастарымыз көп болатын. Олар бір-бірімен жақын туыстай араласып кеткен. Ағайындармен дастарқан басында болғанда селода дядя Максим атанып кеткен (дұрыс есімі Мақұлбек), сол кезде жасы 70-ке таянып қалған ағамен жиі кездесіп қалатын едік. Ағаның оң қолының үш саусағы жоқ болатын.
Ағайындар әңгіме арасында, «Мақұлбек үш саусағы жоқ болғандықтан соғысқа бармай, Саратовта еңбек армиясында жұмыс істеген, осы жақта үйленіп қалып қойған. Үш саусағының кесілуі – соғысқа бармаудың амалы-мыс» дегенді де айтатын.
Бір барғанда Мақұлбек ағаның үйіне әдейі кіріп, естіп жүрген әңгіменің дұрыс-бұрысын айтып беруін өтіндім. Аға үнсіз отырып қалды. Біраздан кейін ол, «Қарағым, бұл бір іште қатып қалған шемен еді. Өмірдің көбі кетіп, азы қалғанда іште сақтап неғылайын? Өтініш жасап отыр екенсің, ендеше айтайын», деп әңгімесін бастады.
– Кіндік қаным тамған жер Сыр өңірі еді. Әкем Қажығұл, анам Зияштан жалғыз ұл болатынмын. Жасым 17-ге келген кезде соғыс басталды. Ауылдағы ер азаматтар бірінен соң бірі майданға алына бастады. Біздің үй ішіміз колхоздың бір отар қойын бағып, құм арасында отыратын. Анда-санда әкем колхоз орталығына барып келгенде майданнан келіп жатқан Қара қағазды да айтып, күрсінетін. Ана шаңырақтың түтіні өшті-ау. Мына қарғыс атқан соғыс қашан бітеді? – деп қайталап айтып отырушы еді.
Соғыс екінші жылға аяқ басқанда менің құрбыларым да біртіндеп майданға шақырыла бастады. Осы уақыттардан бастап әкем біздермен сөйлесуді қойды. Көп ойланатынды шығарды. Бір күні мені құмнан отынға сексеуіл шауып алып келеміз деп ертіп шықты. Ойымда ештеңе жоқ, әкеммен ілесіп жүре бердім. Сексеуіл өскен жерге келгеннен кейін аттан түсіп, балта, шоттарымызды әзірлеп жатқанбыз. Бір уақытта әкем қасына шақырып алды. Жүзі қатуланып кеткен. Бұрын-соңды бұндай мінезін де байқаған емеспін. «Балам, оң қолыңды мына сандал ағашқа қой», деп бұйырды. «Неге әке?» деп сұрай бергенімде, «Қолыңды сандалға қой!», деп ақырып жіберді. Амалсыздан қолымды сандалға қойып, әкеме мойнымды бұрып қарай бергенімде оның қолындағы балта жүзі жарқ етіп көтеріліп барып, саусақтарыма қадалды. Көзім қарауытып, басым айналып талықсып кеттім. Бірте-бірте есімді жисам, әкем киізді өртеп, күлін кесіліп түскен саусағымның орнына басып жатыр. Саусақтарымды шүберекпен орап таңып тастағаннан кейін өзіме-өзім келгендей болдым. Қасымда үнсіз отырған әкем біраздан кейін сөзге келді. «Балам, мені кешір. Басқа амал жоқ, кіндіктен тараған жалғыз ұлсың. Қан майданға жібермеудің жалғыз жолы осы болды. Сенен айырылсам менің ұрпағым мәңгіге жойылады ғой. Алла Тағала бұл күнәмді кешіре гөр», деп еңкілдей жылап жіберді.
Арада біраз уақыт өткеннен кейін 43-тің қаһарлы қысында маған да әскерге шақырту қағазы келді. Аудандық комиссариат әрлі-берлі күмәнмен қарады-ау деймін, әсіресе саусақтарымның қалай кесілгені жөнінде ұзақ тексеріп барып, соғысқа жарамсыз, бірақ еңбек армиясында жұмыс істеуге болады деген анықтама берді. Содан кейін Саратов қаласына көшірілген зауытқа жұмысқа жіберді. Бұл жабық әскери зауытта мен сияқтылар айналасы мықты қоршау жасалған алаңда вагонмен келген жүктерді түсірумен айналыстық. Зауыт ішіне кіргізбейтін. Бір жыл жұмыс істегеннен кейін біздерді Саратовтың қасындағы Ртищево қаласына ауыстырды. Сол жерде майдандағы жауынгерлерге арнап, аяқ киім (керзі етік) тігетін фабрикада ерлер, әйелдер көп адам жұмыс істедік. Осында жүргенде фабрикада әріптес болған Рауза есімді башқұрт қызымен танысып, бас қостым. Жұмысшыларға арналған барактан бір бөлме алып, бірге тұрдық.
Жеңіс мерекесі болатын жылы ата-анамның дүниеден озғаны туралы елден хабар алдым. Қан майданға аттанбаса да жалғыз ұлдың алысқа кеткені оларға ауыр тиген болар деп ойлаймын. Біздерді соғыс бітсе де, бірден босата қойған жоқ. Осы жерде түрлі жұмыстарға салды. Тек 1946 жылы ғана біржола босап, Раузаны ертіп ауылға қайттым. Бұл кезде тұңғыш қызымыз бар болатын. Соғыстан кейін елдің әлі есін жия қоймаған кезі. Майданға аттанған ағалар да, менің құрбыларымның көпшілігі де соғыстан оралмаған екен. Осыны көргенде бойымды бір ауыр ойлар басқандай болды. Майданнан қайтпаған құрдастарымның алдында кінәм бардай сезіндім. Ойлана келе, кері қайтуды жөн санадым. Міне, 50 жылға жуық уақыттан бері осы жақта тұрып келемін. Иә, туған жердің орны бөлек қой. Сағынасың. Кейде ұл-қыздарым үйге жинала қалғанда оларға, «Мен дүние салғанда Сыр өңірінің қай жерінен болсын бір уыс топырақ әкеліп, зиратыма салыңдар. Ең болмағанда туған жердің топырағын иіскеп, жатайын», деп аманатымды айтып жүрмін. Қарағым, менің басымдағы жағдай осы еді. Әкемнің сол кездегі әрекетіне, «Неге бұлай істедің?» деп айта алмаймын. Жалғыз ұлды аман алып қалудың жөні осылай болар деп ойлаған болар. Кім білсін? Аға әңгімесін аяқтап, үнсіз қалды. Нұры тая бастаған жанарында жас тамшылары тұр екен.
Ағамен қоштасып үйден шықтым. Бойымды аяушылық сезімі биледі. Журналистік қызметке сай әуестікпен жан жарасын қозғап жібердім бе деген де ой келді.
Серік ЖҰМАҒАЛИЕВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
P.S. Осы бір кездесуге де 30 жылдай уақыт өтіп кетіпті. Осыдан 5 жыл бұрын Комсомол селосына бардым. Бәрі өзгерген. Үлкендер азайған. Селоның күншығыс жағындағы мұсылмандар зиратында жатқан жолдасымның ата-анасының басына барып, дұға бағыштадық. Сол зираттан Мақұлбек аға да мәңгілік мекенін тауыпты. Ұл-қыздары әкесінің соңғы аманатын орындап, «Сырдың бір уыс топырағын әкеліп, қабіріне салды ма екен?» деп ойладым. Сол бір уыс топырақпен бірге кіндігінің қаны тамған перзентіне Сырдың сылдырай аққан шуын әкелген болар деп ойладым. Мына бір жалған дүниеде ұрпағын сақтап қалу үшін тосын әрекетке барған әкеге Арыстанды-Қарабас желі мұңын жеткізіп тұрған болар... Иә, солай да болар... Бұл соғыстың адамдар жүрегіне салған жарасы ғой.