Әбдіжәмил Нұрпейісовтің «Қан мен тер» трилогиясы өткен ғасыр басындағы қазақ даласындағы саяси жағдайларды, әлеуметтік мәселелерді, адамдар арасындағы қарым-қатынасты үлкен толғаныспен кең ауқымда өрген ірі шығарма. Бұл шығармасы үшін жазушы Кеңестер одағының Мемлекеттік сыйлығын алды.
«Қан мен тер» ең алдымен орыс тіліне, сосын әлемнің бірнеше тіліне аударылып, жер шары атты ортақ үйіміздің тілі мен діні басқа болса да, жаны ізгілікті аңсағанда әдебиет айдынынан сусындаған оқырмандарының көпшілігінің қолына тиді. Бірақ сол оқырмандардың барлығы «Қан мен терді» жаны қазақ, қаны қазақ дәл өзіміздей түсініп, далалық болмыстан ажырай қоймаған кейіпкерлерін дәл біз сияқты жақсы көріп, шынайы аяп, шынайы қабылдай алмаған болар? Қалай десек те ірі саяси-әлеуметтік роман болған соң «Қан мен тер» өз заманында аса танымал болды әрі ол шығарманы оқымаған немесе трилогия желісінде түсірілген «Қан мен тер» көркем фильмін сол тұста көрмеген қазақ баласы жоқ болуы тиіс. Еламан мен Ақбаланың, Тәңірберген мен Сүйеу қарттың бейнелерін шынын айтқанда үйде немере бағып отырған менің шешем де ұмыта қойған жоқ.
Үлкен жазушының қаламынан шыққан әрбір бейне тасқа қашалғандай айқындығымен, көрнекілігімен көз тартады. Мұнда елеусіз образ жоқ. Трилогияның динамикасы өте жоғары. Динамиканың жоғарылығы, әрі қарай бәсеңдемейтіні «ә» дегенде-ақ көрінеді. Өйткені бірді бірге айдап салып, одан ләззат алатын, айтқан әңгімесінің әрі қарай дереу кішігірім болса да оқиғаға айналуын тілейтін Қарақатынның үйге сүйреңдей кіруі әрі қарайғы оқиғалардың «оңай» болмайтынын байқатып тұр. Ошақ басына жетіп сырттың өсегін жеткізетін немесе өсек айту үшін қайқы құйрығын бір қағып үй аралай жөнелетін Қарақатын жинақталған, әбден жетілген күшті бейне. З.Қабдоловтың «Сөз өнерінде» оған арнайы тоқталуының өзі көп нәрсені аңғартады. Сондай-ақ нәті жуас, болмысы адал Еламан, сырты сұлу, іші сұмпайы Тәңірберген, сөзге сараң, сезімге бай сұлу Ақбала, қандала шақса да, маса шақса да ойбайлап ес-ақылды алып жіберетін Судыр Ахмет, қара күш пен нәзік өнерді бойына тең дарытқан Кәлен, томырық Дос, сопысынған Алдаберген, несін айтасың, басқа да қаншама өзіне тән ерекшеліктері менмұндалап тұрған нағыз кейіпкерлерді жинақтаған осындай бай шығарма қазақ әдебиетінде бұдан кейін туа ма, жоқ па ол жағына сәуегейси алмаймыз. Бірақ ақтар қашып, қызылдар қуған тар кезеңге тән өте жоғары динамика ендігі шығармаларда болмауы да мүмкін.
Әбдіжәмил Нұрпейісовтің «Соңғы парызын» оқып шыққандағы көңіл-күйіміз мүлде бөлек. Адам жанының қалтарыс-бұлтарысы неткен көп еді дейсің. Адамның туабітті болмысы ақиқатқа, шындыққа іңкәр бола тұра неге бір-біріне қиянат жасайды деп налисың. Ақиқат, шындығыңыз белгілі бір уақытта санаулы пысық адамдардың қитұрқы іс-әрекеттеріне тәуелді болған сияқты рай көрсеткенімен, соңыра қарасаңыз, ешкімнің басына тұрақтамаған тәкаппар бақтың кейпіне еніп, соңы «ит тартқан терідей жырым-жырым» тіршілікті менсінбей кететін сияқты ма қалай? Қаламгердің Жәдігердің көзімен, Жәдігердің пайымдауымен берілген терең де нәзік психологизмі, яғни «Соңғы парыз» романы адам жанына үңілудің классикалық үлгісі іспетті.
Жалпы, өз басымыз қаламгердің қос шығармасынан біршама ұқсастық таптық. Оған қоса елеулі ерекшеліктерді де айтпай кетуге болмайды. Әрине алғашқысы ірі саяси-әлеуметтік мәселелерді арқау еткен үлкен шығарма. Екіншісі де одан осал емес. Мұнда да адамның жан дүниесінен бөлек Арал проблемасы бар. Тартылып бара жатқан Аралды, оған қоса нәпақа іздеп туған жерден қотарыла көшкен халықтың жан айқайын жеткізеді. Тіпті «Сондай да бір түн болған» бөлігінде мұз үстінде қалып, тіршілік үшін күрескен үшеудің әрекеті арқылы Желтоқсан оқиғасының астарын көруге де болатындай ма? Бірақ біз іздеген ұқсастық пен ерекшеліктер негізінен кейіпкерлер желісінен бой көрсетті. Болмыстағы артықшылық пен мінездегі міндер арқылы көрінді. Иә, екі түрлі әдіспен жазылған екі бөлек роман. «Қан мен тер» реализм әдісімен жазылған классикалық туынды. «Соңғы парыз» төл әдебиетімізде тәуелсіздік жылдарында пайда болған психологизм әдісімен өрнектелген көрнекті шығарма. Алғашқысында қаламгер оқиғаларды сырттай тізбектесе, кейінгісінде оқиғалар бас кейіпкердің ішкі әлемінде өтеді. Кейіпкер сол оқиғаларға өзінше баға береді, өзінше жориды. Рас, алғашқы шығармада кейіпкерлер өте көп. Кейіпкерлер галереясы өте бай. Соңғысында санаулы ғана кейіпкер бар. Екі шығармада екі бөлек заман, екі бөлек қоғам. Сөйте тұра болмыстағы артықшылық пен мінездегі міннен де бөлек ұқсастықтар ретінде оқиғалардың бір өңірде өтуін атауға болады. Жер-су аттарындағы ұқсастық. Мысалы, Арал, Бел-Аран, Қаратүп сияқты атаулар қос романда да кездеседі. Екі шығарманың да кейіпкерлері адай, жақайым, әлім руларының кісілері. Қос шығармадағы да негізгі персонаждар балықшылар. Бас кейіпкерлер жөнінен айтқанда да «Қан мен тердегі» Еламан мен «Соңғы парыздағы» Жәдігер бір-біріне өте ұқсас бейне. Екеуі де жуас, адал, еңбекқор адамның символы. Тәңірберген мен Әзім ұқсайды. Серіліктері, мансапқұмарлықтары, кісіге жоғарыдан төмен қарай астамси қарайтындарына дейін ұқсас. Сондай-ақ күйеуі істі болып, абақтыға жабылғанда сүйгенімен қашып кететін Ақбала мен күйеуін тастап алғашқы жігітімен қосылуға ниет еткен Бәкизат бейнесіндегі ұқсастық та «менмұндалап» тұр. Судыр Ахмет пен Сары Шая бейнесіндегі ұқсастықты та ешкім жоққа шығара алмаса керек. Бірақ жоғарыда айтқанымыздай трилогиядағы кейіпкерлердің бәрі тастан қашап жасалғандай айқын, классикалық бейнелер де, соңғы шығармадағы кейіпкерлер ұқсастырылған, әлсіздеу бейнелер сияқты әсер береді. Бұл «әлсіздіктің» сырын өз басымыз кеңестік жүйеден іздедік. Орталық комитетке, бесжылдық жоспарларға тәуелді адамдардың мінездеріндегі үлкен мін ретінде еркектің боркеміктігі, шарасыздығы алынған. Тіпті алдыңғы шығармадан мына шығармаға «тірі жеткен» Адай шалдың өзі Жәдігердің қас-қабағына қарап жаутаңдайды. Қызметінен алынған Әзім досының әйелі Бәкизаттың қойнына «тығылады». Жәдігер жалғыз қалып, мұң кешуге мәжбүр. Айтар сөзін дер кезінде айта алмайды. Жасауы тиіс әрекетті жасай алмайды. Қысқасы, мұндағы кейіпкерлер шідерлеулі аттар сияқты. Ал «Қан мен терде» қандай еді? Ең бір жуас деген Еламанның өзі намысын таптатпайды. Балықшыларға тізесі батқан Федоровты өлтіріп қасқайып қарап тұрмай ма? Еламан бастаған Кәлен, Тәңірберген, Қаратаз, Ебейсін, Жасағанберген, кіші Федоровтар бұлардың бәрі шетінен көкжал сияқты күрескер адамдар. Олардың әрекеттерінен еркіндіктің исі аңқиды. Қырдың кәдімгі еркін адамдары...
Нағыз жазушы өз заманының кейіпкерлерін сомдайды деп жүрміз. Өзі өмір сүрмеген қоғамның адамдарына тән мінез-құлықты, болмысты суреттей алатын қаламгерлерді хас талант десек жарасатындай. Ондай қаламгерлер бізде өте көп емес екені де белгілі. Сол санаулылардың бірегейі Әбдіжәмил Нұрпейісовтің шығармалары қазақ әдебиетінің інжу-маржандары қатарында әлі талай-талай зерттеуге нысан болатыны анық.