• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Парламент 11 Ақпан, 2020

Мәжілісте су тасқыны кезеңіне дайындық мәселелері қаралды

165 рет
көрсетілді

Бүгін Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінде авариялық-құтқару қызметтерінің жұмысын реттеудің проблемалы мәселелері және көктем мезгілінде орын алатын тасқынның алдын-алуға арналған тақырыптық отырыс өтті. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жиында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын қарау шеңберінде Қазақстан Республикасында авариялық-құтқару қызметтерінің жұмысын реттеудің проблемалы мәселелері туралы және 2020 жылдың көктем кезінде тасқын қауіп-қатерлердің алдын алу және жою бойынша қызметтердің дайындығы мәселелері қаралды.

Отырыста Мәжіліс депутаты Б. Хаменова бүгінгі таңда заң жобасының таныстырылымы және жұмыс тобының 7 отырысы өткізіліп, заң жобасын талқылау барысында елімізде жұмыс істейтін авариялық-құтқару қызметтерінің қызметін құқықтық реттеу, олардың мәртебесі мәселелері және осы саладағы басқа да проблемалар депутаттар мен жұмыс тобы мүшелерінің ерекше қызығушылық туғызғанын атап өтті.

Сонымен қатар Б. Хаменова заң жобасында өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы кәсіби авариялық-құтқару қызметтері орындайтын жұмыс түрлері нақтыланғанына тоқталды. Олар – тау-кен құтқару, газдан құтқару, бұрқаққа қарсы жұмыстар.

Депутаттар авариялық-құтқару қызметтеріне қатысты нормаларды жақсарту және нақтылау бойынша ұсыныстар енгізген. Қазір бұл ұсыныстар жұмыс тобының отырыстарында талқылануда және уәкілетті орган – Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен бірлесе отырып пысықталу үстінде.

Бүгінгі таңда 80 жылдан астам уақыт бұрын құрылған Қазақстандағы ең көне авариялық-құтқару қызметтерінің бірі осы министрліктің Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметі 2018 жылдың соңында «Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне сатылған.

Мемлекеттік меншікті сатып алу жүзеге асырылды. Осылайша, авариялық-құтқару қызметтері бәсекелес ортаға берілген. Осыған сәйкес, депутатар уәкілетті органдармен жоғарыда аталған заң жобасы тұрғысынан кәсіби авариялық-құтқару қызметтерінің жай-күйі мен проблемалық мәселелерін талқылады.

Отырыс барысында Ішкі істер министрінің орынбасары Ю.Ильин депутаттар алдында азаматтық қорғау мемлекеттік жүйесі басқару органдарының, күштері мен құралдарының су тасқыны кезеңіне дайындығына тоқталды. Атап айтқанда, ағымдағы жылы «Қазгидромет» РМК алдын ала консультативтік болжамына сәйкес, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында және Нұр-Сұлтан қаласында су тасқынына байланысты қауіптер бар.

Елді мекендерді көктемгі су тасқынынан қорғау үшін «2017-2020 жылдарға арналған су тасқыны қауіп-қатерлерінің алдын алу және оларды жою бойынша шаралар кешені» Жол картасы жүзеге асырылуда, онда 521 іс-шараны орындау көзделген. Үш жыл ішінде жол картасының іс-шараларын іске асыру 1046 елді мекеннің 724-і үшін қауіп-қатерді азайтуға мүмкіндік берді.

2017-2019 жылдар аралығында 515 шақырым қорғау бөгеттері мен біліктері салынды, 508,1 шақырым қорғау құрылыстары жөнделді, 537,1 шақырым су тасқыны қаупі бар өзен арналарын жағалауды бекіту, түбін тереңдету және түзету бойынша жұмыстар жүргізілді.

Су тасқыны жағдайының ықтимал асқынуына ден қою үшін авариялық-құтқару бөлімшелерінің күштері мен құралдарының тобы құрылды. Осыған сәйкес, халықты хабардар ету мәселелері де пысықталған.