2050 жылға қарай Жер шарындағы халықтың үштен екісі қалаларда өмір сүреді. Қазір күн сайын шаһарларға 180 мыңдай адам көшіп жатыр. Дамыған мемлекеттерде қалалықтардың саны жылма-жыл 60 млн адамға көбеюде. Мұндай деректі БҰҰ Дүниежүзілік банктің болжамына сәйкес келтірді. Осы ретте адами капиталды дамыту индексі бойынша Қазақстан 200-ге жуық елдің арасында 50-орынға тұрақтаған-ды. БҰҰ ДБ бұл көрсеткішті денсаулық сақтау, білім беру және басқа да салалардағы негізгі жетістіктермен байланыстырып отыр. Соған қарамастан отандық талантты мамандардың шетелге миграциясы тоқтамай тұр.
Адами капиталды дамытуда өсім байқалды
Кез келген мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуы қалалардың өркендеуімен тікелей байланысты. Бұл ежелден қалыптасқан аксиома. Ал осыған әсер ететін бірден-бір фактор – урбандалу процесі. Қазір әлем халқының 3 млрд-тан астамы қалаларда өмір сүруде. Алайда мына нәрсені ескеру қажет. Бұл үрдіс тек тиімді басқару мен дұрыс жобалаудың нәтижесінде ғана тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге көмектеседі. Ал стихиялық сипаттағы урбанизацияның теріс әсері жетерлік. Мәселен, қазір көптеген қалалық аймақтар ауылдық елді мекендердің құлдырау есебінен өсіп келеді. Яғни, тұрмысы нашарлаған ауыл халқының қаладан жұмыс іздеуіне тура келеді. Бұл қала инфрақұрылымына әжептәуір салмақ түсірсе керек. Демек, геометриялық тепе-теңдік сақталуы тиіс.
Әдетте ірі мегаполистерге қоныс аударушылар қалағанына қол жеткізе алмай, кедейлік тауқыметінің салдарынан жаңадан көшіп келген ағайын баспана мен қажетті инфрақұрылымның жоқтығына, сол секілді мүліктік құқыққа қатысты проблемаларға жиі ұшырап жатады.
Бұған қоса, автокөлік құралдарының күрт өсуі және экологияның нашарлауы күннен-күнге өзекті мәселеге айналуда. Осыған орай БҰҰ ДБ халықтың өмір сүру деңгейін жақсарту үшін тұрақты дамуға шақырып отыр. Халықаралық ұйым урбанизацияның тұрақты саясатын жүзеге асыру арқылы халықтың әл-ауқатын жоғарылатып, әлеуметтік жағдайды, қоршаған ортаны һәм экономиканы жақсартуға болатынына сенімді. Бұл тұста зерттеулерге сәйкес, экономикалық, экологиялық және әлеуметтік тұрақтылық сынды үш өлшем арасындағы тепе-теңдікті сақтау басты шарт. Сондай-ақ аталған мәселеде қалалардың әлеуетін арттыру үшін адами ресурсты тиімді пайдалана білген жөн дейді халықаралық сарапшылар.
– Қазақстанда 1990-2018 жылдар аралығында адамның даму индексі айтарлықтай өсті. Нақты айтқанда, өмір сүру ұзақтығының көрсеткіші өсіп, жан басына шаққандағы табыс 61,8 пайызға жоғарылады. Бұл әжептәуір жетістік. Десе де мұнымен тоқтап қалмай, әрі қарай жылжу қажет. Қазір қалалық ортада әлеуметтік теңсіздік мәселесі өзекті проблемаға айналды. Мысалы, ірі қалаларда инфрақұрылымы жақсы дамыған ауқаттылар тұратын аудандар кедей аудандармен іргелес орналасқан. Қазақстанның жағдайында және жаһандық деңгейде урбанизацияның беретін мүмкіндіктері көп. Қалалар экономикалық өсудің, инновацияның, жұмыспен қамтудың катализаторына айналуы тиіс. Заманауи инфрақұрылым, цифрлы технологиялар, білім беру жүйесі өркендеуге жол ашады. Оның үстіне қала халқының өсуі нәтижесінде экономикадағы өнімділік пен тиімділік көрсеткіші арта түседі. Өндірістік тұтынудың жаңа әдістері пайда болып, инновацияның деңгейі өседі. Сонымен қатар қалалық аймақтарды тұрақты өсуді қамтитын әлеуметтік трансформация зертханалары ретінде қарастырған абзал. Дегенмен бұл сонымен бірге жаңа қауіп-қатерді де туындатып отыр. Әсіресе ауаның ластануы, қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы түйткілдер, арнаулы қызметтердегі артық жүктеме, қалалық құрылыс бағытындағы жүйесіздік кейбір аудандарда қиындық тудыратыны анық, – деді БҰҰ ДБ-ның Қазақстандағы тұрақты өкілі Якуп Бериш.
Жасанды интеллект қиындық тудыруы мүмкін
Сыртқы істер вице-министрі Ержан Ашықбаевтың айтуынша, соңғы 18 жылда елімізде кедейлік деңгейі 6,5 пайыздан 1 пайызға дейін төмендеп, жан басына шаққандағы табыс көлемі 8 есе өскен. Әйтсе де, отандық дипломат елімізде түрлі деңгейдегі теңсіздіктің бар екенін жоққа шығармады. Бұл тек адам ұғымындағы дәстүрлі теңсіздікке қатысты ғана емес. Оған технологиялық контекст тұрғысындағы теңсіздікті жатқызуға болады дейді ол.
– Жоғарыда айтылған мәселелер тек теория жүзінде ғана қарастырылмау керек. Онымен іс жүзінде айналысқан жөн деп есептейміз. Бүгінде түрлі технологиялық жетістіктер адамзат игілігіне қызмет етумен қатар қауіп-қатер тудыруы мүмкін екенін де естен шығармаған дұрыс. Тұрақты даму бірлескен әрекеттерді және көлемді инвестицияны қажет етеді. Сонымен бірге бұл мемлекеттік органдарға, бизнеске, үкіметтік емес ұйымдарға үлкен міндет жүктейді. Әлбетте оны жұмыла іске асыруға болады, – деді Е.Ашықбаев.
Инфрақұрылым сапасы нашар
Жағымды көрсеткішпен бірге аталған бағытта кемшіліктер де жоқ емес. БҰҰ ДБ келтірген мәлімет бойынша еліміздің басым бөлігінде антропогендік ортаның, оның ішінде ғимараттардың, инфрақұрылымның, жолдардың, көлік жүйелері мен қоғамдық орындардың сапасы төмен болып шықты. Сол себепті антропогендік ортаны жақсарту ерекше назарды талап етеді. Неге десеңіз, адамның дамуы, яғни әл-ауқатының артуы осыған байланысты болса керек. Бұдан басқа ұйым сарапшылары Қазақстан аймақтарында адами ресурстарды дамыту индикаторларында теңсіздікті байқапты. Анығына тоқталсақ, Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары мен Павлодар облысында бұл көрсеткіш жоғары болса, Ақмола, Солтүстік және Оңтүстік Қазақстан облыстарының қалалық аудандарында төмен деңгейде.
Алдыңғы қатардағы шаһарлардың өзінде мүмкіндіктер толық пайдаланылмай келеді. Әсіресе ауыз судың, санитарлық ахуал мен жылудың сапасы көңіл көншітерліктей деуге келмес. Қоғамдық көліктердің жетіспеушілігі тұрғындарды жеке көліктерді қолдануға мәжбүрлейді. Бұл өз кезегінде кептелектер мен ауаның ластануына әкеліп соғады. Интернеттің жылдамдығы, халықтың тығыздығы, сондай-ақ жасыл белдеудің көлемі барлық 30 қалада әлемдік деңгейден едәуір төмен екені анықталды.
БҰҰ ДБ-ның штаб-пәтеріндегі Адами даму бойынша баяндама бөлімінің директоры Педро Консейсаоның айтуынша, соңғы жиырма жылда Қазақстанда жан басына шаққандағы ІЖӨ екі есеге өскен. 2010 жылдан бері өмір сүру көрсеткіші 10 жылға ұзарды. Бұл әлемдік үрдіспен пара-пар. П. Консейсао қазіргі жағдайды ескере келе болашақта кіріс теңсіздігіне әсер ететін факторларды анықтау керектігін жеткізді. Осы ретте табыс деңгейі шегінен тыс, денсаулық сақтау, білім беру және тағы басқа аспектілерді ескеру қажеттігін айтты.
Ауылға 900 млрд теңге беріледі
Осыдан екі ай бұрын өткен Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов Өңірлерді дамытудың 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасын таныстырған еді. Жаңа бағдарламада басымдықтар қалалық орталықтарды – төрт ірі агломерацияны және өңірлік урбандалған аймақтарды, сондай-ақ тірек және спутниктік ауылдарды дамытуға бағытталған деді ведомство басшысы. 4 ірі агломерациядағы (Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе және Шымкент қалалары мен оларға іргелес елді мекендер) халық саны 1 млн адамға артты. 2015 жылдан бастап урбандалу деңгейі 58,2 пайызға дейін өсті. Ұлттық экономика министрінің сөзіне сенсек, Орталық Азия елдері арасында Қазақстанның урбандалу деңгейі ең жоғары – 58 пайыз. Алайда ол Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдеріне қарағанда төмен. Бұл мемлекеттерде көрсеткіш – 77 пайыз. Урбандалу деңгейін 1 пайызға арттырғанда ІЖӨ-нің өсімі 0,12 пайызды құрайды, деді Р.Дәленов. «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде ауыл тұрғындарының 90 пайызы немесе 7 млн адам тұратын 3 477 ауыл жаңғыртылады. Барлығы 1,3 трлн теңге бөлу көзделген. Оның ішінде ауылдарды дамытуға 2026 жылға дейін 900 млрд теңге бөлу туралы мәселе қосымша пысықталып жатыр.
P.S. Елімізде 4 ірі агломерация бар. Олардың арасында бас шаһардың орны бөлек. Елорда еліміздегі урбандалу үрдісінің флагманына айналуы тиіс. Урбанизация бұл халықтың ауылдан қалаға үдере көшуін ғана білдіреді деп түсіну қате. Ірі шаһарлардың тұрақты дамуы тек маңайындағы тірек ауылдардың көмегімен жүзеге асады. Ауылдық елді мекендер алып қалалардың азық-түлік, сондай-ақ өндірістік қалқаны іспетті. Адамның ағзасы сынды осы екі әкімшілік құрылымның симбиозды жұмысының нәтижесінде урбанизация өз жемісін береді.