• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Таным 14 Ақпан, 2020

Ұстаз ұлағаты

1530 рет
көрсетілді

Ұлттың ұлағатын, халықтың кісілік келбетін айқындайтын құндылықтарды еркін меңгерген ерен тұлғалар қатарында тұрған даралардың бірі академик Рымғали Нұрғали еді.

Ол өзінің өзегі тың, өрімі әдемі, өресі биік зерттеулерінде сандық ұғым­ның сапалы жүйеге айналған інжу-маржандарды тілге тиек ете білді. Әде­би-сыни конью­к­туралардан биік­те тұр­ды. Қазақ сөз өне­рінде алғаш­қылар­дың бірі болып трагедия табиғатын та­ным­дық үлгіде тарамдап бақты. Өнердің эсте­тикалық нысанасын дөп басып, дәл тануға да алғашқылардың бірі болып құлаш сермеді.

Бүгінгі уақыт талабына, тәуелсіздік тұғырына, демократия принциптеріне сәйкес идея, пікір айтуға сонау тоқырау, саясат бұғауы үстемдік етіп тұрған кезең­нің өзінде Рымғали Нұрғалидың батыл қадам жасағанына көз жеткізуге болады. Әсіресе оның ғылыми объектісінің ең күрделі, маңызды, арналы саласына ай­налған М.Әуезов өміріне, творчес­твосына қатысты, классик жазушының тұңғыш романы «Қилы заманның» зерттелу, жарық көру тарихына байланысты деректер жылдар қат­парында қалған қызық қиырларға жетелейді.

Ол, әрқашанда, татымсыз таластар мен тәлейсіз тартыстардан, дәрегейсіз даулар мен сын көтермес сыпсыңдардан биік тұратын тұлға еді. Басына түскен тағдыр сындарына іштей күйзеліп, іш­тей қамығатын бейнетін басқаның ба­ла­масынан іздемейтін жұмбақ жан еді.­ Жұбаныш толасын – өз ғұмырын арна­ған, өзі еркін меңгерген әдебиет әлемінің күретамырын басудан табатын. Кешегі «жау» атанған жарық жұлдыздардың інжу-маржандарын тарих тозаңдарынан аршып, бүгінгі ұрпақтың ұлағат танымына айналдыруының төте жолдарын іздейтін. Жас кезінен жанына жебеу бол­­ған, жаратылысына демеу болған арыс­­тардың, Абайдан арқау тартып Әуе­зов­ке ноқта басын ұстатып кеткен кемел­дік­теріне сүйінетін, сүйініп жүріп олар­дың рухтарының құпиясына үңіле беретін, жарықтық.

«Алаш» ұранымен ұштасқан ұстаздық ұлағаты мен тәлімгерлік тәрбиесі өз биі­­гінен аласармаған қалпында санада сайрап жатыр, ол – «академик Рымғали Нұрғали ізі» деп аталады.

2010 жылғы ақпан айының 16 жұл­дызы біз үшін, қазақ әдебиеті мен ғы­лы­мы, мәдениеті үшін қайғы жамылған күн болып қалды. Бұл күні тарлан талант, ұлы ұстаз Рымғали аға өмірден озды. Бір апта бұрын ғана ортамызда жүрген академик Рымғали Нұрғали сонау Дубайда бақилық сапарға аттаныпты.

Мен үшін Рымғали ағаның орны бө­лек еді. Ғылым жолында да, өмір жолым­да да ақылшым болып еді. Туған інісі Айғалидан кем көрмей, ағалық қам­қорлығын аямап еді. Туған жері Семей по­лигонының аумағы екенін айтып сыр бөлісуші еді. Өмірден ерте кеткен ағасы мен екі інісінің, қарындасының жайын айтып мұңаятын. Бәрі де полигонның кесірі деуші еді. Өзін де сол поли­гонның зар­дабынан пайда болған түрлі сырқат мазалап жүргенін айтатын.

Ағаның қырық жылдан аса уақыт бойы университет аудиториясында оқы­ған лекциясы алдынан дәріс тыңдаған мыңдаған студенттердің жүрегінде ұялап, кө­ңіл­дерінде тоқылғаны сөзсіз. Шебер стиль, шешен тілмен өрілген дәріс мазмұны тың­даушы­сын ұйытып, сана­ларына әд­е­биет әлемінің қасиетін сің­дірген, Алаш рухын ұялатқан сәт­тер шәкірт көңілінен өшпек емес.

Қайран аға!.. Орны қалды ойсырап... Санадан өшпес бейнесі, жарқын мінезі, мейі­рімге толы болмысы қалды елестеп.

Студенттік шақ. Арман жете­гінде, қиял құшағында өт­кен күндер ғой ол. Біт­­пейтін пікір­таласқа, таусыл­майтын тал­пынысқа толы, өзіне тән қиын­ды­­­ғына қоса қызығы да мол жастық дәу­рен еді ғой, ол бір! Әртүрлі оқу орын­­дарын­да оқып жүрген дос-жаран, жол­­­дас-жора бас қосқан уақыттар­да сон­­дай пі­кірталас та­қырыптары­ның бірі­ әр мамандықтың артықшылығы, онда­ оқитын студенттердің ерекшелігі төңіре­гінде өрбіп жатар еді... Ол ке­зең­ қа­зақ тілінің қызмет аясы барын­ша аза­й­ып, соған орай қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының да өрісі шегі­не­ жете тарылған жылдар еді ғой. Тех­никалық, ауыл шаруашылығы, т.б. ма­ман­дық­тары­ның қазақ тілі мен әдебиетіне қа­рағанда мүмкіндігі мол, болашағы зор болып есептелетін, көпшілік көңілінде сон­дай пікір орныққан, психология қалыптасқан.

Біз, филология факультетінің қазақ тілі мен әдебиеті бөлімінде оқитындар ең әуелі ұстаздарымызбен, одан соң оқу объектімізбен мақтанар едік.

– Сендер мектепте оқыған қандай оқу­лық авторларынан лекция тыңдайсың­дар, кімдермен бетпе-бет кездесе ала­сыңдар? – деуші едік ол кезде бола­шағы «бұлыңғыр» көрінетін қазақ тілі мен әде­биетіне кемсіте қарайтын өз­ге мамандықта оқитын дос­тарымызға іштей жасыған көңілден сыр бермей. Әрине олар тосылып қалар еді.

– Ал біз мектеп оқушы­ларына ар­нал­ған қазақ тілі, қазақ әде­биеті оқу­лық­тарының авторлары М.Балақаев, І.Ке­ңес­баев,­ К.Ақанов, С.Қирабаев, М.Базар­баев, Б.Сахариевтердің лекция­сын тыңдаймыз, кездесулерде әң­гіме, естелік­терін естиміз. Ор­­та мектеп оқу­лы­­ғына енген Абай, Сұлтанмахмұт, С.Сей­фуллин, Б.Май­лин, І.Жан­сүгіров, С.Мұ­­қанов, М.Әуезов, Ғ.Мүсі­репов, Ғ.Мұс­­тафиндер туралы зерттеу­лер жүр­­­­­­­­гізген, ғы­лыми еңбек­тер жаз­ған,­ Абай мен Сұлтанмахмұттан кейін­гі қаламгерлермен қоян-қолтық қыз­мет­тес болған, тағылымын алған Б.Кен­же­баев, М.Қаратаев, Т.Нұртазин, Б.Ша­лабаев, Х.Сүйіншалиев, Т.Кәкі­шев, З.Қабдолов, С.Садырбаев, М.Жол­дасбеков, Р.Нұрғалиев, т.б. ғалымдар­дан тікелей дәріс аламыз, әсерлі әңгіме­лері­не­ қанығамыз, – деп таңдаған маман­ды­­ғымыздың мәртебесін өсіруге тырысамыз.

Шындығы да солай еді. Қазақтың тұңғыш университетінде ол кезде дәріс беретін республикаға белгілі ұстаз-ғалымдардың барлығын айтпағанның өзінде, «көзі тірісінде-ақ ғылыми жаңа мектеп қалыптастырған» Бейсенбай Кенжебаевтың алдынан тәрбие алу, Мұхтар Әуезовтің өзі болмаса да ұлы тұлғаның тағылымын бойларына терең сіңірген шәкірттерінен Әуезов үнінің әсері жадыларынан әлі өше қоймаған уақытта лекция тыңдау, Т.Нұртазин тәрізді профессордың телегей білім, терең талдау үлгісінде оқылатын дәрісіне қанығу біздің буынның бақытына қарай кездескен мүмкіндік деуге болады.

Осындай асыл ұстаздардың ішіндегі біз айтқан пікірдің айқын айғағындай, нақты мысалындай болып, сол ұлағатты ортаның жиырма бірінші ғасыр басындағы ұрпаққа үнін жеткізер, мұңын шертер көзіндей болып күні кешеге дейін ортамызда жүрген айтулы тұлғалардың бірі – Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының академигі, Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың және гуманитарық ғылымдар саласы бойынша берілетін Шоқан Уәлиханов атындағы бірінші дәрежелі сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Республикасы ғылымы мен техникасына еңбегі сіңген қайраткер, филология ғылымдарының докторы, профессор Рымғали Нұрғалиұлы.

Өзгелерді қайдам, мен үшін ұлы есім, өмірімдегі ең жақын адамға, ардақты жанға айналған, ара-қатынасымыз ұстаз-шәкірттен аға-інілікке, аға-ініліктен достыққа ұласқан аяулы Рымғали аға – Рекеңмен алғаш рет «Жұлдыз» журналында жарияланған мақаласы арқылы сырттай таныс болдым. «Жұлдыздың» 1968 жылғы бір санында жазушы Жекен Жұмахановтың «Cоқпақ соңы» повесі туралы сын мақаласы шықты. Оқып шықтым. Мақаланың ең әуелі көркем шығармадай оқылатын әсем нақышты тілі әсер құшағына бөлеп, бау­рап алды. Шығарманы талдау тәсілі, тереңіне бойлап, астарлы ойларды ашуы, оқырманның шығармаға құштарлығын оятатын ой-тұжырымдары ерекше әсер­лендірді. Мақаланың ықпал еткені сонша, артынша «Cоқпақ соңын» тауып­ алып оқыдым. Көп ұзамай аудан орталы­ғына жолым түсті. Әдеттегідей үлкен кітап дүкеніне кіріп жаңа шыққан кі­таптарды іздей бастадым. Әрине ол кезде бі­рінші кезекте іздейтініміз көркем шы­ғармалар екені рас. Сөредегі тізілген кітап­тарды шетінен көріп келе жатқанда «Трагедия табиғаты» атты кітапқа көзім түсті. Авторы «Жұлдыздағы» мақаласы арқылы Жекен Жұмахановтың повесін оқуға еріксіз «мәжбүрлеген» Рымғали Нұрғалиев екен. Ескі танысымдай көзіме жылы ұшырай кетті.

Сол жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) филология факультетіне түсіп, арман орындалғандай болды.

Ол жылдардағы тәртіп бойынша жыл­ сайын студенттер күздің алғашқы ай­ларында ауыл шаруашылығы жұмыс­тары­на көмектесіп, егін жинауға қаты­сатын. Сабақ содан кейін басталады. Біз де сөйттік. Студенттік өмірдің алғашқы сәттері. Жоғары мектеп жүйесіне қа­тысты біз үшін бұған дейін бейтаныс терминдер, тосын атаулар: аудитория, лек­ция, семинар, курстық жұмыс, семестр. Олар жайындағы алғашқы түсі­нік, алғашқы пайым қат-қабат өріліп, қатарласа санаға сіңіп жатты. Сабақ кес­тесінен қандай пәндер жүретінін, қай пәннен кім беретінін жазып алдық. Сабақ берушілердің біреуі Рымғали Нұрғалиев екен. Таныс есім, таныс фамилия тағы да жылы ұшырай кетті...

Міне, өзге де курстастарыммен бірге қа­зақ әдебиеттану ғылымының көшбас­шыларының бірі, көрнекті әдебиет зерттеушісі, сыншы, жазушы, энциклопедист ғалым, көптеген мәртебелі атақтар мен биік лауазымдар иесі болған, сан қырлы талант, ұлт мақтанышы Рымғали Нұрғалиевпен жақындықтың алғашқы жүздесу сәті осылай болып еді. «Туған ай тураған етпен тең» дейді халық даналығы. Қалай дәл айтылған теңеу? Содан бері де аттай елу жылдан аса мезгіл өтіпті-ау. Зулаған күндер, жылжыған жылдар білдірместен артта қала беріпті. Оны осындай еске түсірер себеп-жайларда ғана аңғарғандайсың.

Сол студенттік кезден ғылым жолына түсуіме ықпал етіп, курстық жұмыс­қа жетекшіліктен докторлық дис­сертацияға кеңес­шілік жасауға дейін үздік­сіз жалға­сып келген жақындық ая­сында ұстаз бойын­дағы өз әлімше сезіп білген, көзбен көрген, талай рет куә болған асыл қасиет­тері, талант қыр­лары, қабілет-қарымы, адамгершілік пен азаматтық келбеті туралы ұзақ-ұзақ толғауға болар еді. Алайда ұстаз-ағаны етене жақын сезініп кеткендіктен бе, ол жайында ақтарыла жазуға үнемі имене беремін, тартына сөйлеймін.

Дей тұрғанмен әдеби орта, зиялы қауым жақсы білетін, алдынан дәріс алған жүздеген шәкірттеріне де белгілі ұстаз келбетінің кейбір тұстарын қайталап айтудың артықшылығы жоқ деп білемін. Осы орайда Р.Нұрғалиев талантының алғаш ауызға ілінер ерекше бір қыры – оның лекторлық шеберлігі. Біздің топқа Рекең бірінші курста «Әде­биет­тануға кіріспе», төртінші, бесінші курстарда «Қазақ әдебиеті тарихы» пәнінің кеңестік кезеңінен және арнау­лы курстар бойынша дәріс берді. Біз оқуға түскен жылдары «Әдебиеттануға кіріспе» пәні бойынша қазақша оқулық жоқ болатын. Зекеңнің «Сөз өнері» кітабы әлі шықпаған кез. Бірінші курстың алғашқы күндерінен оқытылатын «Әдебиеттануға кіріспе» пәнінен лекция оқитын Р.Нұрғалиев шәкірт көңілін бірден-ақ баурап алып, әдебиет әлеміне деген құштарлығымызды бұрынғыдан да арттыра әсемдік әлемінің гүлзар бағына енгізіп жібергендей болды. Әдеби болмысты түсіндіруінде қазақ әдебиеті шеңберінен әлдеқайда әрі асып, әр мысалын орыс және әлем әдебиетінің озық үлгілерімен сабақтастыра түйіндеп, ағыл-тегіл сөйлегенде лекция жазуға әлі дағдыланбаған, жүйелі ой қорытуға қалыптасып үлгермеген біз абдырап қалушы едік. Тума талант, қабілет-қарымына орай жинақтаған терең білімі, философиялық тұжырымды ойлары шешен тілмен көмкерілгенде айызымыз қанып, қанаттануға қоса, бұған дейін ештеңе оқымағандай күйге түсетінбіз. Рекең қандай тақырыпта лекция оқыса да студенттердің ынтасын тудыра, нәрлі ой тұжырымдарымен әсерлендіре, өзінің жазу мәнеріндегі көркемдікті әлсіретіп алмай сөйлейтін, үнемі шабыт үстінде жүретіндей көрінетін. Ол оқыған лекция­ларда тіпті трафарет тәрізді есептелетін жазушы өмірбаянының өзі өзгеше стильде, өзгеше өрнектеле баяндалып, көркем образ деңгейінде тыңдалатын.

Бұл құбылыс Сәкен, Ілияс, М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов тақырыптары өтілгенде ерекше көрініс табатын. М.Әуезовтің өмірі мен шығармашылығы тұсында аса бір сүйіспеншілік сезім мен шабытты күйде болды. Ұлы жазушыға арналып бірнеше күн бойы оқылған лекцияда «Абай жолы» эпопеясына көп орын берілді. Эпопеяның жазылу, жарық көру тарихын баяндай келе, ондағы образдар әлемі, кейіпкерлер болмысы, құрылымдық сипаты, табиғат құбылысы, мінез бен портрет, т.б. толып жатқан мәселелер жайында жеке-жеке талдай отырып ойын жинақтай сөйлегенде кітапта суреттелетін бар әлем қайта жаңғырып, жан бітіп көз алдыңа келгендей болатын. «Эпопеяда кейіпкер көп. Үш жүзге тарта кейіпкер бар... кітапта аянышты тағдыр көп. Иіс кемпір, оның баласы Иса, немересі, т.б...» деп алып әр алуан кейіпкерлер тобының басты тұлғалары, түрлі тағдыр иелері, көркем бейне ретінде олардың өзіндік орны мен көтерер жүгі жайлы жіліктеп талдап кетер еді.

Романда боран, жауын, қыс, жаз, көктем, күз, т.б. алуан түрлі құбылыс, қилы іс-әрекеттің мол көрініс табатыны, оның бәрі де қазақ өміріне байланыс­тырыла суреттелетіні, белгілі бір автор­лық мақсатқа қызмет істеуге, шығар­маның идеялық мазмұнын ашуға жұмыл­дырылатыны туралы айта келіп, сол әртүрлі құбылыс, іс-әрекеттің әрқайсысына жеке тоқтала отырып, оларға байланысты роман ішіндегі өзіне керекті детальдар, оқиға, сюжетті жатқа айтып, ой маржанын төгілте баяндайтын. Бұрынырақ оқыған эпопеядағы ұстаз келтірген дерек, детальдарды аңғармағаныңды, не ұмытқаныңды сезініп, қайта оқығың келіп кетуші еді.

Әсіресе «Абай жолын» кең тыныспен талдап түсіндіру барысында романның екінші кітабының аяғындағы эпилог арқылы түйінделген ойларды жеріне жеткізе зор шабытпен толғаған тұстары әлі күнге көз алдымда, көңілімнен өшкен емес. Эпилогтағы Мұхтар Әуезовтің қалам қуатымен өрілген әуезді әсем ырғақты сөйлемдер лектор Рымғали Нұрғалиевтің құ­лаққа жағымды қоңыр үнімен тың­дал­ғанда оқылғаннан әлдеқайда әсерлі еді.

Жеті жарым беттен тұратын эпи­логтың кей тұстары «Ақшоқыда туған өлең мен ән, сан салалы жырлар көшіріліп жатталып, әуендеп толқып, тарап жатты. Алуан сырлы жаңа сөз Арқаның қоңыр желіндей жай жылжып, бірақ кең жайылып тарады...

Ақшоқыда туған өлең, өлең мен ән жатталып, көшіріліп, әуендеп толқып Ералыға жетті...

Ақшоқыда туған өлең, өлең мен ән көшіріліп, жатталып Мұхаметжан әуенімен Ұлжан аулына жеткен еді...

Ақшоқыда туған ән жатталып, сол күндердің бір кешінде ұйқысыз жатқан Құнанбайдың құлағына жетті...

Ақшоқыда туған өлең, өлең мен ән жатталып, әуенге қосылып, кең атырапқа тарап жатты. Даланың қоңыр желіндей, жай соққан самалындай лүпіп-толқып, Тобықты жайлауларын түгел шарпып өтті...» тәрізді болып белгілі бір тіркестің қайталануы арқылы басталып отыратын, бірақ әрқайсысы жаңа мазмұнға құрылып, бірін-бірі толықтыра түскен бірнеше абзацтық мәтінді жатқа айтып, шығарма түйінін берудегі жазушы шеберлігін ғылыми терең пайыммен, философиялық толғаммен тұжырымдап, шешендікпен жеткізе, кестелі тілмен баяндаған тұста Абай-Мұхтар, Мұхтар-Рымғали әлемі болып тұтасып, жарасым тапқандай көрінер еді.

Бұлар арқылы қазақ әдебиетінің үш дәуірі бірімен-бірі жалғасқандай, бір нүктеде түйіскен үш дәуір болып, бір ниетте ұласқан үш тұлға күйінде ұлт ұраны, қазақ үні, қазақ сөзі, қазақ ойы болып, бірін-бірі демеп, болашақ бойлығына жол тартқандай.

Қазақ әдебиеттану ғылымының аса көрнекті тұлғасына айналған Рекеңнің ғалымдық таланты, зерттеушілік қа­білеті, сыншылық өресі өз алдына бір төбе. Сонау студент кезінің алғашқы жыл­дарында-ақ ғылым-білімге деген ынтасын, қабілет, дарынын бірден байқатып, ұстаздар назарын өзіне аудара білген ол қазақ әдебиеттану ғылымының қайсар қайраткері, бойына сіңірген Алаш рухын бір сәтте өшірмеген дана ұстаз Бейсенбай Кенжебаевпен бірігіп «Сабыр Шарипов. Өмірі мен творчествосы» (1961) атты кітаптың авторы болғаннан бастап қазақ әдебиетінің тарихына, теориясына, жеке жанрлық, т.б. көкейкесті мәселелері мен әдебиетіміздің дара тұл­ғаларының шығармашылығына арналған монография, сын, зерттеулерден тұратын қазақша, орысша басылған ондаған іргелі ғылыми еңбектер, публицистикалық және прозалық туындылар берген академик Р.Нұрғалиевтің энциклопедиялық біліммен қаруланған кең шеңберлі ғалым ретінде ғылымның биік тұғырына көтерілгенінің куәсіміз. Оның қаламынан туған «Трагедия табиғаты» (1968), «Талант тағдыры» (1969), «Күретамыр» (1973), «Өнер алды қызыл тіл» (1974), «Өнердің эстетикалық нысанасы» (1977), «Поэтика драмы» (1979), «Айдын» (1985), «Телағыс» (1986), «Қазақ революциялық поэзиясы» (1987), «Древо обнавления» (1989), «Арқау» 2 томдық, «Әуезов және Алаш» (1997), «Вершины возвращенной литературы» (1998), «Сөз сыры» (2000) тәрізді ғылыми еңбектері мен «Дән» (1977), «Ай қанатты арғымақ» (1990), т.б. прозалық туындыларының қай-қайсысы да өз кезіндегі бұрын көтерілмеген мәселе бойынша жаңалығымен, бұрын айтылмаған тұжырым, ашылмаған тұстар төңірегіндегі соны ойлармен, тың тақырып, соны бағытымен құнды, бүгін де таптырмайтын кітаптарға айналған, келер ұрпаққа мағлұмат жеткізетін, қазақ әдебиеттану ғылымындағы көп жаңа көзқарас, идея­лардың бастау көзі болғандығын көрсете алатын, көркемдік қуаты мол, ғылыми деңгейі жоғары, философиялық ой-тұжырымдары терең, мәнді еңбектер.

Осындай қордалы тақырыптарды қопарып құнарлы ойлармен түйінделетін кітаптар жазуға қоса ғылыми мамандар даярлауға қосқан үлесі қаншама!?

Оның ғылыми жетекшілігімен және оппонент болуымен диссертация қорғаған бір­неше ондаған ғалымдардың ішінде фи­лология ғылымдарының докторлары­ Ш.Елеукенов, М.Мырзахметов, У.Қа­ли­­жа­нов, С.Дәуітов, Қ.Әбдезұлы, М.Хам­зин, С.Байменше, Д.Мәсімханұлы, С.Тапанова, М.Шындалиева, А.Ищанова, С.Дауытова, А.Әлтай, Ж.Жарылғапов, фи­­ло­логия ғы­лымдарының кандидаттары Л.Әділ­бекова, Р.Шаханова, З.Тайшыбаев, Ш.Уәл­иханов, Г.Орын­ханова, т.б. сияқты рес­публикаға белгілі қоғам қайраткерлер, түр­лі мем­лекеттік құрылымдар мен жо­ға­ры мектептерде ұстаздық етіп жүргендер бар.

Ол өз мамандығы саласында білім­паз ғалымдығына орай тәуелсіз Қазақ­станның ғылыми дәреже мен атақтар бе­ретін тұңғыш жоғары аттестациялық коми­тетінің мүшесі болып, филология ғылымдары бойынша сараптау ко­мис­сиясының төрағасы ретінде жаңа ұйымның бекіп, орнығуына іскерлікпен атсалысты, ғылым жолындағы талай азаматтардың тағдырын шешті.

Бір мүшелге жуық уақыт, он екі жылдай Қазақ энциклопедиясын басқару барысында ұлт мүддесін көздейтін, ұрпаққа қызмет істейтін сан алуан озық идеялардың, жақсы бастамалардың ұйытқысы болып, оның жүзеге асуы үшін барынша тер төгіп, мол қажыр-қайратын жұмсады, ұлттық энциклопедияны ғылыми теориялық тұр­ғыдан жаңа биік деңгейге көтерді. Профессор Р.Нұрғалидың бас редактор кезінде «Қазақ ССР. Қысқаша энциклопедия», «Ол кім? Бұл не? Шәкірт энциклопедиясы», «Шаңырақ», «Свод памятников истории и культуры Казахстана», «Ислам», «Философиялық сөздік», энциклопедиялық принциппен жасалған «Айқап», Ә.Бөкейхан «Таңдамалы», «Әлемде талай қызық бар» тәрізді дүние­танымдық мәні зор еңбектердің шо­ғырлана дүниеге келуі соны да, тың бас­тамалардың іске асуының көрінісі еді.

Біз, шәкірттері академик Рымғали ағаны ұстаз, ғалым ретінде де, қай­раткер тұлға, азамат ретінде де мақ­таныш етеміз. Оның ұстаздығы мен ғалымдығы адамгершілікпен ұштасқан, қайраткерлігі мен азаматтығы прин­ципшілдігімен тұтасқан.

2010 жылдың 19 ақпаны. Алматы қаласы. Ұлы ұстазды жер қойнына жатқызып келеміз. Табиғат ана да, асыл­ азаматты қимағандай жабырқау күй­де. Төгілген көз жасындай болып жаң­быр да құйып тұр. Ауа райының қолай­сыздығына қарамай қарақұрым болып жиналған адамның көптігінің өзі аяу­лы ұстаздың, аcыл тұлғаның халық сүйіс­пен­шілігіне бөленгендігінің белгісіндей еді.

Содан бері де Рымғали ағасыз күндер өтіп жатыр. Көңілімізде қалған бір өкініш – жетпіс, жетпіс бес, сексен жастық мерейтойларын ағаның өзінің көре алмай кетуі. Алланың ісіне шара бар ма?! Құттықтау сөздің орнына естелік айтылып, шаттана қуанудың орнына мұңая еске алу болады деп кім ойлаған!?

 

Құныпия АЛПЫСБАЕВ,

филология ғылымдарының докторы, профессор