• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Руханият 14 Ақпан, 2020

Сындарлы кезеңдерде бірге болдық

362 рет
көрсетілді

Марат Тұрдыбекұлы Оспанов – Ақтөбе медицина институтының экономика кафедрасын, оқу орнының партия ұйымын басқару жұмыстарын атқара жүріп, сол кездегі саяси-экономикалық дағдарыстың себептері мен салдарларына білікті сараптама жасап, оны жақсарту, оңалту жолдарын ұсыну арқылы 1990 жылдың көктемінде Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесінің (Парламенттің) кезекті ХІІ шақырылымының сайлауында сайлаушылардың сеніміне ие болып, депутат болып сайланды.

Сол жолда республиканың қоғамдық-саяси сахнасына есімдері елге белгілі кәнігі сая­саткерлер, ғалымдар, жазушылар, заңгерлер, қоғам қайрат­керлерімен қатар тың ойлар мен орнықты ұсыныстар айта келген Мұрат Әуезов, Нұрлан Оразалин, Бірғаным Әйтімова, Александр Княгинин, Ермұхан Ертісбаев, Гүлмира Исимбаева, Қажымұрат Нағманов, Ораза­лы Сәбденов және тағы басқа депутаттар тобында Марат Оспа­нов­тың да дауысы қоғам наза­рына ілігіп, қолдау тауып жүр­ді.

Тұңғыш Прези­дент – Елбасы Нұр­сұлтан Әбішұлы Назар­баев­ әсіресе саяси сахна­ға жа­ңа келген адамдардың сөзіне құ­лақ асып, ерекше зейін­мен тың­дай­тын.

Мараттың депутаттық сөзі мен дауысы бірден әріптес­терінің назарын аударды. Ол қандай мәселеде де біл­мей сөйлемейтін. Әсіресе эконо­микалық, қаржылық проблемаларды, бұрынғы жоспарлы экономика мен ендігі жерде жобалы нарықтық экономика айырмашылықтары мен мүм­кіндіктері төңірегіндегі пікір­таластардан сырт қалмайтын. Көп жағдайда Мараттың ерекше пікірі болушы еді әрі ол пікірін байыппен дәлелдеп те айтатын. Мараттың білімділігі мен біліктілігін бағалай білген әріптестері оның төңірегіне топ­­тасып, Жоғарғы Кеңес ая­сын­да демократиялық, эко­но­микалық реформалар жасау қажеттігіне байланысты ар­найы топтар құрылып, бастамашы болды. Өтпелі кезең тұсында қабылданған заң жо­баларының көбінде депутат Оспановтың қолтаңбасы, мазмұндық үлесі бар екендігі шүбәсіз.

Әрине сол шақырылымның депутаттарының ерекше мақ­танышпен еске алатын айтулы күні – 1991 жылдың 16 жел­тоқсаны.

Нұрсұлтан Назарбаев депутаттар, Үкімет мүшелері тү­гел қатынасқан Жоғарғы Ке­­ңес­­тің мінберінен Қазақ­стан Республикасының Мем­ле­кет­тік тәуелсіздігін жариялап, құт­тықтау сөзін жария­лаған тарихи сәтті бірге көріп, бірге сезіндік.

Біз сол – қазақ халқының рухы көтерілген қасиетті күні бір­ге болдық. Бір мүдде, бір тілекпен жүрекжарды арман-тілектерімізді, пікірлерімізді ортаға салдық. Бірге қуандық. Бір­ге шаттандық. Әр қазақ бала­сының арманына қол жет­кізген сәт ешқашан ұмы­тылмас әрі қайталанбас ба­қытты шақ екенін бағалай да білдік. Заң жобасына дауыс бер­генде ант бергендей рухымыз бір екенін түсіністік, жанымызды, барымызды салып, осы тәуелсіздігіміздің жолында аянбай еңбек етіп, әлем мо­йындайтын ел болайық дестік. Мемлекеттік тәуелсіздігімізді жариялаған бас құжаттың талқыланып, қабылдануына қатынасу әрқайсымыз үшін ұмы­тылмас бақытты шақ бол­ғаны хақ.

Мемлекеттігімізді жария­лау­мен іс бітпейтін еді. Енді біз­дің мемлекеттігімізді әлем елдері мойындап, тануы, Бірік­кен Ұлттар Ұйымы, тағы бас­қа мәртебелі халықаралық ұйым­дардың бізді мемлекет деп танып, қабылдауы, басқа мемлекеттермен дипломатиялық қа­рым-қатынас орнатуымыз қажет. Ең бастысы – елі­міз­дің ішкі жағдайын үйлес­тіріп, тұрмыс әлеуетін көте­ру сияқты аса маңызды мін­дет­терді орындауға бірге қаты­насып, бірге еңбек ету сені­міне, бақытына ие болдық.

Сондай-ақ Марат Тұрды­бек­ұлымен 1994 жылғы көк­темде өткен Жоғарғы Ке­ңес­тің (Парламент) ХІІІ шақы­рылымында депутат болып сайланып, Төраға Әбіш Кекіл­баевтың орынбасарлары лауазымында бірге қызмет ат­қардық. Ақылдасып, пікір алы­сатын мәселелеріміз көп болды.

Әрине мемлекеттігіміздің алғашқы жылдары қайшы­лықтар мен қиындықтарға толы болғаны белгілі. Бізде бұ­рын болмаған, көрмеген жол­дармен жүруге тура кел­ді. Қателесіп, қапы қал­ған жағдайлар да баршылық. През­идент бастаған мемлекет­шілдер жаңа реформаларды тездетіп жүзеге асыруға жұмылдық. Қарсылықтар аз болған жоқ. Түсінбеушіліктер де толастамай тұрды.

Ол өтпелі кезеңде нақты ше­шім, істерден гөрі Жоғарғы Кеңестің кейбір депутаттары қоғамға белгілі кемшіліктерді, дағдарыстарды санамалап, байбалам салып, «саяси мә­лімдеме» жасауға бейім болды. Өздерін «демократтармыз», «құтқарушылармыз» деп жариялаған әртүрлі топтар құрылып, заң жобаларын талқылауға көпе-көрінеу кедергі жасап, сөйте тұра Жо­ғарғы Кеңестің билік құзырын күшейтуге талпынып, басы, аяғы жоқ дау-дамаймен «мал­дануды» кәсіп етті. Демо­кра­тия, сөз бостандығы ұғым­дарын бейсауат сөйлеп, еш жауап­сыз ойына не келсе соны айту, өзі ұнатпаған адамды «жаптым жала, жақтым күйе» тәсілімен «тұқырту» деп­ түсін­гендер мемлекетке­ шы­найы жанашырлықтан ал­шақ еді. Саяси мәдениет жет­пей жатты. Олармен сөй­лесу, түсіндіру қажет болды. Бұрынғы эконо­микалық жүйе дағдарысқа ұшырап, кәсіпорын­дар тоқтап, қалалар­ды, ауылдарды жаппай жұмыс­сыздық жайлап, қаржы жүйесі доғарылып, елде жалақы, зей­нетақы, студенттерде сти­пен­дия жоқ – бүкіл қоғам күйзеліске ұшыраған қиын жылдар еді. Ондай жағдайдың себебі көп, талай айтылды, жа­зылды. Негізгі себебі – бұ­рынғы кеңестік жоспарлы және бір орталықтан, Мәс­кеуден басқарылатын қар­жы-экономикалық жүйенің күй­реуі болатын. Ал біз тәуел­сіздік алғаннан кейінгі Нұр­сұлтан Назарбаев бастаған рефор­малардың алғашқы жыл­дары әлі нәтижеге жете қой­маған кез.

Қоғамдағы қайшылық­тар­ды сабасына түсіріп, елді ең­бекке жұмылдыру үшін Пре­зидент өзі бастап, депу­таттар, Үкімет мүшелері, әкім­діктер, мемлекеттік билік тармақтары орасан үздіксіз тү­сіндіру жұмыстарын жүр­гізуге міндетті болды. Қоғам талабына сай сол жұмыс­тар­ды жүргіздік те. Осы рефор­маларды халыққа жеткізіп, халықтың өзінің қолдауымен, қатынасуымен ғана нәтиже болатынын түсіндіру, соған қажетті заңдарды қабылдап, олар­дың жұмыс істеуін қам­тамасыз ету маңызды болды. Президенттің бастамашылдық реформаларын жүзеге асыруға, әрине ең алдымен Үкімет, Пар­ламент, әкімдіктер, бар­лық билік тармақтары мен қыз­меткерлері мейлінше бір­лік­пен атсалысуға міндетті болса, солардың алдыңғы тобында Марат Тұрдыбекұлы болды десем, артық айтқандық емес.

1995 жылы 30 тамызда бү­кіл­халықтық референдумда қабылданған Конституцияға сәйкес мемлекетімізде тұңғыш рет Мәжіліс және Сенаттан тұратын қос палаталы парламент құрылып, Мәжілістің тұңғыш Төрағасы болып Ма­рат Оспанов сайланып, осы қыз­метті төрт жылға жуық ат­қарды.

Ол жылдар біздің қоғам, саясаткерлер де, мемлекеттік қыз­­меткерлер де едәуір сая­си мектептен өтіп, жаңа ке­зең­ге көтерілген болатын. Сон­­­дай жағдайға байланыс­ты Мәжі­лістің жаңа басшысы депу­таттарды саяси попу­лизм­нен гөрі салиқалы сөз, орын­ды ұсыныс ел, мемлекет мүдд­есінде заңдарды тежеусіз қабылдауға жұмылдыра біл­ді. Парламент жұмысында жаңа мемлекетшілдік дәстүр қалыптаса бастады.

Марат не нәрсеге де ба­йыппен, сабырмен қарайтын. Төзімділігін де көрсетті. Елдің, өзінен басқа адамның пікіріне айрықша зейін қоятын. Өзі де көп ізденетін, білмейтінін үйренуге ықыласты болатын. Ол тек саясат шеңберімен шек­теліп қалмайтын, ақын­жанды, сезім­тал, өнерге, әде­биет­ке жақын еді. Музыканы жақсы түсінетін. Тіпті жел­пінген жиырма бестен әлде­қашан асып кетсе де сондай саясаттың бұр­қылдаған қаза­нында қайнап жүріп, домбыра үйренуді де қолға алғаны есімде. Көп оқи­тын. Көп білетін, зиялы тұлға еді.

 

Қуаныш СҰЛТАНОВ,

Парламент Мәжілісінің депутаты