Ақпанның 12-13 күндері Тахауи Ахтанов атындағы облыстық драма театрында жаңа қойылымның премьерасы сахналанды.
Ғабит Мүсіреповтың «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» драмасына Қырғызстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Абдыкадыров режиссерлік етті. Жаңа қойылымға облыс әкімі Оңдасын Оразалин арнайы барып, көрермен ретінде тамашалады. «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» қойылымына жиналған көрермендердің санында шек болмады. Қозы рөлін Аслан Төлентай, Бағдат Телеуғалиев, Шыңғыс Тельман , Баян рөлін Сандуғаш Қарсақбаева, Әсем Қонысбаева, Диана Нағыметуллақызы сынды жергілікті актерлер сомдап, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Қазақтың махаббат символы, қазақ лиро-эпосының інжу маржаны, халқымыздың асыл мұрасы «Қозы көрпеш-баян Сұлу» ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан ұлы мұраның бірі, рухани жәдігер. Мәдениетіміз бен қоғам руханиятында өз орнын тапқан бұл драмада жастық пен махаббат, сұлулық пен пен нәзіктік, ерлік пен өрлік тақырыбында сыр шертеді. Қойылымда екі жас арасындағы махаббатқа адалдығы, сезімге тұрақтылығы суреттеледі.