• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Аймақтар 15 Ақпан, 2020

Жамбылдық еріктілер жалғызбасты анаға қолдау көрсетті

206 рет
көрсетілді

Жамбылдық бір топ еріктілер республикалық «Біргеміз» акциясы аясында Тараз қаласының тұрғыны, жалғызбасты ана Гүлжан Есқараеваның үйіне барып, қолдау көрсетті.

Бұл бастамаға Жамбыл облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» ұйытқы болды. Бүгінде Маржан, Інжу атты екі қыз тәрбиелеп отырған жас анаға еріктілер қажетті азық-түлік пен киім-кешек апарып беріп, үйінің ауласын тазалауға көмектесті. Сонымен қатар, ерікті жастар ақын Үміт Битенова мен Тараз қаласындағы «Ақжүніс» аналар қоғамының төрайымы Жанат Естаеваның қатысуымен жас ананың кіші қызы Інжуді қырқынан шығару салтын ұйымдастырды. Інжудің тұсауын кескен аналар бүлдіршінге ақ батасын беріп, үлкен өмірге сәттілік тіледі.

Өз сөзінде Гүлжан Есқараева елімізде бастау алған «Еріктілер жылының» жылы лебін сезіндірген ұйымдастырушыларға алғысын білдірді. «Жалғызбасты ананың жағдайы белгілі ғой. Шынымды айтсам, тұрмыстық мүмкіндігім жетпей, бүлдіршінімді қырқынан шығаратын уақыты өтіп бара жатыр еді. Бүгін, міне еріктілер барлық қажеттіліктерді өздері алып келіп, қызымды қырқынан шығарып берді. Сол үшін ризашылығымды білдіремін», деді жас ана. Жамбылдық еріктілердің мұндай  игі шаралары алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.

Жамбыл облысы