Әуелде сөз пайда болған дейді. Әлқисса.
Ақпарат бағзы замандардан бері адамдардың аса маңызды құндылықтарының бірі болып келеді. Натан Ротшильд кемеңгердің: «Ақпаратты білген адам әлемге иелік етеді» деген сөзі осының дәлелі. Тарихқа көз салсақ, хандар мен тайпа көсемдері, король, князьдер ежелден өз мұрагеріне тек екеуіне ғана мәлім ұлттық құпияларды айтып отырған. Негізінен ең құнды ақпарат мұрагерлік жолмен, яғни жеке отырғанда берілетін.
Бұл үрдіс ғасырлар бойы, бәлкім, мыңдаған жылдарға жалғасты. Тіпті адамдар жаза бастағаннан кейін де естелік жазбалар, кітаптар аз таралыммен шығып тұрған. Тек кітап басу пайда болған соң, яғни жаппай таралым қолға алынғанда ақпарат аса үлкен қарқынмен тарала бастады. Бұл күллі адамзат тарихындағы ең маңызды техникалық төңкеріс еді. Осылайша Гутенбергтің арқасында әлем өзгеріп сала берді.
Енді сауаттылық мәселесі адамзат алдына жаңа міндеттер қойды. Тың білім іздеген көптеген адам үшін кітап оқу әрі құралға, әрі жолбасшыға айналды. Бірақ әлемді бағындыруға бел байлағандар жаппай сауаттылықтан пайда көрді. Білімді халық арасында қажетті ақпарат тез таралуы үшін пайдаланып, сауатсыздықты шұғыл және жаппай жоюға тырысты. Сөйте тұра «білімді» халықты уыста ұстау мүмкіндігі пайда болды.
Қыш тақтайшаларда, күміс тостағандарда, жартастарда, папирустарда, пергаменттерде сақталған ежелгі мәтіндер өз дәуірімен бірге кетті. Гутенбергтің кітап басу технологиясын ғұмырлы қылған қағаз ғана жазуды жүздеген жылдар бойы сақтады. Кейінгі екі-үш ұрпақтың өмірінде жазу мен ақпаратты сақтайтын түрлі дүниелер ойлап табылды. Фотопластинкалар, кинотаспалар, фотографиялар, магнитофондар мен бейне, кассеталы, дискілі ойнатқыштар, шеллакты, кейін винилді грампластинкалардың күйсандықтары… Алайда бұл тасымалдағыштардың барлығы ұзақ мерзімді болмай шықты. Сөздің түйіні: адамға қағаз ғана бес ғасырдан астам қызмет ете алады екен.
Мәскеуден шығатын бір әдеби газетте автор былай деп оқиғасын айтыпты: «Менің «Сен Хемингуэйдің «Мұхиттағы аралын» оқып па едің?» деген сауалыма досым романды көлікте отырып, аудионұсқасын тыңдағанын айтқанда ол менің сұрағымды түсінбегендей көрінді. Мұндай жауаптан соң, Лев Толстойдың «Анна Каренинасын» сұрасам, ол Майя Плисецкаяның қатысуымен өткен балетті көргенін, оған осының өзі жеткілікті екенін айтатынына сенімдімін». Бізде де тап осы жағдай. Қазақ ертегілерін мультфильм сияқты көрген балаға мәз боламыз. Асылы түбі кітап оқитындар теледидар көретіндерді басқарады. Неге десеңіз, ит, сиыр, тауық әлемді көз алдында өтіп жатқан қозғалыс үстіндегі суреттер тізбегі ретінде көреді екен. Кинотеатрда яки теледидар алдында отырған көрермен де осы күйді бастан кешеді. Классикалық әдебиетті аудиожазба форматында тыңдайтындар туралы да мәселе осыған саяды. Есту – бұл басқа белгі беру жүйесі, оны күллі жануарлар әлемі: аю да, түлкі де, қарға да қолдана алады. Осындайда оқуды өте жақсы көрген Гоголь шығармасының кейіпкері – құл Чичиков ойға оралады. Оған не оқыса да бәрібір еді – ол мәтіннің сұлулығынан емес, адамның әріптерден сөз, сөздерден мәнді сөйлем құрауынан кәдімгідей ләззат алатын. Демек, Гоголь ХІХ ғасырдың алғашқы жартысында-ақ адамның миы біз өз мүмкіндігінше пайдаланбайтын аса қуатты компьютер деген тұжырымға келген. Егерде әлгі Чичиков сол қалпымен қазіргі біздің қоғамда өмір сүрсе, оқымастың оқуына айтар тірі мысалымыз болар еді.