Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев Алматыда өткен азаматтық белсенділермен кездесуі барысында «Қазақстан Республикасында бейбiт жиналыстар, митингiлер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар ұйымдастыру мен өткiзу тәртiбi туралы» жаңа заң жобасының тұжырымдамасын көпшіліктің талқылауына ұсынды. Аталған заң аясындағы маңызды мәселелер қаузалған басқосуға Алматы қалалық қоғамдық кеңес мүшелері мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Бүгінде бейбіт жиындар туралы заң жобасы ашық талқылауда тұрғанына тоқталған ведомство басшысы бұл тұрғыдағы бастамалар жан-жақты сарапқа салынып, оңтайлы шешім табу қажеттігін баса айтты.
«Мен бірінші кезекте бұл жерге сіздерді тыңдау үшін келдім. Осы заңға қатысты сұрақтарыңызға жауап беріп, пікірлеріңізді тыңдағым келді. Бастапқыда 1995 жылы қабылданған заңға өзгеріс енгізсек пе деп ойладық. Бірақ талқылау мен талдау кезінде өзгеріс енгізгеннен гөрі жаңа заң қабылдаған дұрыс екендігіне көз жеткіздік. Нақты өзгеріс енгізу мүмкін болмай шықты. Жаңа концептуалды заң қабылдау керек. Біз айтпақ болған барлық мәселе жайлы сіздер білесіздер. Осы арада отырған әріптестеріміздің көпшілігі бұл заңның өте салмақты екендігімен келіседі. Бейбіт жиналыстар туралы жаңа өзгерістер енгізіледі», деді Дәурен Абаев.
Министр жаңа заңның бірқатар артықшылығына жекелей тоқталып өтті. Оның айтуынша, жаңа заңда ұйымдастырушылардың, журналистер мен қатысушылардың құқығы мен міндеттерінің мәртебесі барынша айқындала түскен. Сонымен бірге мемлекеттік органдардың уәкілеттілігі бекітіліп, митинг өтетін арнайы орындар белгіленген. Митинг өткізу тәртібін хабарландыру ережесі енгізіліп, өтініштерді қарау тетігі де нақтыланған.
Заң жобасының маңызды тармағының бірі – бейбіт жиналыстар мен басқа да бұқаралық іс-шаралардың айырмашылығын ашып көрсету. Жобаның бейбіт жиын әрекетінің жабық ғимаратта өтетін қоғамдық іс-шараларға, мәдени, бұқаралық, дене тәрбиесі-сауықтыру және спорттық шараларға, жергілікті қоғамдастықтардың, меншік иелерінің жиналыстарына, сондай-ақ діни жоралғылар мен рәсімдерге қатысы жоқ. Жаңа заң жобасының тағы да бір артықшылығы – бейбіт жиналыс өткізуге рұқсат берілмейтін негіздердің нақты тізімін түзу. Қолданыстағы заңда бейбіт жиналыс өткізуге рұқсат бермеу негіздері анық көрсетілмеген болса, ал түзетулерде нақты тізім қолданылған. Бұл жағдайда бейбіт жиналыстар үшін балама орын ұсыну құқығы да қоса қарастырылған. Бейбіт жиналыс өткізу орны да заң жобасын әзірлеушілер жасаған маңызды бөліктердің бірі деп айтуға болады. Елді мекендерде белгіленген арнаулы орындардың қауіпсіздік талаптарына сай болуына да баса мән беріліп отыр. Талқылауға қатысқан ғалымдар мен сарапшылар бұл тұрғыдағы өз пікірлері мен ұсыныс-тілектерін ортаға салды.
– Елімізде бұл бағытта бірқатар мәселе жасалғанымен, саяси мәдениетке қатысты жайттарға көңіл бөлуге тиіспіз. Барлық азаматтардың мүдделеріне жауап беретін сенімді заң шығару керек, әрине барлығының көңілінен шығу қиын, бірақ ымыраға келіп, бірыңғай көзқарас қалыптастыруға мүмкіндік бар. Біздің міндетіміз – ортақ көзқарастарды табу. Полярлы пікірлер, түрлі ұстанымдар көп, олардың бәрін заңмен белгілеу мүмкін емес. Бәлкім уақыт өте келе, саяси тәжірибе жинақталған кезде қоғам өзгеріп, қазіргі дамыған елдердің стандарттарына жақындайтын шығармыз. Олардың демократиялық мектептерінің 200-300 жылдық тарихы бар. Онда дұрыс және бұрыс, тосқауыл деген жоқ. Барлығымыз біріге отырып, осындай өзімізге қажетті тұжырымдаманы жасауға мүдделіміз, – дейді Алматы қалалық қоғамдық кеңесінің төрағасы Рахман Алшанов.
Саясаттанушы Айдос Сарым бұған дейінгі ескі заңды өзгерту қажеттігі туғанын, жаңа заңда бейбіт шерулерге қатысты ұйымдастырушылардың, қатысушылардың міндеттері мен құқықтары айқындала түскенін айтады.
«Осы кезге дейінгі 1995 жылғы заңда акциялар, бейбіт шерулер дегеннің ешбір түрі, түсі деген болмайтын. Пикетке шықса да, басқаға шықса да 100 адам, мейлі 5 мың адам шықса да барлығы бірдей сипатталатын. Осы орайда заң шығару органдарына берген ұсыныста осы мәселені әдейі тіздік. Екінші мәселе, қазіргі жаңа заңда 250 адам қатысатын дүниелерге арнайы рұқсат сұраудың қажеті жоқ. Біздің қазіргі қоғамдық дискуссия, дау-дамайдың бәрі сол 1-2 сөздің айналасында тұр. Рұқсат беру деген сияқты. Негізі бұл заңдық дау емес, саяси дау секілді. Заңды талқылаған кезде ІІМ, жергілікті мәслихаттардың, тағы басқа органдардың жұмысы реттелуі тиіс. Болашақта митинг ұйымдастыру үйреншікті нәрсеге айналады. «Ойбай, анау митинг өткізіпті» деп таңғалмаймыз, өйткені оны екінің бірі өткізеді», дейді Айдос Сарым.
Басқосу барысында журналистердің қауіпсіздігі маңызды мәселе екендігін айтқан Дәурен Абаев, болашақта қайғылы жағдайға жол бермес үшін тілшілер қауымын кез келген мәселеде ықтиятты болуға шақырды.
Заң тұжырымдамасын талқылауға қатысқан басқа да сарапшылардың пікірінше, «тек қана көшеге шығып митинг арқылы мәселені шешеміз» деу – болашағы бұлыңғыр қате ұғым. Бүкіләлемдік тәжірибеге шолу жасасақ, қантөгіс пен революция ешкімді ұшпаққа шығарған жоқ. Арандатушылар бар, айдап салушылар бар, осылардың сойылын соғып барымыздан айырылып қалмау қажет. Сарапшылар келтірген тағы бір мәселе митингіге тек Үкіметке қарсы бағытталған шара ретінде қарауға болмайды. Сондықтан бейбіт шерулер мен демонстрацияларды да қарастырған жөн.
«Жаңа заңда хабарландыру және регламент тәртібі туралы өзгеріс дұрыс орын тапқан. Бұл заң жобасын қолдау өте маңызды. Себебі жергілікті атқарушы органдардан белгілі бір мерзімде жауап келмесе, бейбіт шеруді өткізуге рұқсат беріледі. Ұйымдастырушылар хабарлаған күннен бастап 15 күн ішінде жауап келмесе, бейбіт шеру ұйымдастыру заңға қайшы болмайды», дейді Д.Қонаев атындағы Еуразиялық заң академиясының ректоры Өмірәлі Жалайри.
АЛМАТЫ