Жыл сайын тәуелсіздік күнінің қарсаңында «Парасат» орденін лайықты адамдарға беріп жатқан кезде менің көз алдыма қазақтың айтулы азаматы Хамит Рақышевтің асыл бейнесі келеді. Өйткені бұл орден атауының өзі кісілік пен кішіліктің, парасат пен мейірімділіктің үлгісіндей ұлтына адал қызмет еткен адамдарға ғана лайықты сияқты. Оның үстіне жан дүниесі осы қасиетті атқа сай шартарапқа шуақ шашып жүретін атпал азаматтарға тиесілі сыбаға іспетті. Міне, сондайда биік парасат иесі ақиық ағамен қатар жүрген, ұстаздық тағылымын көрген алыста қалған асыл күндер ойға түседі.
Бізді алғаш таныстырған бабалар рухы еді. Жамбыл ауданы Самсы ауылында Сәмен батырға ескерткіш орнату жөнінде жұртшылықтан ұсыныс түскен-ді. Әдеттегідей ақсарбас шалып, ұйымдастыру комиссиясы құрылды. Хамит Қошанұлы ұйымдастыру комиссиясының төрағасы, мен орынбасары болып сайландым. Қызу жұмыс басталып кетті. Ең әуелі батырдың бейнесін ұрпақтары арқылы санамызға оралтып, онан кейін ескерткішін салу жұмысы қарқын алды. Міне, осы кезде Хамаңның білімділігіне, ақылдылығына, ұйымдастыру қабілетіне тәнті болдым. Не нәрсені кәнігі ұстадай ақыл-ой көрігіне салып, он ойланып, жүз толғанып барып оң шешетін Хамаңның кез келген ұсынысы көптің көңілінен шығып жатты.
Баһадүр ескерткішін салып жүргенде мынандай бір ғибратты оқиғаға куә болдым. Ауылында ескерткіш орнатып жатқаннан кейін тұрғындар да қалыс қалмайды ғой. Бір қағілез жігіт тыным таппай, құрылыс жұмысына қатты араласты. Бабалар рухына қызмет еткен ісіміздің тегін жасалатынын білсе де, ол күнделікті ескерткіш басына келіп, өзінің қолғабысын тигізіп жүрді. Хамаң онымен жете танысты. Бұл бір жетім жігіт екен. Өзінің етінің тірілігімен күн көріп жүрген, қазақтың қарапайым азаматы-тұғын. Хамаң жігіттің үйіне барып, оның ескі үйде тұратынын көріп, жедел-ғабыл өсіп келе жатқан балапандарының келешегі үшін өз қаржысынан сол ауылдан жақсы бір үй сатып алып берді. Бұл ағаның көп адамға жасаған қайырымдылығының бір ғана көрінісі еді.
Сонымен, көптен күткен күн де келіп, еңселі ескерткіш бой көтерді. Шара өткізіліп, Сәмен батырға арналып ас берілді.
Расында, Хамаң – өзінің саналы ғұмырында азаматтықтың ақ туын жоғары ұстап, өмірбаянына кір жұқтырмай кеткен мәрт тұлға. Кішкентай ғана Абай атты ауылдан өрбіген жас өреннің бойына біткен алтын қанаты, ол – еңбекқорлығы, адалдығы, айналасына деген алғаусыз сенімі мен құрметі еді. Әкесі Қошан ауылда қарапайым жұмысшы, малшы болса, анасы Мағрипа отбасының ұйытқысы бола білген ардақты ана, үйдің алтын тірегіндей еді. «Тоғыз ұлым – бір төбе, Ертөстігім – бір төбе» деп, Ерназар қария айтпақшы, сегіз баланың ішінде Хамит ерекшеленіп өсіпті. Кішкене кезінен ауылдың қоңыр тірлігіне еркін араласып, мал-жай, қора-қопсы, бау-бақша жұмыстарын қолды-аяққа тұрмай, тез-ақ жасап тастапты.
Ол кезде ауылда қайбір келісті үй, көркем ғимарат болды дейсіз. Сондықтан кішкене күнінен Хамаң құрылысшы болуды армандапты. Ақыры сол ниетін орындап, құрылыс техникумын тәмамдап, ауылдағы құрылыс саласының білгір маманына айналады. Абай ауылында сол кезде салынған талай тұрғын үйлерде Хамаңның өзіндік қолтаңбасы бар.
Өмір әрине, бір орнында тұрмайды. Ұлы Абай айтпақшы, «адамды заман билемек». Ынталы, көпшіл, талапшыл жасты байқаған басшылар оны Абай атындағы құс фабрикасына директордың орынбасары қызметіне ұсынады. Бүкіл Алматыны жұмыртқамен, құс етімен қамтамасыз ететін үлкен де іргелі кәсіпорында еңбек ету Хамаңды одан әрі ысылдырып, өндірістің қыр-сырын терең меңгеруіне жол ашыпты.
Хамаңның ендігі өмірбаяны сауда саласымен тығыз байланысты. Мәскеу сауда институтын бітіргеннен кейін тың кәсіпке бет бұрды. Бұл саланың ерекшелігі – халықтың сұранысын жедел әрі сапалы қамтамасыз ету болса, бұл жолда да жасынан ерек өскен Хамаң шашасына шаң жұқтырмады. Ең әуелі кішкентай кеңшарлардың тұтынушылар одағын басқарды. Төменнен тәжірибе жинақтады, ауылдағы ағайындардың саудаға деген сұранысын терең зерттей білді. Іле ауданында тұтынушылар одағы төрағасының орынбасары ретінде көп тәжірибе жинақтады, алдындағы абзал ағаларының ақылымен сауда саласын өркендету машығын меңгерді. Сөйтіп өзі енді Жамбыл аудандық тұтынушылар қоғамының тізгінін ұстаған кезде, бір кезде ауылда атқарған істерін жалғастырып, мұнда да аудандағы осы саланы облыс көлемінде алдыңғы қатарға шығарды.
«Жақсыны көрмек үшін» деген. Ауданда озат тәжірибе семинарлары ұйымдастырылып, іс-нәтижелер ортаға салынды, әріптестерінің ықыласына бөленді. Мұндай озық істер облыс басшыларының көзіне шалынбай қалған жоқ. Олар Хамаңның ұйымдастырушылық қабілетін ерекше бағалады, сенім артып, Жезқазған облыстық тұтынушылар қоғамының төрағасы қызметіне ұсынды. Бұл енді ауқымды жұмыстың басы ғана болды. Ол кезде кенді Жезқазғанның дүрілдеп тұрған кезі. Түсті металдарды игеруде Қазақстан ғана емес, бүкіл Мәскеу иек артқан Одақтың байлығын еселей түсетін өңір еді. Хамаң тағы да бойына сіңген қасиет бойынша ерте тұрып, кеш жатты, сауда саласын ырғақты жолға қоя білді. Жаңа қызметтің де орынтағы көрінді: Жезқазған облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары. Қызметтің оңайы жоқ, дегенмен «Қой асығы демеңіз, қолға жақса, сақа ғой, Жасы кіші демеңіз, ақылы асса, аға ғой» демекші, еңбегін елеген шығар, Хамаңды республикалық дәрежедегі қызметке шақырады, оны Қазақстан Республикасы Президенті аппараты мен Министрлер Кабинеті сауда бөлімінің басқарушысы етіп тағайындайды. Бұл қызметті ұршықша үйірген жас жігітті ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев шақырып, жаңадан құрылған Сауда, өнеркәсіп палатасының президенті етіп тағайындайды. Өмірінің соңындағы 14 жыл бойы басқарған палатаның еліміздің өркендеуіне, экономикамыздың нығаюына қосқан қосқан үлесі ұшан теңіз. Амал не, тәуелсіздігіміздің берік болуына өзінің өлшеусіз еңбегімен үлес қосқан Хамит Қошанұлы небәрі 58 жасында елімен асығыс қоштасты. Соңында іргелі ісі мен ұлағатты ұрпағы қалды.
Ұрпағы демекші, кезінде Хамаң өзінің ұлы Кеңесті ертіп, атақты Алакөл көліне барып демалады әрі ем алады. Денсаулығына жағып, көлдің шипасы дарып, сақайып Алматыға оралады. Баласына «Қолдан келсе, осы Алакөлге бір жақсылық жасауымыз керек» деген өсиетті сөзін айтыпты. Кейіннен әкесі қайтыс болғаннан кейін Кеңес ат жалын тартып мініп, азамат болып, өзі кәсіпкерлікті дөңгелеткенде Алакөлге арнайы келіп, аудан орталығы Үшарал қаласының орталығына үлкен, зәулім мешіт салып береді. Ол мешіттің ашылуына Ескендір Хасанғалиев бастаған өнер иелері, Бауыржан Оспанов сияқты кәсіпкерлер, Ахмет Кендірбекұлы сияқты ақындар қатысып, Алла үйінің ашылу салтанатына ортақтасады. «Жақсы әкеден жаман ұл тумайды. Әкенің бір ауыз аманат сөзін жерге қалдырмай, Кеңес өзі ауданға келіп, жер алып, барлық қаржысын көтеріп, жамағат жиналатын зәулім, сәулетті мешіт салып берді», деп еске алады аудан әкімі Әлібек Жақанбаев.
«Орнында бар оңалар», ұрпақ сабақтастығы деген осы шығар. Рақышевтар әулетіне біткен қадыр мен қасиет, кісілік пен парасаттылық ұрпақтан ұрпаққа жалғасын таба беретін шығар. Мен оған шексіз сенемін.
Ерболат ТҰРЫМБЕТОВ,
еңбек ардагері, Іле ауданының құрметті азаматы, Іле аудандық мәслихатының депутаты
Алматы облысы