Азық-түлік қауіпсіздігі – кез келген мемлекет үшін ұлттық қауіпсіздік негізі. Дамыған елдер азық-түліктік егемендікке талпынады, себебі азаматтардың игілігі мен ел ішіндегі тұрақтылық осыған тікелей байланысты.
«Бүкіләлемдік азық-түліктік қауіпсіздік жөніндегі Рим декларациясында» (1996) мемлекеттің әрбір азаматты қауіпсіз тамақ пен дұрыс тамақтану және аштықтан ада болу құқықтарына сай толыққанды азық-түлікпен қамту керек делінген. Бір сөзбен айтқанда, азық-түлік сапалы әрі бағасы жағынан қолжетімді болуы керек.
Дәл осы себепті, мемлекеттер өз қаржыларын азық-түлікке салып, өз климатына сай келетін саланы дамытуға тырысады. Мысалы, Норвегияда балық шаруашылығы және жағалау әкімшілігі министрлігі жұмыс істейді. Ал балық аулау саласы дамыған мұнай өндіруге қарамастан алда келеді. Аумағы кең Қазақстан үшін ауылшаруашылығы экономиканың негізгі саласы болып қалыптасуы заңды еді.
Мемлекет ұстанған импортты алмастыру саясаты ауылшаруашылығы саласында да табысты қолданылып келе жатқандай сияқты еді. Қазақстанда мемлекеттік қаражат есебінен агроөнеркәсіптік кешеннің әлеуметтік маңызы бар тауарлар – нан, сүт, ет, жұмыртқа, көкөніс саласына қолдау көрсетіліп келді. Сөйтіп, мемлекеттік қолдау аясында әр бағытты дамытуға арналған бағдарламалар арқылы азық-түлік бағасы арзандайды әрі халық үшін қолжетімді болады деп күту заңды құбылыс.
Алайда олай болмады. Керісінше, баға жыл сайын артып келеді. Негізгі азық-түлік бағасын соңғы 9 жыл (2011-2019) бойына салыстырсақ, өсім екі есе екені байқалады. Көш басында сары май тұр. Оның бағасы – 91 процентке - келісіне 1240 теңгеден 2368 теңгеге дейін артқан. Екінші орында нан тұр. 89,7 процентке - 78 – ден 148 теңгеге қымбаттаған. Үшінші орында – тауық еті. Баға 83 процентке артты. Сиыр еті соңғы 9 жылда 66,8 процентке, сүт 57,9, жұмыртқа – 57,4, айран – 52,1 процентке қымбаттаған.
Ал ресми деректер мен ауылшаруашылығы министрлігінің есебінше, Қазақстан өзін-өзі нанмен толық қамтығалы қашан, сиыр еті бойынша да қамту бар, ал жұмыртқа сұраныстан асып кеткен. Министрлік дәл осы асыра өндірушіліктің елдегі жұмыртқа өндірісін субсидиялауды тоқтатуға себеп болғанын айтады. Ал өндірушілер субсидияны алып тастаудың бағаның өсіп, өндіріс көлемінің төмендеуіне және импорттың артуына әкеп соғады дейді.
Оған не себеп? Өндірушілер былай түсіндіреді: олардың қазіргі тиімді жұмысы мемлекеттік қолдау негізінде жүзеге асып келеді. Барлық кәсіпорындардың несиесі бар, ол қарызды өтеу керек. Қазақстандағы жұмыртқа өндірісі соңғы 10 жылда өндіріс көлемін 2 есе арттырып, алға басқаны рас. Қуаттылықты арттыруға қаржы құйылды, қаржыны табудың жалғыз жолы – несие алу.
Өндіріс жайдан жай кеңеймеді. Елде 2021 жылға дейінгі ауылшаруашылығы саласын дамыту бағдарламасы қабылданған. Онда өндірісті арттырып, импортты алмастыру басты міндет болатын. Кәсіпорындар бағдарламаға зор мән беріп, 2019 жылы-ақ мемлекет ішкі нарықты жұмыртқамен 100 процент қамтуға қол жеткізді.
Тұтынушыға арналған жұмыртқа бағасының түзілу барысына зер салсақ, мынадай көрініс байқайсыз. Жұмыртқаның өндіруші ұсынған өз бағасы данасына 22,7 теңге тұрады, он данасы – 227 теңге. Бұл соманың 80 проценті – кәсіпорынның міндетті шығындары. Құс фабрикасы 53 процентін жем-шөп (айтпақшы, бидай бағасы (негізгі жем) бір жыл ішінде 50 процентке қымбаттаған), 8 проценті қызметкерлердің жалақысына кетеді. 2 пайыздан көбі коммуналдық шығындар (электр қуаты, су, газ), 4 проценті жұмыртқа құтысына кетеді. Тағы 11% - кәсіпорынның әкімшілік шығындары мен несие төлеуге жұмсайды. 10 проценттен көбі – өндірістік салық.
Алайда қазақстандық дүкендердегі баға 50 проценттен жоғары. Неге? Жұмыртқаның фабрикадан дүкен сөрелеріне дейінгі жолы қысқа емес, әр кезең оның бағасына тікелей әсер етеді. Жұмыртқаны өңірлерге жеткізу үшін де 4 процент қосылады. 13 проценті – бөлшек сауда қалталарына салынады. Ең қымбат кезең - дистрибьюция, оған жұмыртқа құнының 19 проценті кіреді. Тағы 13%-і сауда нүктесіне және 9 проценті ретро-бонусқа кетеді (тауарды сауда орнының ішінде сату). Нәтижесінде өзіндік құнына 59,4 процент қосылады және тұтынушыға дейін жұмыртқа данасына 36 теңге не он данасына 360 (не одан да көп) теңге болып жетеді.
Жұмыртқаны сату барысын саралай келе, делдалдар мен дистрибьюторлар өнімді қайта сату арқылы өндірушілерден көп ақша табатынын айта аламыз. Ал шығындар мен тәуекел өндірушіге тиеді, делдалға емес.
Демек, субсидиядан бас тартса, бағаның өсетіні туралы ескерту жай сөз емес. Бұл тауар бағасының шынайы есебімен бекітіледі. Тағы бір маңызды сәт бар: саланы қолдаудан бас тартқан мемлекет осы тауар түрі бойынша еркіндіктен айырылуы мүмкін. Бұл да бос сөз емес. Жұмыртқаны тұтыну маусымдық ерекшелікке ие. Сұраныс қыста еселенеді. Жазда екі есе азайып кетеді. Сондықтан, сұраныс аз кезде өндірушілер тауардың іркілуіне жол бермес үшін жұмыртқаны фабрикадан 10-12 теңгеден босатады. Алайда, бұл іркілу Ресей, Беларусь сияқты көрші елдерде де болады. Онда өнім нарықтың ауқымдылығы мен өндіріс көлемінің Қазақстанға қарағанда кеңдігіне және мемлекеттік қамқорлыққа қарай арзандау келеді. Алыпсатарлар бірдесте сапа, жарамдылық мерзімі деген көрсеткіштерге қарамастан, Ресейдің арзан өніміне көше салады. Сөйтіп, нарықты импортқа толтырады. Әрине, жұмыртқа бағасы Қазақстан ішінде көтеріліп кетсе, отандық өндірушіні жергілікті дүкендерден оп-оңай алып тастауға болады. Бұл арқылы алыпсатарлар ұтады. Ал мемлекет маңызды азық бойынша осынша жылдан бері жинаған еркіндіктен айырылып қалады.