Парламент Мәжілісінің Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен Палатаның жалпы отырысында бірқатар халықаралық ратификациялық заң жобасы мақұлданды.
Алқалы жиынның күн тәртібінде қаралған негізгі мәселелердің бірі «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Америка Құрама Штаттарының Үкіметі арасындағы Консулдық артықшылықтар мен иммунитеттер туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы жөнінде болды. Бұл туралы депутаттар алдында Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді баяндама жасады.
Министрдің айтуынша, Қазақстан мен АҚШ арасындағы ынтымақтастық Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылғы АҚШ-қа ресми сапарының қорытындылары бойынша орнатылған кеңейтілген стратегиялық серіктестік рухында дамып келеді және одан әрі нығаюда. Қазақстан мен АҚШ арасында барлық деңгейде тұрақты саяси диалог жүргізілуде. Былтыр желтоқсан айында Премьер-Министр мен Сыртқы істер министрі АҚШ-қа сапарлады. Сонымен қатар осы айдың басында АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Майк Помпеоның Қазақстанға сапары болды. Елбасы сапарының қорытындысы бойынша Сан-Францискода Қазақстанның Бас консулдығын ашу туралы шешім қабылданды. Осылайша АҚШ аумағында – Нью-Йорк және Сан-Франциско қалаларында қазір еліміздің екі Бас консулдығы жұмыс істейді. Ал біздің елде АҚШ тарапы үшін өңірлік хаб қызметін атқаратын Орталық Азияда жалғыз Алматы қаласындағы АҚШ-тың Бас консулдығы ғана бар.
– Ратификацияланатын келісім консулдық лауазымды тұлғалар мен олардың отбасы мүшелеріне дипломатиялық иммунитеттер мен артықшылықтарды қамтамасыз етуге қатысты мәселелерді реттейді. 1961 жылғы Дипломатиялық қатынастар туралы Вена конвенциясына сәйкес Келісімнің негізінде екі мемлекеттің консулдық мекемелері, қорғалатын консулдық лауазымды тұлғалары, консулдық қызметшілері және олардың отбасы мүшелері юрисдикциялық иммунитеттермен қамтамасыз етілетін, салықтар, алымдар мен баждардан өзара босатылатын болады. Екі мемлекеттің өзара пайдаланатын иммунитеттері мен артықшылықтарын күшейту консулдық лауазымды тұлғалардың және консулдық қызметшілердің қызметіне оң әсерін тигізеді. Сонымен қатар Келісімді іске асыру Америка Құрама Штаттарында Қазақстан Республикасы азаматтарының мүдделерін ұсыну және қорғаудың тиімділігін арттырады. Келісімді іске асыру мемлекеттік бюджеттен қаржы бөлуді талап етпейді және Қазақстан Республикасы үшін теріс құқықтық, саяси және әлеуметтік салдарларға әкеп соқпайды. Жалпы, Келісімді ратификациялау Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделеріне сай келеді, – деді Мұхтар Тілеуберді.
Жалпы отырыста депутаттар «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын еңбекші көшіп-қонушылардың Өзбекстан Республикасындағы және Өзбекстан Республикасының азаматтары болып табылатын еңбекші көшіп-қонушылардың Қазақстан Республикасындағы еңбек қызметі және құқықтарын қорғау туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады. Бұл құжаттың жай-жапсарымен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов таныстырды.
Келісімге 2019 жылы 15 сәуірде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Өзбекстанға жасаған мемлекеттік сапары аясында екі елдің басшылары Ташкентте қол қойған болатын. Құжаттың мақсаты – тараптар мемлекеттерінде көші-қон ағындарын реттеу мен заңсыз еңбек қызметін болдырмау жөнінде шараларды жүзеге асыру.
– Келісімді ратификациялау екі елдің арасындағы еңбек көші-қон процестерін реттеуде ынтымақтастықтың нығаюына ықпал етеді деп сенеміз. Ратификация басқа нормативтік-құқықтық актілерді қабылдау немесе оларға өзгерістер енгізуді талап етпейді. Келісімнің күші екі ел арасындағы барлық еңбекші көшіп-қонушыларға қолданылады және олардың қызметі мен құқықтарын қорғау мәселесін реттейді. Сонымен қатар келісімде өкілетті мемлекеттік органдар белгіленген. Құжатта өзара қатынастар бойынша ұлттық заңнаманың басымдығы реттелген және қызметкерлердің, жұмысшылардың базалық кепілдіктері бекітілген. Уағдаластықтарға сәйкес еңбекші мигранттар қабылдаушы мемлекеттің заңдары мен еңбек шартының талаптарына сәйкес демалуға, айналасындағы адамдар үшін қауіп төндіретін аурулар кезінде тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін алуға құқылы, – деді министр.
Заң жобасын талқылау барысында депутат Қожахан Жабағиев 2019 жылы Қазақстанда 500 мыңнан аса еңбекші шетелдік жұмыс істегенін, оның 94%-ы Өзбекстаннан келгенін атап өтіп, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінен еңбекші көшіп-қонушылар қайда, қандай салаларда жұмыс істейтінін, отандық еңбек нарығын талдау мониторингін жүргізу жайын сұрады.
Бұл сұраққа жауап берген Біржан Нұрымбетов шетелдік жұмыс күшін тартудың екі түрі барын, соның бірі компаниялар, мекемелер, жеке тұлғаларға қатысты екенін айтты. Бұларға жұмыс істейтін шетелдіктерге рұқсаттаманы Ішкі істер министрлігі береді. Былтыр жалпы 414 мың рұқсаттама беріліпті. Соның ішінде 117-сінің мерзімі созылған. Өзбекстан азаматтарының саны – 394 мың адам. Еңбек мигранттарының 82%-ы – құрылыс саласында, 9%-ы – күтуші, тәрбиелеуші сияқты үй жұмысшылары, 6%-ы – бағбан, 2%-ы аспаз болып жұмыс істейді екен.
Сонымен қатар депутаттар «2014 жылғы 15 тамыздағы Көлік құралы паспортының (көлік құралының шассиі паспортының) және өздігінен жүретін машина және техниканың басқа да түрлері паспортының бірыңғай нысандарын енгізу және электронды паспорттар жүйелерін ұйымдастыру туралы келісімге Армения Республикасының қосылуы туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңының жобасына қолдау білдірді. Бұл құжатты жиналған қауымның назарына Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің міндетін атқарушы Қайырбек Өскенбаев ұсынды.
Оның айтуынша, Келісім бірыңғай кеден аумағында, өздігінен жүретін машиналардың және басқа техникалардың еркін айналысын қамтамасыз етуге жағдай жасайды. Сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттерінің аумағында шығарылған және тіркеуге жататын көлік құралдарына және техниканың басқа да түрлеріне берілетін паспорттың бірыңғай нысандарын, соның ішінде электронды нысандарын қолдану мәселелерін реттейді.
Қайырбек Өскенбаев Еуразиялық экономикалық комиссияның шешіміне сәйкес 2019 жылдың 1 қарашасынан бастап ЕАЭО аумағында электронды паспорттар жүргізілуі тиіс болғанын, бірақ қазіргі таңда электронды паспорттарды енгізуді көлік құралдары бойынша 2020 жылдың 1 қарашасына дейін, өздігінен жүретін машиналар бойынша 2021 жылдың 1 қарашасына дейін ауыстыру жайы қозғалып жатқанын айтты.
Бұл процестің ұзаққа созылғанына Нұрлан Нығматулин бастаған депутаттар қынжылыс білдірді. Мәжіліс Төрағасы ЕАЭО аумағындағы көлік құралдарының электронды паспорты жүйесінің уақытында іске қосылмауы шетелдік көліктерге қатысты туындаған түйткілді жағдайға ықпал еткенін атап өтті. Ол осы іспен айналысқан, алты жылға созылған келіссөздерден нәтиже шығара алмаған шенеуніктердің жұмысының шикілігін алға тартты.
Бұған қоса жалпы отырыста депутаттар кейбір заңнамалық актілерге ана мен баланы қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы, сондай-ақ аудиторлық қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобаларын жұмысқа алды.
Жиын соңында әдеттегідей құзыретті органдарға депутаттық сауалдар жолданды. Соның ішінде Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында атқарылатын іс-шаралар бойынша ұсыныстар айтылып, тағы бірінде студенттер жатақханасының тапшылығы мәселесі көтерілді. Сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру мәселесі кеңінен қозғалды.