Әлемдік тәжірибе қантөгіс пен революция ешбір мемлекетке береке әкелмейтінін әлдеқашан дәлелдеді. Барлық жағдайды бейбіт жолмен, мәмілемен шешу ең дұрыс жол. Дегенмен митингілер мен бейбіт шерулер өткізу ісі әлем елдерінде заңмен бекітілгені қалыпты жағдай. Бұған қатысты заңымыздың жүйеленіп, бір ізге түскені дұрыс болады деп есептеймін.
Жаңалығы көп жаңа тұжырым азаматтармен билік арасындағы байланысты нығайтып, ешкімнің құқығын шектемейтін тәртіп орнатады деген сенім зор. Тағы бір ескерер жағдай, митингілерді тек Үкіметке қарсы бағытталған шара деп қабылдау қате ұғым.
Заң жобасының маңызды тармағының бірі – бейбіт жиналыстар мен басқа да бұқаралық іс-шаралардың айырмашылығын ашып көрсету. Азаматтар кез келген жағдайда бейбіт жолмен өз пікірлерін білдіруге құқылы. Бұған дейін үлкен-кіші пикеттерге дейін барлығы бір бағытта сипатталып келді. Ал адам саны, бейбіт шерулердің нақты тәртібі белгіленгеннен кейін жағдай басқаша болмақ. Ең бастысы келісім мен мәдениет бірінші орында тұруға тиіс. Мемлекеттің тұрақтылығы бәрінен де маңызды.
Асхат АСЫЛБЕКОВ,
қоғам белсендісі, сарапшы