• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әдебиет 25 Ақпан, 2020

Кітапхана көбейген елде қылмыс азаяды

599 рет
көрсетілді

Алматы облысының мәдени дамуын қолдауға бағытталған қаржы көлемі жыл сайын өсіп отыр. Өткен жылы өңірдегі өнер мен мәдениеттің өркендеуі үшін 7,1 миллиард теңге жұмсалыпты. Бұл қаражат аймақтағы 577 мәдениет және архив мекемесін қолдауға бағытталған.

Яғни, былтыр Бикен Римова атындағы облыстық драма театры, Сүйінбай атындағы облыстық филармония, «Алатау әуендері» концерттік бірлестігі, Халық шығармашылығы орталығы, облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау орталығынан бөлек 247 мәдениет үйі мен клубтар, 278 кітапхана, 25 музей мен 2 галерея және 20 архив мемлекеттің қолдауын сезінгені анық. Біз бұл жолы облыстағы кітапханаларға қатысты сөз қозғамақпыз. Өйткені, қазір аймақта кітап оқуға деген сұраныс артып, елді мекендерде кітапханалар жетіспеушілігі байқалып отыр екен. Мысалға, 2019 жылы Кеген ауданында бірден 9 кітапхана ашылған. Жалпы, ауылдағы ағайынның кітап оқуға деген сұраныс қанағаттандыру үшін қазіргі заманға сай қызмет көрсететін кітапханаларды ашу аздық ететіні сөзсіз. Әсіресе, оқырман талғамынан шығатын рухани сұранысты өтеу үшін мерзімді басылымдар мен кітаптардың мол қорын қалыптастыру қажеттігі күн тәртібінде тұр.

Осы орайда Алматы облысындағы кітапханалардың қажет қорын өлкетану әдебиетімен толықтыру, оқырмандардың тақырыптық сұранысын қанағаттандыру мен аймақтың тарихы мен мәдениетін насихаттау мақсатында жүргізілген жұмыстармен танысу үшін Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық әмбебап кітапханаға барған едік.

- Былтыр Алматы облысы әкімінің қолдауымен «100 томдық Жетісу кітапханасы» жобасы аясында 63 автордың кітаптары жарық көрген болатын. Оның ішінде «Жастар» жылына орай облыстан түлеген 20 жас ақын-жазушының жеке жинақтарының баспа бетін көруі ерекше жаңалық деп білеміз. Ал Ілияс Жансүгіровтың туғанына 125 жыл толуына орай қаламгердің қаламынан туған шығармалардың толық жинағы құрастырылып, 20 том етіп басылып, шықты. Сондай-ақ қазақ қаламгерлері Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіровтың 125 жылдық мерейтойына орай «Үш арыс» кітабы жарыққа шықты. Бұл кітаптың тұсаукесері Алматы қаласында және Түркия мемлекетінде кесіліп, насихатталды. Осы кітаптар жетісудың кітапқұмар қауымы үшін лайықты тарту болды деп ойлаймын. Жарық көрген кітаптар көпшілік қауымға қол жетімді болуы үшін облыстағы барлық кітапханаларға жеткілікті данада таратылды, - дейді Сәкен Сейфуллин атындағы Алматы облыстық әмбебап кітапхананың директоры Ғалия Тоқабаева.

Жеке қорында 5 миллион данаға жуық кітап сақтап отырған облыстық кітапхана оқырманға жаңаша қызмет көрсетуге бет бұрған екен. Кітапханада келушілерге қолайлы жағдай барынша жасалған. Кітап қоры мен мерзімді басылымдарға тапсырыс берушілердің сұранысын жедел, сапалы орындау үшін ішкі іздеу жүйесі толықтай автоматтандырылыпты. Бұл оқырманның уақытын үнемдеуге таптырмайтын амал. Әрі оқырман билеттері де толықтай цифрлы жүйеге көшіпті. Бұрынғыдай тіркелген әр оқырманға бірнеше бет қағаз толтырылып, тұрғылықты мекенжайы туралы анықтама мен жеке куәлік талап ету үрдісі жойылған. Нәтижесінде, кітапхана залына келетін оқырман қарасы едәуір көбейді.

Сондай-ақ кітапхана мұрағатындағы мол рухани мұра да цифрлы қалыпқа көшірілген екен. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы бойынша жүзеге асқан жұмыстың нәтижесінде 2 934 906 электронды каталог тізімделіпті. Ал кітапхананың ішкі жұмысы еліміздегі бибилиографиялық жүйені біріктіретін «Web-Rabis» бағдарламасына қосылған. Қазір аудандардағы 32 кітапхананың мұрағаты да осы жүйеге қосылу үстінде. Яғни, облыс кітапханаларына жасалған ретроконверсия жұмысы толық аяқталса, бүкіл іздеу жүйесі орталықтандырылып, библиографтардың жұмысы жеңілдей түседі. Оқырмандарға қажетті ақпаратты табу оңай болып, сирек кітаптармен қамту да дұрыс жолға қойылмақшы.

Бұдан бөлек, облыстық кітапхана мен «КазНЭБ» электронды ресурсы арасындағы байланыс жақсарып, тұтас қазақ оқырмандары жетісулық 1026 автордың шығармашылығымен ғаламтор арқылы танысуға мүмкіндік алып отыр. Ал цифрлы қалыпқа көшірілген 650 дана кітапқа арнайы штрих-таңба беріліп, смартфонға жүктеп алып оқуға қол жетті.

- «Жаңа заманның кітапханасы қандай болуы керек?» деген сауал біз үшін әрдайым маңызды. Ол үшін заман ағымына ілесе білуіміз керек. Қазіргі кітапханалар тек оқырманға қажетті әдебиетті тауып берумен ғана шектелмеуі тиіс. Бұл жер, ең алдымен адамға рухани демалыс сыйлайтын орта. Қазір біз өз ғимараттарымызға қызмет көрсетудің түрлі тәсілдерін енгізудеміз. Мысалға, Nur Otan партиясы тарапынан басталған «Қазақстан кітапханалары» жобасы аясында облыстағы кітапхана үйлерінен 51 коворкинг орталығы  ашылды. Орталық ашылғалы бері жастар қатары көбейді. Оларға тегін интернет желісіне қосылуға мүмкіндік бердік. Сондай-ақ жастарға емтиханға дайындалуға, дипломдық жұмыстар жазуға, шығармашылық жобалар құруға, іс-шаралар өткізуге, жалпы ғаламтордан қажетті ақпарат іздеуге барлық мүмкіндік жасадық, - дейді кітапхананың директоры Ғалия Тоқабаева.