• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 26 Ақпан, 2020

«Әйтеуір ақсақалдар айтпады деп...»

836 рет
көрсетілді

Дана халқымызда «Келген жеріңнің биігіне шық, елінің үлкеніне жолық» деген нақыл бар. Аузының дуасы бар, ақылдың қаймағына ие ізгілікті, мейірбан, әділетті өмір-тіршілік, келешек жайын, дүние құбылыстарын салиқалы көзқараспен дұрыс безбендеп шешімпаздық танытатын ақсақал – ауыл-аймақтың айбары, құты.

Жапон мақалына жүгінсек, «қарт кісінің тәжірибесі тасбақаның сауытынан берік». Ол өкпешіл, міншіл, көңіліне кір сақтағыш, біреудің іс-әрекетін жоққа шығарғыш емес, «арыстан артына қарап ақырмас» дегендей, келешектің тұлғасын тәрбиелейтін кемел ақылман, көреген көшбасшы. Демек, Абайдың хикмет кеудесі, ғұламалық зердесі елді дұрыс жолға бастаушы өрі-қыры бірдей даналықпен, ізгілікпен, өмірлік тәжірибемен мұздай қаруланған ақсақалдың шынайы тұлғасын сипаттайды. Сондықтан да:

Әйтеуір ақсақалдар айтпады деп,

Жүрмесін деп, аз ғана сөз шығардық –

деуі халық тағдырына, ел болашағына, оның бірлік-тұтастығына, ауызбіршілігіне зор жауапкершілікпен қарағандығынан туындаған. Задында, Абайдың әрбір өлеңінің шығу тарихы бар. Хакімнің әрбір сөзі – сол бір дәуірдің суреті, тұтас бір кесек кемеңгерлік кеңес. Ол асыл жұртының алға басуын, биіктен көрінуін, көсегесі көгеріп, толысып-жетілгенін көксейді. 1886 жылы жазылған «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман» дейтін намыс әрі сөгіс толғауында:

Ақсақалдың, әкенің, білімдінің,

Сөзінен сырдаң тартып, тез жиренбек –

дейді де бұл ойын одан сайын «Ақылсыз шынға сенбей, жоққа сенбек», «Иттей қор боп, өзіне сөз келтірмек» деп, өнерсіздерді, құлықсыздарды әшкерелейді, ақсақалдың тілін алмағандарды айыптайды.

Он төрт жасынан бастап әкесіне қолғанат болған, ел басқару ісіне еркін араласқан, дау-шарларда мінсіз төрелік айтқан, заманды, қоғамды хас тамыршыдай таныған, адам баласының тұңғиық сырларын қапысыз меңгерген Абай:

Мұндай елден бойың тарт,

Мен қажыдым, сен қажы!

Айтып-айтып өтті қарт,

Көнбеді жұрт, не ылажы? –

деп, қазыналы қарттың еңбегі еш болғанына өзегі өртене өкінеді.

Абай рухани қабілет, таным-түсінік, ой-парасат, білім-білік, сана деңгейі жоғары есті ақсақалды, яғни орыстың ойшылы Некрасов айтқандай, «бір әулеттің тірегі, ар-ұяты, рухани ұстазы, даналық көзі», «халықтың, жалпы адамзаттың дамуына бағыт-бағдар беретін» тұлғаны бізше айтқанда, көпті көрген, мінезге бай, қайратты, намысты, жол-жобаға жүйрік зиялы ақсақалды үлгі етіп отыр. Асылы, «ақсақалдық», «үлкендік» ұғымына ұшан-теңіз тәжірибе, кемел көзқарас, мақсаткерлік, кеңпейілділік, елшілдік-мемлекетшілдік, еңбекшілдік, имандылық, жақсылықты қорғау, жамандықты әшкерелеу тәрізді қасиеттер енеді.

Данагөй, сыншыл, алысты болжағыш Абай «тірі болып төрде жоқ, өлі болып көрде жоқ» «қартаң бай», «қартаң шал», «кезбе шал» дейтін көзбояушы сұрпақбайлардың шаңын қағады, шаяндай шағады. Мәселен:

Қартаң тартқан адамнан от азаймақ,

От азайса, әр істің бәрі тайғақ.

Шаруаң үшін көрінген ақыл айтып,

Жолың тайғақ, аяғың тартар маймақ.

(«Жүрек – теңіз, қызықтың бәрі –

асыл тас»)

 

Байбайшыл тартып, баға жоқ,

Жастарға жаппас жала жоқ.

Жат қораны күзеткен

Қартаң шалда сана жоқ.

(«Туғызған ата, ана жоқ»)

 

Басалқа сөз сенде жоқ,

Айтқан сөзің «малың шаш».

Итше індет тілемей

Жат үйіңде, өлсең де аш!

Ойлап-ойлап қарасам,

Осындай шал қайда жоқ.

Қозғау салып қоздырғыш,

Кезбе шалдан пайда жоқ.

(«Қайғы шығар ілімнен»)

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты стратегиялық мән-мағынасы айрықша мақаласында: «Абайдың мол мұрасы қазақ ұлтының жаңа сапасын қалыптастыруға қызмет етеді» деп жазды. Ендеше, жаңаша көзқарас, жаңаша пайым, асыл қасиеттерге ие кісілігі, тәжірибесі, тағылымы мол данагөй ақсақалдықтың заманы туды.