• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Руханият 28 Ақпан, 2020

Қайсарлық қағидаты

490 рет
көрсетілді

Екінші дүниежүзілік соғыста толарсақтан қан кешіп жүріп, Еуропаның жартысын шарлаған, әлемді фашизм езгісінен құтқару жолында қару асынған Баймұқан Амантаевтың өнегелі өмірі ұрпақтарына үлгі.

Бұл – көзі тірісінде: «Мен өз партиямның және өз туған елімнің жауынгерімін» дей­тұғын антына адал, Отанына шексіз берілген жа­уынгер-коммунист туралы естеліктің бір үзігі.

1912 жылы дүние есігін ашқан Б.Амантаев 6 жасынан бастап Ақмола қаласындағы жетімдер үйін­де тәрбиеленді. Сол жерде фаб­­рика-зауыттық оқыту мектебін тәмам­дап, Петропавл қаласындағы темір жол көлігі техникумына оқуға қа­был­данды. Жас кезінен қоғамдық жас­тар қозға­лыстарына белсе­не қа­ты­сып, ком­сомолдың қай­нар көз­ін­де болды. Сол еңбегі еске­рі­ліп, кейін 1934 жылы жастарды тәрбиелеу ісінде белсенділік танытқаны үшін Нұра аудандық комсомол комитетінің хатшысы болып сайланды. БКП (б) ком­му­нис­тік партиясына қа­был­дан­ды.

1937 жылы Коңырат ауда­ны­ның (Қарағанды облысы) партия комитетінің хатшысы болып ауыс­­ты­рылса, араға төрт жыл са­лып 1941 жылы қаңтарда БКП (б) комитетінің шешімі бо­йын­ша Ле­нинград қаласындағы жоға­ры партия мектебіне оқуға жібе­ріл­ді. Осы тұста соғыс басталып, оқуын аяқтамастан май­дан­ға ша­қыр­тыл­ды. Мәскеу қа­ла­сын қор­ғау­шылардың бірі бол­ды. Тіпті атты әскер қата­рын­­да да соғысты. 1941 жылы қыр­­­күйек айының ортасында алғаш рет жарақаттанып, ден­­сау­лығы түзелгеннен соң В.Ленин атындағы әскери-саяси училищенің жеделдетілген курсына жіберіледі. 1942 жылғы қарашада училищені ойдағыдай тәмамдап, бірден саяси жетекші ретінде ұрыс шебіне аттанды.

Мұрағат деректеріне сүйенсек, Б.Амантаев 302-Тернополь диви­­зиясының құрамындағы 827-атқыш­тар полкінде рота сая­си жетекшісінің орынбасары болып, Солтүстік Кав­каз май­­данына қатысады. Кейін 3016-Темрюк дивизиясының 1075 пол­кінің 2-батальонында пар­торг болыпты. Кезекті жара­қат­­тан айыққан соң, 1-Украина май­данына жіберіледі. 60-армия қолбасшылығының шешімі бойынша екі мәрте «Қызыл Ту» орденді 246-Шумск диви­зия­сын­ың 914-полкінде саяси бөлім коман­дирінің орынбасары болып тағай­ындалады.

Соғыста жауынгер бол­­ып қана емес, саяси жетекші жұ­мысын ат­қар­ды. Жа­уын­гер­лер­мен тәрбие жұ­­мыс­тарын да жүргізді. Ол өзге де саяси жетек­ші­лер, комиссарлар сияқ­ты блиндаждар мен окоптарды ара­лап, посттарды тексеріп, жағ­дай­ды біліп тұрған екен. Жаны мен тәні қажыған жауынгерлердің еңсесін тіктеп, құлазыған көңілін көтеріп, жас сарбаздардың ті­ле­уін тіледі. Түсіндіру, үгіт-на­си­хат жұмыстарына жүйелі түрде жетекшілік ете білді. Тіпті саяси сабақтар жүргізуге де уақыт та­уып отырды.

Соғыс кезінде саяси жетек­ші­нің атқарған жұмы­сын ба­ға­­лау қиын. Олар әрқа­шан ер­лік пен намыстың, қаһар­ман­­дықтың үлгісі болғанын айту қажет. Саяси жетекшілер жау­ған оққа қарамай, майдандас­та­рын шабуылға шақырды. Сар­баздардың жігерін жанып, олар­дың мойымауы, берілмеуі, кері шегінбеуі үшін рухтарын шыңдады.

Б.Амантаевтың жауынгерлік әре­кет­тері туралы соғыс хроникасы былай өріліпті. 1943 жылы 31 жел­тоқ­санда темір жол тораптарының бесінші жол айырығы үшін ұрыста автомат­шы­лар командирі қаза болып, әкеміз қол­басшылықты өз қолына ала­ды. Іле-шала сарбаздарды ша­буыл­ға бастап шығып, кес­кілескен шайқаста взвод не­міс­­тердің қорғаныс шебін бұз­ған екен. Шепті бұзып қана қоймай, жаудың екі сарбазын қолға түсіріп, фашистердің үлкен тобын жояды.

1945 жылғы қысқы ша­буыл­­­дағы ұрыс алдында жауын­гер­лерді соғысқа да­йындай отырып, жеке құ­рам арасында үгіт жұмысын жүр­гіз­ді. Краков бағытындағы және одан әрі оңтүстік-батыстағы майдандарда қарамағындағы жауынгерлердің жігерін жанып, батальонның, жеке құрамының жоғары моральдық жай-күйін қамтамасыз ете алды. Сондай-ақ барлық әскери міндеттерді табыс­ты орындады. Б.Амантаев қауіпті елең қылмай, үнемі соққы беретін топта болды. Жеке басын үлгі етіп, сарбаздарды жігерлендірді.

Бірде рота жау оғының астында қалған Максвальдау елді ме­ке­­нін басып алады. Сол сәт Б.Аман­таев­тың жеке ынтасы бо­йын­ша миномет ротасы шақы­ры­­лып, со­ның тасасында ротаны ша­буыл­ға көтереді. Сөйте жүріп 1945 жылы 5 сәуірде ауылдың шетіне шы­ғып­ты.

Б.Амантаевтың ендігі бір ер­лік ісін ерекше атап айтқымыз келе­ді. Оның 1943 жылы 6 мамырда алған жарақаты өте ауыр болды. Со­ғысқа жарамсыз деп танылып, үйге жібереміз дегенде ол кісі бас тарт­қан екен. Командирлерін қатарда қал­амын деп көндіреді. Алайда Б.Амантаев Берлинге дейін жете алма­ды. 1945 жылы сәуірде оқтың жа­рықшағы иығынан ауыр жаралады. Польшадағы гос­питальға түсіп, Жеңісті сонда қарсы алды. Бірақ ол үшін соғыс аяқталған жоқ еді. Бан­­­деровшылардың шабуылына ұшы­рап, тағы жара­қат­та­нып, Украи­на­да­ғы госпитальда ем­де­ле­ді.

Таңғаларлық тағдыр иесі небір сыннан өтсе де тірі қалды. Ақыры 1945 жылы қарашада аға лейтенант шенімен туған үйіне – Ақмола қаласына оралды.

Ерлігі елеусіз қалмай «Қызыл Жұлдыз», ІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордендерімен, «Кав­каз қор­ғанысы үшін», «Қа­һар­м­а­н­ды­ғы үшін», «Германия тү­бін­де­гі жеңіс үшін», «Ерлігі үшін» медальдарымен мара­патталды.

Соғыс аяқталған соң мүге­дек­тігіне қарамастан, қоғам игі­­лі­гі жо­лын­­дағы қызметін жал­ғас­тырды. Ақмо­ла облыстық атқару комитеті жа­­нындағы көші-қон бөлімінің бас­ты­ғы болып жұмыс істеді. Кейін Вишнев аудандық партия ко­ми­тетінің хатшысы болып сайланды. Бұдан соң Қорғалжын ауда­­­нындағы машина-трактор стансасының бас­ты­ғы болып жұмыс істеп, сол жерден ден­сау­лы­ғына байланысты мер­зі­­мі­нен бұрын зейнеткерлікке шық­ты. 1979 жылы өмірден озды.

 

Кенжебек АМАНТАЕВ

 

НҰР-СҰЛТАН