Алматы қалалық мәслихатының депутаты Константин Авершин жетекшілік ететін «Мен – алматылықпын» қоғамдық бірлестігі өз жұмысын 2014 жылы бастаған еді. Сол кезден бері біраз шаруа атқарып, көптеген игі істің басы-қасынан табылған еріктілер халықтың зор алғысы мен ыстық ықыласына бөленуде.
Бүгінгі таңда «Мен – алматылықпын» қоғамдық бірлестігі сегіз бағытта жұмыс істеуде: білім беру, төтенше жағдайлардың салдарын жою және зардап шеккен аймақтарға гумманитарлық көмек көрсету, спорттық лига мен саламатты өмір салты, деморганизация жұмыстары, «Юстус» заң палатасы, арнайы мақсаттағы күштердің Ардагерлер одағымен бірлескен жұмыс, экология, жастар мәселесі.
Расында да, осы бағыттарда айтулы ұйым біраз шаруа тындырған екен. Мәселен, республикамыздың бірқатар өңірінде (Арыс пен Алматы қалалары, Қарағанды мен Ақтөбе облыстары және т.б), тіптен шет мемлекеттерде болған төтенше жағдайлардың салдарын жоюға атсалысып, гуманитарлық көмек көрсетті. Қарттар мен жетімдер үйін өз қамқорлығына алды. Кембағал жандар мен тұрмысы төмен отбасыларға көмек көрсетті.
Білім беру жобасы бойынша Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында 1700-ден аса баланы жаңа технологиялар бойынша ағылшын тіліне үйретті. Спорттық сайыстар мен әскери-патриоттық шараларды үздіксіз ұйымдастырып тұрады. Осылайша, халықтың денсаулығын нығайтып, оларды саламатты өмір салтына ынталандыруға және жас жеткіншектерді отансүйгіштік рухта тәрбиелеуге барынша үлес қосуда.
Экология мәселесі де «Мен – алматылықпын» қоғамдық бірлестігі назарынан тыс қалған емес. Осы орайда волонтерлер қаланы көріктендіру, гүлдендіру бағытында үздіксіз жұмыс жүргізіп келеді. Міне, осылай тізбектей берсек, айтулы ұйым тарапынан атқарылып жатқан шаруаның аз еместігіне анық көз жеткізуге болады.
АЛМАТЫ