• RUB:
    5.18
  • USD:
    514.93
  • EUR:
    536.04
Басты сайтқа өту
Бизнес 02 Наурыз, 2020

Гүл нарығы: Бәсекеге дайынбыз ба?

1252 рет
көрсетілді

Халықаралық әйелдер күні қарсаңында раушангүл мен қызғалдақтарға сұраныс үш есе өсіп кетеді.   Ішкі нарықтың қажеттілігінің  жартысын   импорттан келген өнімдер қанағаттандырып отыр.  Ал қалған бөлігі отандық өнімнің үлесінде. Отандық үлестің  30 пайызы ішкі сұранысты қамтамасыз етуге  бағытталған Алматы мен Шымкент қалаларындағы  5 ірі жылыжайдың еншісінде. Қалған 20 пайыз өнім  ішкі нарықта ұсақ партиялармен жұмыс істейтін  шағын және орта бизнестің үлесінде.

Өте аз көрсеткіштің себебі  де  түсінікті.   Гүл –  қымбат бизнес, тәуекелі де  тым жоғары. Бірақ соған қарамастан өте жылдам қарқынмен дамып келе жатқан сенгмент.  Осыдан  3 жыл бұрын жылдық табысы  құны 100 млн АҚШ долларын құраған нарықтың бүгінгі табысы   150 млн АҚШ долларына жетті.

Гүл сатушылардың  айтуынша, ғаламдық  экономикалық дағдарыс аталған салаға, керісінше  өсім беріп отыр. Мамандар мұның себебін - гүл қолжетімді сыйлықтардың болғандығымен түсіндіреді.  Құны 500 теңге болса да гүлдің аты гүл - біздің күнделікті өміріміздің негізгі құрамдас бөліктерінің біріне айналды. Басқаша айтқанда, дүние есігін гүлмен ашып, гүлмен жабатын жағдайға жеттік.  Соңғы жылдары той  өтетін салтанатты залдарды  хош иісті гүлдермен көмкеру сәнге айналғанын бәріміз көріп жүрміз.

«Гүлмен безендіруге жұмсалған қаржы той шығынының 10 пайызын құрайды» дейді сала мамандары.

Ішкі нарыққа гүлдер  Эквадор, Колумбия, Кения мен Голландиядан жеткізіледі. Соңғы аталған елдерді   әлемдік гүл нарығының хабы деп санауға болады.   Америка мен Африкадан әкелінетін өнімдер бірінші кезекте транзит арқылы Нидерланды арқылы дүние жүзіне таратылады екен.

Кеден-шекара ұйымдарының мәліметтері бойынша, 2019 жылы Қазақстанға  алыс-жақын шетелдерден  құны 29,2 млн АҚШ долларына бағаланған 73,5 млн дана гүл жеткізілді.   Гүл нарығындағы басты экспортер ел  – Эквадордан  23 млн АҚШ доларына бағаланған 55,8 млн дана,  Кениядан 1,8 млн АҚШ доллары тұратын 7,3 млн дана, Колумбиядан 2,9 млн АҚШ долларына  6,8 млн дана, Нидерландиядан 1,2 млн АҚШ долларына 2,9 млн дана  раушан гүлі жеткізілген.

Ал екінші орында – қызғалдақ.

2019 жылы елге 1,7 млн  АҚШ долларына бағаланған  19 млн қызғалдақтың топырақ астындағы түйнегі жеткізілген.   Ел ішінде қызғалдақты  8 наурыз мейрамының символикалық бейнесі ретінде қарастыратындар жетеді.  Импорттан келген қызғалдақтардың  80 пайызы 5-8 наурыз арасында сатылып кетеді екен.  2019 жылы Қазақстанда    8 наурыз қарсаңында  Қазақстанда  Польша мен Нидерландиядан келген  2 млн АҚШ доллары тұратын 16 млн қызғалдақ сатылған.

Реттік  саны бойынша үшінші орынды місе тұтқан хризантеманың 11,9  млн  данасын флористер  5,1 АҚШ долларына сатып алыпты.       Сарапшылар   гүл дүкендері мен интернет дүкендерде баға гүл базарларына қарағанда 500-800 теңгеге қымбат екенін айтады.  2019 жылы ішкі нарықта сатылған гүлдердің 80 пайызы интернет дүкендері арқылы тапсырыс берілген.

Гүл сатушылар қай мейрамда қай гүлге көп тапсырыс беруді жақсы меңгеріп алған.  8 наурызда қызғалдақтар сұранысқа ие болса,   8-9 мамырда қалампыр гүлі жақсы өтеді.     Ал  1  қыркүйек –  Білім күнінде Бақыт гүлінің «жолы болады» екен.

Қанша қарасақ та көзіміз тоймайтын, сұлулыққа іңкәр көңілімізге бір сәт болсын қуаныш сыйлайтын әсемдікке сүйсінбейтін адам баласы жоқ.  Бірақ гүл нарығындағы үлесіміз көңіл көншітпейді.   Гүл  саудалау  бизнесінде тәуекелдер көп. Мәселенің түйіні  тасымалдаумен немесе сатып алушылардың сатып алу қабілетіне байланып тұр.  Нарықтағы жаңа ойыншылар үшін үлкен тәуекел –  тұрақты клиенттердің болмауы және нарықта жұмыс істеудің алғашқы айларында сатып алынатын, сатылмайтын және кәсіпкерге шығын әкелетін өнімнің үлкен көлеміне байланысты. Себебі өтпей қалған гүлдерді сақтап қоятын мүмкіндік аз. Сондықтан, 8 наурыз күні әр данасы 2-3 мың теңгеден сатылған гүл  9-10 наурыз күндері 500 теңгеге түсіп кетуі әбден мүмкін.

«FlorAmie» Басқарма төрағасы Амина Сержанованың айтуынша, онлайн-сатылымға қарағанда офлайн саудада қауіп көп.

Гүлдерге деген сұраныстың болмауынан кірісті жоғалту қаупін жоғарылатады.  Интернеттегі сатылымдарда бұл қауіп аз, өйткені гүлдер брондау арқылы сатып алынады, бірақ сатудың осы әдісінен түсетін табыс аз болады.

Сарапшылар жоғарыдан қолдау болмаса,  алдағы уақытта да импорттан келген гүлдердің бәсі басым бола берері анық.

Мұхиттың арғы жағыннан жеткенше  хош иісінінен айырылып қалатын гүлдерге мойнымызды созғанша, жылыжай салып, гүл өсіріп, пайда таппаймыз» деген мәселе ақжемденіп кеткен тақырыпқа айналды.  Бірақ отандық инвесторлар тарапынан  саланы дамытуға, аяғынан  тұрғызуға деген  ықылас кемшін.  Себебі бізде гүл өсірушілерге берілетін мемлекеттік жеңілдіктер де, бағыт-бағдар беретін заңнамалық  құжаттар да жоқ. Сондықтан мамандар  саланың дамуын  ескексіз қайықта жүзіп бара жатқан жолаушының тағдырына теңейді. Тіпті, әлемдік нарықта ең табысты саланың бірі болып табылатын гүл нарығы индустриясын бақылау қандай министрліктің құзіретінде екенін де ешкім білмейді. Бірақ, сырт көзге экономикада борттан тыс қалып  қойған гүл нарығы инновацияның мүмкіндігінен құр алақан емес екенін, оның алды біздің елге жеткенін көзіміз көріп жүр.

Алматыдағы  «FlorAmie» Басқарма төрағасы Амина Сержанова бізбен әңгімесінде  2018 жылдан бастап ішкі нарыққа «сөйлейтін гүлдер» келе бастағанын айтты. Осыдан он жыл бұрын АҚШ-та, бес жыл бұрын Ресейде пайда болған идеяның бізде  қазір бәсі басым  болып тұр.   Қазір жастар арасында көңілі түскен бойжеткенге сезімін гүлдің қуат көзіне жазылған сөйлем арқылы жеткізетіндер көбейіп барады.   Бұдан өзге, гүл сатушылар қазір «Ұл сыйлағаныңа рахмет!» «Мерейтойыңмен», «Туған күніңмен», «Шаңырақ құруыңмен», «Тек сені сүйемін», «Кешірші, жаным» дегендей жабыстырмалары бар гүлдердің зор сұранысқа ие екенін айтады. «Бір өкініштісі,   «сөйлейтін гүлдердің» де тілі көбіне орыс немесе ағылшын тілдерінде.  Соңғы кезде қытай тілінде сөйлейтін гүлдер де келе бастады.  Флористер қазақ тіліндегі тапсырыстардың тым аздығын айтып ақталады» дейді Амина Сержанова.

Өткен жылдан бастап басымдыққа ие бола бастаған тренд -  кеңес жүйесі    кезінде сұранысқа ие болған тек раушан гүлінен тұратын гүл шоғыры сәннен түсіп қалыпты. Басымдық дала гүлдерінен дайындалған гүл шоғырларына беріле бастаған. «Қазір әртүрлі гүлдердің жиынтығынан тұратын өнімдер сұранысқа ие. Оларды  әдемі етіп ұсыну    гүл сататын  интернет-салонның  рейтингісін анықтайды.  Бізге  әлемдік нарықта сұранысқа ие үлгілерді қазақстандық тұтынушылардың талғамына үйлестіруге тура келеді. Жастық шағы КСРО-ның соңғы жылдарына тура келген толқын тек раушан гүлдерінен жасалған гүл топтамасына басымдық береді. Алдағы бес-алты жылда раушан гүлдері сәннен түспейді»    дейді Амина Сержанова.

Сарапшылар 2019 жылғы гүл нарығындағы жаңа тренд,  нарықтың электронды саудаға қарай ойысқанын айтады. «Интернет-сауданың өзіндік ерекшеліктері бар. Лондонда немесе Нью-Иоркте жүрген азаматтар Алматыдағы сүйіктісін құттықтауға тапсырыс бере алады.  Қазір Батыс елдеріндегі гүл өсірумен, сатумен айналысатын интернет-салондар Алматы, Нұр-Сұлтан және Ақтау қалаларынан  өкілдіктерін ашып жатыр. Қазақстандық компанияларға бағаның қол жетімділігі тұрғысынан клиенттерді тарту оңай, бірақ сенім тұрғысынан проблемалар бар.  Компанияның сайтында көрсетілген гүлдің безендіру формасы  мен жеткізілген өнім түрі арасындағы айырмашылық, сапасыз қызмет  саланың дамуына кедергі келтіреді.  Бірақ нарық мұндай құбылыстардан арылып келеді. Себебі ішкі нарыққа Ресейдің, Қырғызстанның және Өзбекстанның интернет салондары келе бастады. Олар қазақстандықтар ұсынған бағадан екі-үш есе арзан бағада қызмет көрсете алады. Себебі бізде гүлді безендіруге маманданғандар аз.  Гүлді өзімізде өсіргенмен, соңғы нәтиже безендіруге келгенде  шетелдік мамандардың қызметіне жүгінеміз. Әзірге осы салаға маманданғандар аз.  2019 жылы интернет арқылы тапсырыс бергендердің қатары өсті. Сауалнама нәтижесі 18-55 жас  аралығындағы азаматтардың 90 пайызы гүлге интернет арқылы тапсырыс беретінін көрсетті» дейді Амина Сержанова.

Алдағы бірер күнде Алматы мен Астана көшелерінде гүл сататындардың қатары азайып кетсе, оған таңқалмаңыз.   Қазір гүл нарығының осы екі сегментінде тұтынушылардың талғамы үшін аламан бәйге жүріп жатыр. Әзірге Алматы мен Нұр-Сұлтанның гүл нарығындағы   басымдық  –  интернет салондарда болып тұр.  Әзірге нарықта орын бар кезде аттың басын сол бағытқа бейімдегендер ұтылмайды.

Алматы