Таяуда тәуелсіз сарапшылардың елдегі банк секторының актив сапасын бағалау жұмыстары аяқталды. Нәтижесі мынадай: банк секторының таза пайдасы жыл санап өсіп келеді. Алайда AQR қорытындысы бойынша саланы сауықтару шаралары да қажет.
Қазақстанның банк секторының шынайы ахуалын тексеру үшін былтыр AQR жасалғаны белгілі. Сөйтіп елдегі 27 банктің ең ірі 14-іне тексеріс жасалды. Бұл 14 банкке елдегі банк секторы жалпы активінің 87 пайызы және несие портфелінің 90 пайызына тиесілі. Актив сапасын бағалау нәтижесіне сүйенсек, аталған 14 банктің төртеуінде жағдай жақсы емес. Яғни 4 банктің меншікті капиталы жеткіліксіз. Алайда AQR қорытындысында салымшылар үшін ешқандай қауіп жоқ екені айтылған. Қорытындының егжей-тегжейі банктердің өздеріне ғана беріліп, онда ұсыныстар мен ескертулер де көрсетілмек.
AQR нәтижесін жорамалдап, әлдебір банктерге жала жабудан аулақпыз. Айтпағымыз, жекелеген банктердің ахуалы емес. Жалпы елдегі банк секторының жағдайы. Оның үстіне, Ұлттық банктің талабы бойынша, AQR нәтижесінен кейін ескерту алған банк акционерлері қаржы ұйымдарына қосымша ақша салып, нашар несиелерден арылуы шарт.
Банк секторы мемлекеттен триллиондап көмек алғаннан кейін сауықпақ түгілі, ендігі шетел нарығына шығып кететін уақыты болған. Алайда AQR нәтижесіне сүйенсек, отандық қаржы ұйымдары әлі де мемлекетке алақан жайып отырғанға ұқсайды. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олег Смоляковтың айтуынша, банк секторын тағы да тығырықтан алып шығу үшін қосымша 450 млрд теңге қажет. Әрине бұл жолы қаражатты мемлекет берейін деп отырған жоқ.
Ал AQR жүргізуге қатысқан тәуелсіз сарапшылардың пікірінше, отандық банк секторында Ұлттық банк айтқандай 450 млрд теңге емес, 680 млрд теңге тапшылық байқалады. Негізі мұндай тапшылықтың болатыны бұрын да белгілі болған. Акционерлер өз бизнестерінің кемшіліктерін AQR-сіз де білуі тиіс. Алайда, қазір осы тапшылықтың ашық айтылуы мемлекеттен ақша сұрау үшін жасалып жатқан дайындық болуы да ғажап емес. Бұрын банктердің қожайындары Үкімет пен Ұлттық банктен көмек сұраған болса, осы жолғы сауықтыруға «банктер үшін емес, экономика мен қаржы нарығының тұрақтылығы үшін» деген желеу айтылуы ықтимал.
Біз ойлағандай «кедей» емес
Ең қызығы, соңғы екі жылдағы банк нарығына көз жүгіртсек, қаржы ұйымдарының халі анау айтқандай жаман емес екенін көреміз. Мәселен, соңғы екі жылда банктердің меншікті капиталы 3 трлн теңгеден 3,6 трлн теңгеге өскені анық. Сонымен қатар 2018 жылы 28 банктің жыл қорытындысы бойынша таза табысы 638,4 млрд теңге болды. Ал былтыр тіпті 812 млрд теңгеге жетті. Сарапшылар айтқандай, банк секторында 680 млрд теңге тапшылық бар дегеннің өзінде, акционерлердің былтырғы табысының өзі осы дефицитті толтыруға жетпей ме?
Сонымен қатар банктердің соңғы екі жылдағы таза табысының пайыздық маржасы тиісінше 5,12 және 5,2 пайызды құрады. Бұл әлем бойынша өте жақсы көрсеткіш болғанымен, ішкі нарықтағы инфляцияны ескергенде «минуста» деп айтуға болады.
Банктердің соңғы бірнеше жылда табысы тұрақты өсіп жатқаны қарапайым халықтың арқасы екені қазір ешкімге жасырын емес. Мәселен, олар берген несие 2018 жылғы 13 трлн теңгеден былтыр 13,8 трлн теңгеге өсті. Соның ішінде бизнесті қаржыландыру керісінше 500 млрд теңгеге азайды. Есесіне халықтың мойнындағы қарыз 1,3 трлн теңгеге ұлғайып кетті. Депозит нарығында да жеке тұлғалар белсенді. Екінші деңгейлі банктерде жатқан қаражат былтыр 18,5 трлн теңгеден 19 трлн теңгеге көбейгенде бизнестің 9,8 трлн теңгесі өзгеріссіз қалса, жеке тұлғалардың жинаған ақшасы 8,6 трлн теңгеден 9,2 трлн теңгеге өсті.
Банктер еңбектенгісі келмейді
AQR қорытындысы бойынша екінші деңгейлі банктерге берілген тағы бір ескерту – қайтпай қалуы мүмкін нашар несиелердің үлесін азайту. Несие нарығы негізінен жеке тұлғалардың алған тұтынушылық несиелері есебінен өсіп отырғаны жоғарыда айтылды. Несие алу шарттарының оңайлануы, төлемге қабілетсіз клиенттердің көбеюі мен қайтпай қалуы ықтимал қарыздың көбеюіне әкеліп соққаны анық. Олай болса, банктер Ұлттық банктің ұсынысына құлақ асып, несие шарттарын қатаңдатуы қажет. Оған қазір билік те мүдделі болып отыр. Себеп – қаржылық қолжетімділіктің әлеуметтік мәселеге айналуы. Қазіргі таңда банк секторындағы нашар несиелердің үлесі 8 пайыздың айналасында. Ломбардтар мен микроқаржы ұйымдарының несие портфелін есепке алсақ, көрсеткіш 10 пайыздан да асып кетеді. Ал бұл меже қаржылық дағдарысты туындататын төте жол.
Қаржылық дағдарыстың алдын алу үшін банктер табысын көбейту үшін халыққа жаппай несие бере бермей, бизнесті де қаржыландырып, қор нарығында да белсенді болуы керек. Қазіргі таңда банктер активтерінің 50,9 пайызы несиеге тиесілі екен. Тек 20,7 пайызы ғана бағалы қағаздар портфелінің еншісінде. Ал қаржы нарығы дамыған елдерде бұл көрсеткіш керісінше болып келеді.
Қорыта айтар болсақ, банктердің меншікті капиталы мен таза пайдасы жыл санап ұлғайғанымен, акционерлердің әлі де өз бизнесіне өздерінің жаны ашымай отыр. Оның орнына сырттан қарыз алу немесе Үкіметке, яғни халыққа қол жаю оңай болып тұр.