• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Таным 03 Наурыз, 2020

Қырғыз қызы

979 рет
көрсетілді

Бішкекке бара қалсаңыз, Гапар Айтиев атындағы қыр­ғыз ұлттық бейнелеу өнерінің мұражайына бас сұқпай кет­пеңіз деп кеңес берер едім. Се­бебі мұндағы картиналарға қарап ойланып, қазақ-қырғызға ортақ ақ бас Алатауды жаңа қырынан көргендей болып қайтудың өзі бір ғанибет.

Көрме залының қаракөлең­ке­леу тұсына ілінген таныс суретке осы жолы аз-кем тоқтала кет­ке­німіз жөн-ау деген ой ке­леді. Қа­ра­­­ңызшы, үстіне ақ көйлек, көк желеткі киіп, басына қызыл орамал тарт­қан қарапайым ғана қырғыз қы­зы. Қолында кітабы бар. Тау бөк­те­рін­дегі айылдан шығып, мек­тепке қарай келе жатқан тәрізді.

Арт жақта қалған айылдың екі-үш үйі, алыстағы мәңгілік қар жа­мылған тау шыңдары көрінеді. Ас­пан ашық. Күн шуа­ғына малынған кең дала­ның жұпар иісін, жылы лебін сезесіз.

Бұл – мәңгілік тірі бейне. Карти­наның алдына бар­ғанда, өз-өзіңізден былай ығы­сып, әлгі қызға жол беріп, жаны­ңыздан өткізіп жібергіңіз келіп тұрады...

Бір кездері қылқалам ше­бер­ле­ріне кеңес үкіметі мен ком­му­нис­­тік партияның жеңі­сін бейнелеу мемлекеттік тапсырыс болып жүк­телгені рас. Қырғызстанда туып-өскен дарынды суретші С.А.Чуйков та өт­кен ғасырда осындай тап­сыр­маларды орындауға тиіс еді.

Әйтсе де, ол өзіне жүктелген мін­детке суреткерлік шебер­лікпен мүлде басқаша рең беріп, белгілі бір кезеңнің ғана емес, мәңгіліктің қазынасына ай­налатындай шынайы өнер туындысын жасады. Сондық­тан да, бұл картинаның бас­ты тақырыбы – таза, мөлдір табиғат пен өмірге құштар жас ұрпақ болып қалды.

Суретшінің 1939-1948 жыл­дар аралығында салған «Қыр­ғыздағы колхоз сюитасы» циклына енген осынау тамаша туынды әу баста «Кеңестік Қыр­ғызстан қызы» деп аталды. Ал қазір оны өнерсүйер қауым жай ғана «Қырғыз қызы» деп атағанды жөн көреді.

Өнер зерттеушілерінің айтуына қарағанда, суретші бұл картинаны қырқыншы жыл­дардың соңына таман 13-14 жастар шамасындағы Орта-Сай айылының қызы Айжа­мал Оғабаеваға қарап отырып салған.

Қылқалам шебері Семен Чуйков 1980 жылы, 78 жасында Мәскеуде дүниеден өтті.

Оның «Қырғыз қызы» кар­ти­насы Орталық Азиядағы мәң­гілік өнер туын­дыларының бірі болып қалды.