• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Қазақстан 04 Наурыз, 2020

«CFO Summit-2020» адами капиталға инвестиция салуға үндеді

141 рет
көрсетілді

Алматыда  жыл сайын өтетін  CFO Summit 2020 бұл жолы да белгілі қаржыгерлер, саясаткерлер, топ-менеджерлер, ірі отандық және халықаралық компаниялардың жетекші сарапшыларының басын қосып, қаржы жүйесін дамыту мүмкіндіктерін, соңғы өзгерістер, тенденциялар мен инновациялар, сондай-ақ әлемдік экономиканың өзекті мәселелерін талқылады.

Ең қызу пікірталастардың бірі «ERP болашағы» панельдік пікірталас болды, онда ERP жүйесінің (компанияның ресурстарды басқару жүйесі) оң жақтары мен кемшіліктері  туралы айтылып, сәтті қолдану бизнесті басқарудың тиімділігі мен оның бәсекеге қабілеттілігін арттыратынына көңіл бөлді.

Саммитке алыстан ат арытып шақырып алған құрметті қонақтардың бірі  «Майкрософт»  корпорациясының директоры Тибор Колеяк  өзінің презентациясында Microsoft корпорациясының жасанды интеллект (IT) көмегімен бизнесті қалай өзгертетінін нақты көрсеткенін айтып,  адамның мәнсабына нүкте қояды деген қорқынышты сейілтіп тастады.  «Жасанды  интеллект банкирлерді ауыстыруды мақсат етпейді, бұл банктердің жұмысын оңтайландырады, оларға  мәліметтерге негізделген ақпараттандырылған шешімдер қабылдауға көмектеседі. Майкрософт қауіпсіздікке, мөлдірлікке және қаржылық сәйкестікке қаржы салады, бұл қаржы секторының ойыншыларына бүкіл әлемде бизнес жүргізуге жаңашыл болуға және бәсекеге қабілетті болуға мүмкіндік береді », - деді Тибор Колеяк.

Бүгінгі таңда   ақпаратты   технология  қаржы секторын сандық түрлендіруде үлкен рөл атқарады, қазіргі заманғы инновациялар компанияларға жаңа экожүйеге жетуге және бәсекеге қабілетті болып қалуға  көмектеседі, банктердің мәліметтерін іс-қимыл идеяларына айналдыруға көмектеседі.   Осы саладан үш жылдан бергі табысы 1,2 трлн доллардан асып кетті. Оның 80 пайызы  ақпаратты технологияның құлағында ойнап отырған елдердің қанжығасын майлап тұр. Клиенттермен жұмыс істеудің қазіргі консервативтік  тәсілдері олармен байланыстың жоғалуына әкелді.  «Әр түрлі қаржылық ұйымдарға арналған Microsoft қосымшалары клиенттерге жекеленген өнімдер мен қызметтерді өзіне ыңғайлы уақытта және дұрыс байланыс арнасын  ұсынып, қызмет сапасын едәуір жақсарта алады» деп атап өтті Тибор Колеяк.

Демократия  және экономика, мұнай секторы және экономиканы әртараптандыру Алматыда өтіп жатқан  CFO-2020-ның  ерекше көңіл бөлген тақырыптарының бірі болды:  Алғашқы сессияның модераторы Досым Сәтпаевтың  «өзіңізді Қаржы министрінің орнына қойып, елге арналған жаңа экономикалық саясат жасаңыз: Қай бағытқа басымдық берер едіңіз? Мұнайдан кейін өмір бар ма? » деп мәселені қабырғасынан қоюы  форум қонақтарының ойландырып, залда бір сәт үнсіздік орнады.  

Ең алдымен ес жиған Алмас Шукин Қазақстанды алдағы жарты ғасырда мұнайсыз елестету мүмкін еместігін тілге тиек етіп өтті.

«2030-35 жылдары әлемде мұнай өндіру шарықтау шегіне жетеді: Күніне 108 млн баррель мұнай шығады. Содан кейін ғана 2050 жылдарға қарай  оның қарқыны бәсеңдейді» дейді Алмас Шукин.  

Экономист, сондай-ақ мұнайға деген әлемдік сұраныс төмендеген кезде мұнай нарығындағы ірі ойыншылар нарықтан шыға бастайды.  Бұл процестен  Қазақстан да шет қала алмайды.   «Мен мұнайдан   да өзекті мәселеге назарларыңызды аударғым келеді: 2025 жылдан бастап Қазақстанның халқы жылына 1,4 пайызға өседі. 1990 жылдардағы демографиялық дағдарыстың орнын сол өсім толықтырады. «Бэби-бум»  құдіретінің қандай екенін біз 2025 жылдан бастап сезе бастаймыз.  Себебі 2025 жылдан бастап халық саны жыл сайын 1 млн адамға көбейіп отырады.  Сондықтан, мемлекет халықты жұмыспен қамтамасыз ету мәселесін бүгіннен бастап ойлану керек»  деген спикер Қазақстандағы кедейлік деңгейінің жыл сайын төмендеп келе жатқанын да айтып өтті.

1990 жылдарда бұл көрсеткіш 45 пайыз 2017 жылдарда бұл көрсеткіш 2,6 пайызға, 43,4 пайызға дейін төмендеген. Ал 2019 жылдан бастап кедейлік деңгейі қайта көтеріле бастапты.  Бірақ кедейлер саны өскенмен, сонымен бір мезгілде экономиканың күре тамырына қан жүгіре бастағаны да байқалған.

Алмас Чукин  Қазақстанның  жан басына шаққандағы ЖІӨ-ді бұрынғы КСРО елдерінде, сондай-ақ Қытай мен Вьетнаммен салыстырып өтті.  Оның айтуынша, Қазақстан Эстониядан шамамен бірдей деңгейде басталды, бірақ 2019 жылдың соңына қарай Эстонияда бұл көрсеткіш 23 524 долларды, ал Қазақстанда - 9 139 долларды құрайды.

«Қытай бізді басып озды ($ 10,099), ол жақында Вьетнамнан да ($ 7,816) озып кетті. Біз алдағы   уақытта капиталын инвестициялауымыз керек. Адам капиталы  бізден қозы көш ілгері озып кеткен елдермен теңестіреді», - деп түйіндеді Чукин.

«First Heartland Jỳsan Bank»  тәуелсіз директоры Болат Жәмішев Қазақстанда үкіметтің кейбір шешімдері негізгі стратегияға қайшы келетініне назар аударуымыз қажет екенін айтты.  Қазақстанда жүйелі сипаттағы көптеген шаралар экономиканың тұрақты дамуына ықпал еткені шындық.   Сонымен қатар, жиі қайшылықты шешімдер қабылданып кеткенін көріп жүрміз.   « Бұл шешімдер  дамудың ішкі мүмкіндіктері ескерілмей қабылданып кетеді.  Қазақстанда қабылданған мемлекеттік бағдарламалар арасында байланыстың болмауының басты себебі осы», - деді Жәмішев.

Спикер сонымен қатар, мұндай шешімдер көбінесе тек соны қабылдаған адамдардың  бизнесіне ғана әсер ететінін, қалған уақытта талқылау тақырыбына айналумен  шектелетінін де айтып өтті.   Сонымен қатар, Жәмішевтің пікірінше, Қазақстанда негізгі салалар (мұнай және тау-кен металлургия секторлары) ұзақ уақыт бойы экономиканың тұрақты дамуының негізгі бағыты болып қала береді.

«Егер алты жыл бұрын корпоративті несиелер 7,3 трлн теңгені құраса, қазір бұл көрсеткіш 3,9 трлн теңге. Бұл айтарлықтай төмен»   деп түсіндірді Жәмішев.

Қазақстан   қаржыгерлері қауымдастығының (ҚҚҚ) басшысы Елена Бахмутова қазақстандық банктердің активтерінің сапасына халықаралық баға беру ЕДБ-нің ашықтығын растайтынына сенімді. Себебі  AQR нәтижелері реттеуші және банкирлер бірнеше жылдар ішінде саланың негізгі мәселелерін шеше алатындығын көрсетті.   «AQR нәтижелері  банк жүйесіне деген сенім қалпына келгенін көрсетті. Мұны халықаралық сарапшылар растады.   Банктердің қызметіне күмәнданумен аяқтау қажет.  Ешқандай үлкен өзгерістер болған жоқ. Бұл банктердің қазіргі тәжірибесінің дұрыс екендігін айтады.  AQR нәтижелері бойынша күтілетін несиелік шығындар деңгейі ғана өзгерді »,   деп түсіндірді Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының басқарма төрағасы.

Панельдік  пікірсайыста сөйлеген сөзінде Ұлттық банктің бұрынғы басшысы және белгілі сарапшы Ораз Жандосов Қазақстанның биылғы жылғы өсімі, үкіметтің   экономиканы жақсарту үшін жеткіліксіз шараларды ұсынғаны, теңгенің құбылмалылығынан түбегейлі қалай қорғауға болатындығы және Қазақстан экономикасының болашағы туралы әңгімелеп, 2020 жылдың алғашқы жартысында экономикалық өсім болады деп дәмеленудің қажеті жоғын айтты.      «Қазақстанның экономикалық өсімі кері кетіп жатыр» деген пікірге де қосылмаймын.  Қазіргі жағдайды Қазақстан экономикасының боямасыз шынайы көрсеткіші деп қабылдауға болады », - деді Жандосов.

Жандосовтың пікірінше,  бұл  фактор  теңге мен мемлекеттік бюджетті үлкен тұрақсыздықтан құтқаруы мүмкін және шамамыздың неге жететінін  тереңнен тануға жол ашатын фактор.

«Менің түбегейлі рецептім - бюджетті толтыру құралы ретінде мұнайға салынатын салық туралы ұмытып кету. Осыған орай, теңге төмен деңгейде болады, бірақ экспорт қалады және әртараптандырылады » деді Жандосов.

Оның ойынша, «қазір мұнайдан түскен ақшаны қайда жұмсауға болады?» деген мәселенің басын ашып алатын кез келді.   Қазір  мұнайдан түскен табыс 4-5 миллиард доллар.  «Мұнайдың дәурені жүріп тұрған кезде бұл көрсеткіш 20 млрд АҚШ доллары болатын.

«Болашақ» бағдарламасына  немесе басқа білім беру бағдарламасына ақша салу. Сауд Арабиясында азамат  шетелдік университетте оқуға шешім қабылдаса, ол автоматты түрде мемлекеттен тиісті қаражат алады. Осындай бағдарлама жасау керек. Біз мұның нәтижесін 5-7 жылдан кейін көреміз. Бұл бағдарламаны бизнес мен мемлекет арасындағы әріптестіктің шеңберінде де жүзеге асыруға болады. Қазақтың табиғи кен байлығына көзі түсіп отырғандар адами капиталдың де әлеуетін ойланып жүретін кез келді. Сөздің ашығы, шикізат көздерінің уысында ұстап отырғандар топ-менеджерлерді қазақтың мамандары есебінен дайындасын, оқытсын» деп атап өтті Жандосов.

Ол қаражаттың басқа бөлігін Ресейде, Қытайда немесе АҚШ-та қару сатып алуға қорғаныс саласына жіберуді ұсынды, өйткені жаһандық қауіпсіздік  қатері күн сайын артып келеді. Жандосовтың пікірінше, қазіргі жағдайда макроэкономикалық тұрақтылық үкіметтің басты міндеті болып қала бермек.  Егер ол қамтамасыз етілмесе, басқа проблеманы сөз етудің де қажеті жоқ.   Жандосов  сондай-ақ экономикалық саясаттың инфрақұрылымды дамытуға баса назар аударуын қолдайтынын айтты.  

Спикерлердің ағынан ақтарылуына мүмкіндік берген CFO Summit 2020  топ-менеджерлерді әртүрлі аталым бойынша марапаттап, 2021 жылы өтетін Саммитте талқылайтын мәселелердің жобасын пысықтаумен аяқталды.   

 

АЛМАТЫ