Жер бетіндегі адам баласының 50 пайызы әйел болса, соның 28,4 пайызы ғылыммен айналысады екен. Бұл – 2018 жылғы көрсеткіш. 2019 жылдың деректері әлі жаңартылмапты. Бірақ БҰҰ-ның бұл көрсеткішке көңілі толмай отыр. Олар ғылымдағы әйелдердің үлесін, тым болмаса 40 пайызға көтергісі келеді. Бұл ретте, Орталық Азия елдері әйелдерінің мүмкіндігінен үміттенеді.
Әлемдік қоғамдастық нәзік жандардың ғылым, біліммен айналысуын олардың бұғанасы қатпай тұрған кезден бастап қадағалау және ынталандыру керек деген шешімге келіпті.
Алматыдағы БҰҰ үйінде жиналған Орталық Азия елдерінен келген жас қыздар мен келіншектер өздерінің ғылым-білім жолындағы жеңістері мен жеңілістерінің формуласы бойынша ой бөлісті. Жиын Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антониу Гутерриштің бейне-жолдауымен ашылды. Одан кейінгі тізгін ЮНЕСКО-ның Алматы бюросының өкілі Кристина Товмасян ханымға берілді.
ЮНЕСКО өкілінің бас-аяғы 10 минутқа созылған баяндамасында айтылған жайттарды қазақы пайымға аударсақ – «ұша білген қанатқа дүние кең». Ғылым мен ақпараттық технологияның дамуы бір-бірімен текетіресіп қалды. Ғылыммен ақпараттық технологияның мүмкіндігі тұтас мемлекеттердің келбетін 50 жылда емес, 1 жылда-ақ жаңартып жатыр.
Тәжікстан ғылым академиясы Мұздықтарды зерттеу орталығының жас маманы Дилором Джалолова отбасында түсіністік, ерлі-зайыптылардың арасында сенім болса ғылыммен айналысуға кедергі жоқ екенін айтты. Биыл 26 жасқа толатын Дилором арнайы экспедициямен Антарктикадаға барып та келіпті.
«Отбасын құрған соң жолдасым айналысып жүрген салама түсінбей қарады. «Мұның Тәжікстанға не қатысы бар? Басқа салаға ауыс» деген талап қойды. Кейін ұжымыммен араласқан соң түсінді. Күдік те сейілді. Жақында іссапарға шыққан кезде де ешқандай проблема болған жоқ» деді Дилором Джалолова.
Сондай-ақ Наталья Ким «Биоалуантүрлілік», Арина Мясоед «Климат» және Ягшимурат Аннамурадов «Табиғи апаттар» сияқты 6 тақырыптық «стансалар» бойынша мектеп оқушыларымен интерактивті сессиялар мен викториналық ойындар өткізді. Ойындарда ғылымның күнделікті өмірде алар орны кеңінен қамтылған және еліміздегі экологиялық ахуалды шешу жолдары берілген. Осы орайда айта кетейік, ғылым саласында әйелдер әлі күнге дейін түрлі қиындықтарға тап болып келеді. Әлемдік ұйымның өкілдері осылай деп пайымдайды.
Бұл тарапта арнайы зерттеу де жүргізіліпті. ЮНЕСКО-ның зерттеуі бойынша ғылым, білімде жүрген бакалавр немесе магистр деңгейіндегі әйелдердің үлесі докторантураға жеткен кезде күрт кеміп кетеді. Сол себепті БҰҰ, ЮНЕСКО ғылым жолында жүрген келіншектер мен ғылымға бейім жас қыздарды ынталандыруға құлшынып отыр.
Алматы