«Өлгені Төлегеннің рас болса, Құдайым Қыз Жібекті неге алмайды?..». Фильмдегі сай-сүйегіңді сырқыратар Жібектің осы бір жоқтауын жүректі пенде жайбарақат тыңдай алмаса керек. Ал өнерде ғана емес, өмірде де қос аққудай жарасып қатар жүзген қос ғашықтың сыңары қапияда мәңгілікке бағыт бұрса, егізі егілмей қайтсін?! Әлі есте, осыдан жыл бұрын театрда тұсауы кесілген «Қыз Жібек» спектакліне жалғыз келген Жібек – Меруерт Өтекешованың дәл осы жоқтау айтылатын сахнада жанарын шылаған жасты тыя алмай, толқығанын көргенде біз де еріксіз мұңайғанбыз. Мәңгілік адал махаббат жырда ғана емес, өмірде де болатындығына шын иланғанбыз. Сондай саф сезімнің пешенеге бұйыруын іштей тілек еткенбіз. Бұл жолы да қазақтың Қыз Жібегі атанған Меруерт Өтекешовамен жүздесіп, тілдесіп отырып актрисаның мөлдір жанарына тұна қалған тұңғиықтан адал жарға деген шексіз сағыныштың ізін көрдік. Қыз Жібек Төлегенін сағыныпты...
Актриса айтады: Менің сағынышым – мәңгілік. Құман әрдайым жүрегімде. Біз тіпті де алыстамаған сияқтымыз. Үнемі жанымда жүргендей. Жоғарыдан болса да оның қолдауын сеземін. Қиналған сәттерімде сырласамын. Сондықтан болар, Құман бұл жалғанда жоқ дегенге сенгім келмейді. Пендеміз ғой, «әлі де біраз қасымда жүре тұрғанда, армандарымызды бірге жүзеге асырып, бала-шаға, немерелеріміздің қызығын бірге көргенде ғой» деген өкініштің, өксіктің іштей қинайтыны, жүректі қан жылататыны бар. Бірақ Алланың ісіне не шара? Көңілді солай көндіреміз. Өзің білетіндей, ағаларың ортамызда жүрсе, 10 наурызда 75 жасқа толар еді. Қазір мерейтойын тойлауға қызу дайындалып жатар ма едік... Жалпы, Құман болмысынан өте арманшыл еді ғой. Өнерде жүзеге асырсам деген жоспары, ойлары көп болатын. Бірақ пешенесіне бұйырған шектеулі ғұмыр жеткізбеді. Менің ендігі арманым – Құманның сол ойларын, тілегін шамамның жеткенінше жүзеге асыру. Өнердегі ізін, өмірдегі болмысын толық ашатын, айшықтайтын кітап шығарсам деп армандаймын. Қазір баспаға дайындалып жатыр. Қаржылық жағы шешілсе, көп ұзамай оқырманымен қауышып қалар. Бұйырса, күзде өзі бар ғұмырын арнаған қарашаңырақ – Алматыдағы М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында еске алу кешін өткізгіміз келеді. Бұл менің жар алдындағы, қазақ өнерінің алдындағы парызым деп білемін.
Мен ойладым: Қазақ өнерінің қоржынына қомақты олжа болып қосылған қазына – режиссер Сұлтан Қожықовтың «Қыз Жібек» фильмінің жарыққа шыққанына биыл 50 жыл толды. Бір адамың ғұмырына пара-пар уақыт. «Қыз Жібектің» түсірілуі ұлттық кинематография үшін ғана құт болған жоқ, түсірілім алаңында тағдыр табыстырған қос ғашық Төлеген – Құман мен Жібек – Меруерттің өміріне де өзінің күтпеген тартуын ала келді. КСРО халық әртісі Бекежан – Асанәлі Әшімовтің сөзімен айтқанда, ол заманның Төлегені мен Жібегі қосылмаса, бұл заманның Төлегені мен Жібегі қосылды. Мұқым ел болып тілеуін тілеген ғашықтар фильмі жарыққа шыққаннан кейін, көп ұзамай өз отауының керегесін керді. Міне, содан бастап жарты ғасыр бойы қазақ үшін махаббаттың символына айналып келді. Өнерде ғана емес, өмірде да адал махаббатың айнымас үлгісін көрсетіп, бір-бірін адаспай тапқан ғашықтарда, сірә, арман жоқ шығар...
Актриса айтады: Адамның арманы таусылған сәті оның өлгені болар. Құман екеумізді табыстырып, бір ғұмырды ортақ сүруді нәсіп ету бақытын бұйыртқаны үшін Аллаға мың да бір шүкір деймін. Тағдырыма ризамын. Әйтсе де арман көп қой. Ол, әсіресе өнермен, шығармашылықпен байланысты. Бірақ мен қандай жағдайда да өз орнымды білдім. Сахна мен түсірілім алаңында қатар жүргенімізбен, ешқашан Құманның алдына шыққан емеспін. Адал жар болдым, үш бала өсіріп тәрбиеледім. Мен үшін өнерден кейінгі ең үлкен құндылық отбасы болды. Азаматыма жақсы жар, балаларыма ардақты ана болу қашанда маңызын кеміткен емес. Бүгінде оны үлкен мақтанышпен айта аламын. Рас, жауапкершілік жүгі жеңіл болмады. Өйткені халық мені Қыз Жібек бейнесінде қабылдады. «Қазақтың Қыз Жібегі» деп таныды. Сондықтан да осы бір аяулы атаққа дақ түсірмеуге тырыстым. Қыз Жібектің бойындағы махаббатқа деген адалдықты, тазалықты мен де өзімнің өмірлік темірқазығыма айналдырдым. Халқымыз үшін аяулы тұлғаны кино тілінде сөйлету бақыты бұйырған сәттен бастап, жас та болсам өзіме артылған жауапкершілікті сезіндім. Қыз Жібек бейнесі ұлтымыздың өскелең ұрпағына үлгі болу керектігін өте ерте ұғындым. Халық та бізді алақанына салып әлдиледі. Құман екеуміз еліміздің көптеген жас шаңырағына ақ батамызды бердік. Жастар үшін біз адал, ақ махаббаттың аққудай символы болдық. Осы құрметті, сенімді абыроймен көтеріп жүрудің өзі жеңіл жүк емес, қызым. «Қыз Жібек» – менің өнердегі «төлқұжатым». Лиро-эпостық жырдағы болсын, кинодағы болсын Қыз Жібектің даңқына қылау түсірмедім.
Мен ойладым: «Қыз Жібек» фильмі – сол кезде небәрі 10-сыныпта оқитын өрімтал бойжеткеннің өміріне үлкен бақ болып қонды. Тіпті армандап көрмеген абырой-атақ айналып келіп өзін таңдады. Алдағы тағдырына сәулесін шашып, даңғыл жол ашып берді. Қыз Жібек түсірілім алаңынан өмірлік Төлегенін кезіктіріп қана қойған жоқ, шығармашылығының алғашқы баспалдағында-ақ өнер әлемінің кіл мықтыларымен бірге иық тірестіріп жұмыс істеу, серіктес болу бақытына да ие болды. «Қыз Жібек» арқылы өнердегі де, өмірдегі де бағын тапты. Теңдессіз шығармашылық, ғұмырлық тәжірибе жинады. Фильм режиссері – Сұлтан Қожықов, сценарий авторы – Ғабит Мүсірепов, композиторы – Нұрғиса Тілендиев, суретшісі – Гүлфайруз Исмайылованы айтпағанда, Сәбира Майқанова, Кәукен Кенжетаев, Кененбай Қожабеков, Ыдырыс Ноғайбаев, Фарида Шәріпова, Әнуар Молдабеков бастаған қазақ өнерінің саңлақтары айтулы жұмыстың көркемдік деңгейін де, абыройын да аспандатқаны анық. Міне, осы ортада жүріп алғашқы шығармашылық тәжірибесін жинап, ұлылар ұлағатын бойына сіңірген жанның, әлбетте өмірлік ұстанымы мен жалпы адами болмысын Қыз Жібек бейнесімен тығыз байланыстырып, өткенге үлкен махаббат, шексіз сағынышпен көз тігуі, естелік айтуы заңды да.
Актриса айтады: 1967 жылдың соңында режиссер Сұлтан Қожықовтың лиро-эпостық жыр бойынша ұлттық көркемфильм түсіргелі жатқанын естідік. Шыны керек, өнерді жақсы көріп, қызыға бақылағаныммен, жалпы актриса болам деп тіпті де ойлаған жоқпын. «Қыз Жібек» фильмінің іріктеуіне де кездейсоқ келдім десем болады. Ол кезде мен мектепте оқимын. Іріктеудің өтіп жатқанын біліп, үлкендердің кеңесімен бақ сынап көруге бел будым. Келсем, студия толы қыздар. Бірінен бірі өткен сұлу. Әрі өздеріне деген сенімдері де зор екен. Оны көріп мен кейін шегіншектей бердім. «Мәссаған, мына сұлулардың арасында маған не бар?» деп іштей ойлап қоямын. Оның үстіне кино саласында еш тәжірибем де жоқ. Әлі мектепте оқимын. 10-сынып оқушысының басты рөлге бекітіле қоюы сол кезде менің түсінігімде тек қиял-ғажайып ертегідей көрінетін. Үмітім үзіле бастады. Бірақ сонда да қайтпай, сенімсіз болсам да, келген соң сынаққа қатыстым. «Бап шаба ма, бақ шаба ма?» деп қазақ бекер айтпаған ғой. Байқауға түскен қалың қыздың ішінен режиссердің таңдауы маған түскен екен. Тіпті сенер-сенбесімді білмедім. Кейін режиссерден сұрап білгенімдей, Қыз Жібек рөліне үміткер сұлулардың көркі керім, ажары айдай болғанымен, жүректерінде өнерге деген махаббат пен шынайылық кемшін түсіпті. Әрине, ол кезде менің де талантымның тас жарып, ернеуіне сыймай тұрғаны шамалы еді. Бірақ режиссер сұлулықтан бөлек, жастығымды, тазалығымды, үркектігімді ұнатқан болуы керек, сөйтіп басты рөлге бекітіпті.
Әлбетте, көркемдік кеңес алғашында мені жас көріп, басты рөлге бекіту мәселесінде екіұдай ойда болғаны рас. Алайда бұл жерде режиссердің табандылығын атап өту керек. Ол кісі тәжірибесіздігіме, жастығыма қарамастан сенді. «Қыз Жібек пен Төлегенді тәжірибелі актерлерден гөрі жас, көздерінде ұшқын оты жалындаған жастар ойнауы керек» деген Сұлтан ағамыздың сөзі есімде. Сол сенім маған шабыт берді. Қазір ойлап қарасам, режиссердің бұл рөлге сахнада шыңдалған, кәсіби актрисаны емес, тәжірибесі жоқ жасты тартуы ұтымды болған секілді. Мені таңдағаны үшін айтып отырған жоқпын, басқа актриса таңдалса да режиссердің осы шешімін құптар едім. Өйткені жастықта тазалық бар.
Ал енді тәжірибеге келсек, расымен де мен жолы болған адаммын. Қазақтың біртуар өнер иелері Сәбира Майқанова, Фарида Шәріпова, Әнуар Молдабеков, Кәукен Кенжетаев, Кененбай Қожабеков, Ыдырыс Ноғайбаев, Асанәлі Әшімовтермен бірге өнер көрсету бақытына ие болдым. Аңыз тұлғалардың көзін көріп, батасын алдым. Әсіресе, түсірілім алаңында Гүлфайруз Исмайылова апамыздың шапағатын, қамқорлығын көп көрдім. Фильмнің бас суретшісі бола тұрып, Жібектің анасының рөлін қатар ойнады. Сонда ақылын айтып, туған анамдай мейірімін төкті. Өнердегі алғашқы қадамымда осындай таутұлғалардың бағдар болғаны мен үшін үлкен бақыт.
Мен ойладым: Бірде Алматыдағы М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының бай мұрағатының құнды жәдігерлермен таныса жүріп, шаң басқан архивтердің арасынан үшбу хатты көзіміз шалды. Сарғайған қағазға маржандай жазумен мынадай ақжарма тілек түсіпті:
Ел сүйеді Төлеген мен Жібекті,
Елжіреген екі бірдей жүректі.
Меруерт − Жібек,
Құман бүгін Төлеген,
Бізді бүгін қуанышқа бөлеген.
Қол ұстасып шықты ұзақ сапарға,
Орын алып өмір деген кемеден.
Бүгінгінің Төлеген мен Жібегі,
Ажыраспай өтсін мәңгі жүрегі.
Бай болыңдар жетіп барша мұратқа,
Әнуардың осы адал тілегі!
Бұл – «Қыз Жібек» фильмінде Шеге бейнесін шегіне жеткізіп, кемеліне келтіре кейіптеген құбылыс актер Әнуар Молдабековтің қазақтың Төлегені мен Қыз Жібегі – Құман Тастанбеков пен Меруерт Өтекешованың үйлену тойына арнаған достық, ағалық лебізі. Архивте сақталған ақ парақта аңыз актердің аппақ жүрегі де қатар соғып тұрғандай. Әңгіме арасында актрисадан айтулы хаттың тарихын сұрап, сыр суыртпақтадық.
Актриса айтады: Құман екеуміздің үйлену тойымыз кинодан титтей кем болған жоқ. Біз барлық жас жұбайлар секілді некемізді салтанат сарайына қидырған жоқпыз. Тойдың рәсімі мен жоралғысы режиссер Сұлтан Қожықов ағамыздың кабинетінде өтті. Қонақтар тойға «Қыз Жібек» фильмінде киген костюмдерімен келді. Біз де некемізді Төлеген мен Жібектің киімін киіп тұрып қиып, адал, мәңгілік махаббатқа ант бердік. Тойымызда Бекежан-Асанәлі Әшімов ағамыз асаба болып, Шеге – Әнуар аға Молдабеков үлкен мейірімді жүрегінен төгіліп түскен осы бір ақеділ тілегін арнады. Тойда болған сол асылдарымыздың көбі бүгінде бұл өмірде жоқ. Бірақ жарқын бейнелері жүрегімде. Әрдайым сағынышпен еске аламын. Ол кісілердің кино алаңында болсын, өмір жолында болсын көрсеткен тағылымы мен төккен мейірім, шапағаты еш ұмытылмақ емес.
Жалпы, мен өмірімде жақсы адамдардың шарапатын көп көрдім. Фильмді түсірген Сұлтан Қожықов ағамыздан бастап, фильмге түскен барлық аға-апаларым алақанына салып еркелетті, білмегенімді үйретті. Тіпті, Құман екеуміздің осылай үлкен өмірге қол ұстасып бірге қадам басуымызға да қолдау білдіріп, тілекші болды. «Қыз Жібек» мектебінен өткеннен кейін, Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік өнер институтына оқуға түсіп, КСРО халық әртісі Хадиша Бөкееваның шеберханасында тәрбиелендім. Яғни, Құман екеуміздің театр бойынша тәлім алған ұстазымыз да бір. Бір мектептің түлегіміз. Тек Құман ағаларың менен сәл ертерек бітірді. Хадиша апамыз да ғажап адам, ғаламат актриса еді. Сондай адамнан тәрбие алғанымыз біз үшін мақтаныш.
Мен ойладым: Бір ұстаздың ұлағатын көріп, бір бағытқа көз тіккен қазақтың Төлегені мен Жібегінің өнер-өмірдегі жолы тарихымен де, тағылымымен де қызық. «Қыз Жібек» фильмінен кейін де талай туындыларға бірге түсіп, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры сахнасында да небір ғашықтардың күйін кемеліне жеткізе кейіптеген қос таланттың өрелі өнері бүгінде тамаша тарих, қазақ театр мен кино қоржынына қосылған теңдессіз туындылар.
Актриса айтады: «Қыз Жібектен» кейін де Құман екеуміз бірнеше фильмге қатар түстік. Бірақ біз үшін бұл туындының орны бөлек. Бүгінде «Қыз Жібек» фильмін білмейтін жан жоқ шығар. Тіпті алыс-жақын шетелдерге де әлі күнге дейін Қазақ елін осы фильм арқылы таныстырып келе жатырмыз. Жарты ғасыр өтсе де туынды өзінің көркемдік биігінен түскен жоқ деп сеніммен айта аламын. Өйткені «Қыз Жібек» – тек қана мәңгілік махаббатты емес, сондай-ақ патриоттық сезімді ұлықтап, қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын кеңінен қамтыған кино. Содан болар, ол басқа картиналармен салыстырғанда өміршең болды. Тіпті бастапқыдай халықтың сүйіспеншілігінен әлі де тайған жоқ десем, артық айтқандық болмас.
«Қыз Жібектің» жолы біз үшін өнерде де, отбасында да жеңіл, жарқын болды. Бірнеше фильмге түсіп, қаншама спектакльде жұп болып ойнадық. Мәселен, «Өрнек» фильмі. Бізге ең қымбат рөл осы фильмнен бұйырды. Онда мен совхоздың директорын, Құман ағаң менің күйеуімді – «прорабты» сомдады. Баламыз Фараби де бірге түскен еді. Ғани Мұратбаев туралы түсірілген фильмнің де шығармашылық биографиямыздан алар орны үлкен. Театрдағы рөлдеріміз де мағыналы. Атап айтсам, Мұхтар Әуезовтің «Қарагөзінде» – ол Нарша, мен Қарагөз, Ш.Айтматовтың «Ана – Жер-анасында» ол – Қасым, мен – Әлиман болып сахнаға шықтық. Бұдан да басқа рөлдеріміз көп. Мұның барлығы Құман екеуміздің өнерде де, өмірде де үндесіп өмір сүргеніміздің жемісі, нәтижесі деп ойлаймын.
Сондай-ақ «Қыз Жібек» фильмінің тағдырымызды мәңгілік табыстырғанынан бөлек, тағы бір ерекше сыйы бар. Ол – тұңғышымыз Жібек. Фильмнің құрметіне бізді алғаш рет ата-ана атандырған балапанымызға Жібек деп есім бердік. Бүгінде Жібек те бір отбасының отанасы. Бақытты ана. Немерелеріміз әжелеп келіп, еркелеп жатады. Адам үшін бұдан асқан бақыт жоқ-ау.
Мен ойладым: Қазақтың Қыз Жібегі – Меруерт Өтекешовамен әңгімелесіп отырып байқағанымыз, актриса әлемі өзінің тазалығымен, өнерге үлкен махаббатпен қарайтын парасатымен, сүйген жары, Төлегені – Құман Тастанбековке деген шексіз сүйіспеншілігімен де әдемі, қызық екен. Жарты ғасыр бойы қазақтың қыздарына үлгі болып келе жатқан экрандағы сұлу да аяулы бейне өмірде де сол болмысына қылау түсірмепті. Жүрегіне әжім қондырмапты. Әңгімесі әсерлі, жүзінен мейірім шашып тұрған сұлу адамның көңілі де кіршіксіз. Сол тазалығы болса керек, Құман ағамыз жайлы қойылған сауалдарымызға ұзақ үнсіздікпен, қинала, толқи отырып жауап берді. Қанша сыр білдірмейін дегенмен де, көзінен мөлт етіп үстелге тамған мөлдір тамшы актрисаның адал жарына деген мәңгілік сағынышын сездіріп қойды.
Актриса айтады: «Жүрекке әжім түспейді» деп жақсы айттың. Рас, өнер адамының көңілі мәңгі жас, таза болуы керек. Әсілінде, саф сұлу өнер көңілі бықсық адамнан тумайды. Абай атамыздың осы сөзі кез келген өнер адамының жадынан шықпауы керек. Ағаларың да, мен де өнерде осы ұстанымға адал болдық. Әрине, өмір болғаннан кейін қиындықтар да, қайшылықтар да кездесіп жатады. Бірақ бізді сақтап, ашуымызды сабырға жеңдіріп, бақытымызды баянды еткен – ең әуелі көптің тілегі, батасы. Сол сенімге сай болуға тырыстық. Шүкір, мен тағдырыма риза жанмын. Өнер жолымды ұлылар мектебінен тәлім алудан бастадым. Маңдайыма мың қыздың қолы жетпеген Қыз Жібекті ойнау бақыты бұйырды. Құмандай жігіттің сұлтанына жар болдым, ұрпағын өмірге әкелдім. Қазір, міне бақытты ана, сүйікті әже атанып отырған жайым бар. Әрине, Құманның ертерек кетіп қалғаны жүректі сыздатады. Амал қанша, жан бөлек екен. Жұбанышым – бала-шаға, немерелерім бар. Соған тәубе деймін.
Қазір елордамызға қоныс аударып, Қазақ Ұлттық өнер университетінде шәкірт тәрбиелеп жатырмын. Кезінде Хадиша Бөкеева бойымызға сіңірген тәлім-тәрбие, дәстүр жалғастығын бүгінгі шәкірттерімнің санасына құя алсам – арманымның орындалғаны. Ұстаз үшін бұдан асқан бақыт жоқ. Ара-тұра фильмге түсуге шақырып тұрады. Кино мәселелері талқыланатын жиындардан да қалмауға тырысамын. Бірақ мен үшін қазіргі ең маңызды жұмыс – ұстаздығым. Тамаша шәкірттерім бар. Соларды кәсіби білікті маман етіп шығарғым келеді. Студент қыздарым да өзің секілді Қыз Жібекті көп сұрайды. Сондай сәтте оларға өнердің жолы бөлек, десе де қыз баласы үшін ең басты құндылық – отбасы, бала-шағасы болуы керек дегенді жиі қайталап айтып отырамын. Бақыт деген қызмет те, шен де емес – отбасы. Осыны ұмытпасаңдар екен. Қазақ әйелі қай заманда болмасын ошақтың берекесі мен татулығын сақтаушы, сәнін кіргізуші бола білген. Сондықтан бүгінгі қыз-келіншектерге айтарым, отбасы бақытын сақтаңыздар, шыдамды, сабырлы болыңыздар. Отбасының жарасымдылығы мен берекесі тек сіздердің қолдарыңызда дер едім. Әсіресе, жастар «үйлену оңай, үй болу қиын» екенін ұғынып, отбасы алдындағы жауапкершілікті түсінсе деймін. Құман ағаларың екеуміз жарты ғасырға жуық отастық. Аз уақыт емес. Қиындықты да, қуанышты да бірге көтеріп, бірге бөлістік. Оқуды да, өнерді де – бәрін қатар алып жүрдік. Түсіністік пен сыйласымды басты орынға қойдық. Балаларымызды да солай тәрбиеледік. Қандай жағдайда да отбасының ынтымағы мен берекесі тікелей маған байланысты екендігін жақсы түсіндім. Сондықтан да мен әртістіктен бұрын, ең әуелі жақсы жар, ана болуға тырыстым. Менің бар сырым – осы.
Әңгімелескен
Назерке ЖҰМАБАЙ,
«Egemen Qazaqstan»