• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Қоғам 06 Наурыз, 2020

Онлайн гүл бизнесі гүлденетін кезең

1336 рет
көрсетілді

Халықаралық арулар күні қарсаңында раушангүл мен қызғалдаққа сұраныс әлденеше есе өсетіні қалыпты жайт. Сарапшылар ішкі нарықтағы гүлге деген сұраныстың 50 пайызын шетелден келетін гүл өтеп отырғанын айтады.

Елімізде өсірілетін гүлдердің 30 пайызы Алматы мен Шымкент қалалалындағы 5 ірі жылыжайда өседі. Қалған 20 пайызы ішкі нарықта ұсақ партиялармен жұмыс істейтін шағын және орта бизнестің үлесінде. Қазақстанда сатылатын гүлдің тең жартысы шетелден әкелінетіні түсінікті. Гүл – қымбат бизнес, өсіру қиын, пайда таппақ түгілі сазға отыру оп-оңай. Соған қарамастан жыл­дам қарқынмен дамып келе жат­қан сегмент. Осыдан 3 жыл бұрын жылдық табыс көлемі 100 млн долларды құраған нарықтың бүгінгі табысы 150 млн долларға жоғарылаған.

Гүл сатушылардың айтуынша, ғаламдық экономикалық дағ­дарыс аталған салаға кері­сін­ше жақсы әсер етеді. Ма­мандар мұның себебін гүл қол­жетімді сыйлықтардың қатар­ын­да екенімен түсіндіреді. 500 тең­ге тұрса да, гүлдің аты гүл. Бұл біздің күнделікті өміріміздің негіз­гі құрамдас бөліктерінің бірі­не айналған. Дүние есігін гүл­мен ашып, гүлмен жабатын жағ­дайға жеттік. Соңғы жылдары той өтетін салтанатты залдарды хош иісті гүлдермен көмкеру сәнге айналғанын көріп жүрміз.

«Гүлмен безендіруге жұм­салған қаржы той шығынының 10 пайызын құрайды», дейді сала мамандары. Ішкі нарыққа гүлдер негізінен Эквадор, Колумбия, Ке­ния мен Голландиядан жет­кі­зі­леді. Бұл елдер – әлемдік гүл нары­­ғының хабы. Африкадан келе­тін гүл транзит арқылы Нидер­­лан­дыдан өтіп, дүние жүзіне тарайды екен.

Былтыр Қазақстанға алыс-жақын шетелдерден құны 29,2 млн долларға бағаланған 73,5 млн дана гүл жеткізілді. Гүл на­рығындағы басты экспортер ел Эквадордан 23 млн дол­ларға бағаланған 55,8 млн дана, Кениядан – 1,8 млн доллар тұратын 7,3 млн дана, Колум­биядан – 2,9 млн долларға 6,8 млн дана, Нидерландыдан 1,2 млн долларға 2,9 млн дана раушан­гүл жеткізілген.

Еліміздегі өтімді, сол себеп­ті сырттан көп тасымалданатын гүлдердің қатарында рау­шан­гүлден кейінгі орында қызғалдақ тұр. Былтыр 1,7 млн долларға 19 млн қызғалдақ түйнегі импортталды. Біз үшін қызғалдақ – 8 наурыздың нышаны. Импорттан келген қызғалдақтың 80 пайызы 5-8 наурыз арасында сатылып кетеді. Былтыр 8 нау­рыз қарсаңында Қазақстанда Польша мен Нидерландыдан келген 2 млн доллар тұратын 16 млн қызғалдақ сатылғаны со­ның белгісі. Сатылым көлемі жағынан үшінші орынды иеленген хризантеманың 11,9 млн данасын флористер шетелден 5,1 долларға сатып алыпты.

Сарапшылар гүл дүкендері мен интернет дүкендердегі баға гүл базарларына қарағанда 500-800 теңгеге арзан екенін айтады. 2019 жылы ішкі нарықта са­тылған гүлдердің 80 пайызына интернет дүкендер арқылы тап­сырыс берілгені осыған байланысты болса керек. Ыңғайлы әрі арзан.

Гүл сатушылар қай мейрамда қандай гүлге көп тапсырыс беру керегін де жақсы меңгеріп алған. 8 наурызда қызғалдақ сұранысқа ие болса, 8-9 мамырда қалампыр жақ­­сы өтеді. Ал 1 қыркүйек – Бі­лім күнінде бақыт әкеледі деп ырым­­дайтын гүлдердің «жолы бо­лады».

Сұлулыққа іңкәр көңілімізге бір сәт болсын қуаныш сыйлайтын әсемдікке сүйсінбейтін адам баласы жоқ. Бірақ гүл нарығындағы үлесіміз көңіл көншітпейді. Себебі сөз басында айтып өткеніміздей, гүл саудалау бизнесінде тәуекел ететін мәселелер көп. Көп нәрсе тасымалдаумен немесе сатып алушылардың әлеуетіне байланысты. Нарықтағы жаңа ойыншылар үшін үлкен тұрақты клиенттердің болмауы және нарықта жұмыс істеудің алғашқы айларында сатып алынатын, өтпей қалған тауарлар басты проблема. Өтпей қалған гүлді сақтауға мүмкіндік аз. 8 наурыз күні әр данасы 2-3 мың теңгеден сатылған гүлдің баға­сы 9-10 наурыз күндері 500 теңгеге түсуі әбден мүмкін. Де­мек, алғашқы екі күнде пайдаға жұ­мыс істеген кәсіпкер үшінші күні шығынды жаба алса, соған да ри­за болады. Мұны түсінікті тіл­мен айтқанда екі қадам алға, бір қадам кейін шегіну деуге болады.

«FlorAmie» компаниясының басшысы Әмина Сержанованың айтуынша, онлайн-сатылымға қарағанда офлайн саудада қауіп көп. «Бүгін сатып алған гүлдеріңізді тұтынушының қолына жеткенше қалай сақтау керегі және тезірек сату туралы бас қатыруға тура келеді. Мұндайда күн емес, сағаттың өзі көп нәрсені шешеді», дейді ол.

Сарапшылар Үкіметтен қолдау болмаса, алдағы уақытта да импорттан келген гүлдердің үлесі арта беретінін айтады. «Мұхиттың арғы жағынан жеткенше хош исінен айырылып қалатын гүлдерге мойын созғанша, неге жылыжай салып, гүл өсіріп, пайда таппаймыз?» деген мәселе талай мәрте көтерілген. Бірақ отандық инвесторлар тарапынан саланы дамытуға, аяғынан тұрғызуға деген ықылас кемшін. Себебі елімізде гүл өсірушілерге берілетін мемлекеттік жеңілдік жоқ, жұмыс барысында бағыт-бағдар беретін заңнамалық құжат та жасалмаған. Мамандар саланың дамуын ескексіз қайықта жүзіп бара жатқан жолаушының тағдырына теңейтіні соған байланысты. Тіпті әлемдік нарықтағы аса табысты саланың бірі саналатын гүл нарығы индустриясын бақылау қандай министрліктің құзыретінде екенін де ешкім білмейді. Бірақ сырт көзге экономиканың барлық сегментінде борттан тыс қалып қойған гүл нарығы инновацияның мүмкіндігінен құр алақан емес екенін, оның алды біздің елге жеткенін көзіміз көріп жүр.

«FlorAmie» басшысы бізге 2018 жылдан бастап ішкі нарыққа «сөйлейтін гүлдер» келе бастағанын жеткізді. Осыдан он жыл бұрын АҚШ-та, ал бес жыл бұрын Ресейде пайда болған идея қазір елімізде де кең таралып келеді. Жастар арасында көңілі түскен бойжеткенге сезімін гүлдің қуат көзіне жазылған дауыс арқылы жеткізетіндер көбейген. Сатушылар «Ұл сыйлағаныңа рахмет!» «Мерейтойыңмен!», «Туған күніңмен!», «Шаңырақ құруыңмен!», «Тек сені сүйемін», «Кешірші, жаным!» деген жапсырмасы бар гүлдердің де зор сұранысқа ие екенін айтады.

«Бір өкініштісі, «сөйлейтін гүлдер» орыс немесе ағылшын тілдерінде сөйлейді. Соңғы кезде қытай тілінде сөйлейтін гүлдер де келе бастады. Флористер қазақша сөйлейтін гүлдерге тапсырыс тым аз екенін айтып ақталады», дейді Ә.Сержанова.

Гүл саудалаушылар қазір әр­түр­лі гүлдердің жиынтығынан тұратын дестелер көбірек сұра­нысқа ие екенін айтады. Оны әдемі етіп ұсыну – гүл сататын ин­тернет-салонның рейтингісін анықтайды. «Бізге әлемдік нарық­та сұранысқа ие үлгілерді қазақ­стандық тұтынушылардың тал­ғамына үйлестіруге тура келеді. Жастық шағы КСРО-ның соңғы жылдарына тура келген толқын тек раушаннан жасалған дестеге басымдық береді. Соған қара­ғанда, алдағы бес-алты жылда рау­шан гүлдері сәннен түспеуге тиіс», дейді Ә.Сержанова.

Сарапшылар былтыр гүл нарығы электронды саудаға қарай ойысқанын айтады. «Себебі интернет-сауданың өзіндік ерекшеліктері, артықшылықтары аз емес. Лондонда немесе Нью-Йоркте жүрген азаматтар Ал­матыдағы сүйіктісін құттықтауға тапсырыс бере алады. Қазір Батыс елдерінде гүл өсірумен, сатумен айналысатын интернет-салон желісі бар компаниялар Алматы, Нұр-Сұлтан және Ақтау қалаларында өкілдіктерін ашып жатыр. Қазақстандық ком­панияларға бағаның қолже­тімділігі тұрғысынан клиент­терді тарту оңай, бірақ сенім тұр­ғысынан проблемалар бар. Ком­панияның сайтында көрсетіл­ген гүлдің безендіру формасы мен жеткізілген өнім түрі арасындағы айырмашылық, яғни сапасыз қызмет саланың дамуына кедергі келтіреді. Бірақ нарық мұндай құбылыстардан арылып келеді. Себебі ішкі нарыққа Ресейдің, Қырғызстанның және Өзбекстанның интернет-са­лондары келе бастады. Олар қазақ­стандықтар ұсынған бағадан екі-үш есе арзанға қызмет көрсете алады. Оның үстіне, елімізде гүлді жақсы безенді­руге маманданғандар да аз. Гүлді өзімізде өсіргенмен, соңғы нә­тиже – безендіруге келгенде ше­телдік мамандардың қызметіне жүгінеміз. 2019 жылы интер­нет арқылы тапсырыс берген­дердің қатары көбейді. Сауалдама нәтижесі 18-55 жас аралығындағы азаматтардың 90 пайызы гүлге интернет арқылы тапсырыс беретінін көрсетті», дейді Ә.Сержанова.

Алдағы мереке кезінде қала көшелерінде гүл сататындардың қатары азайып кетсе, таңғал­маңыз. Себебі қазір гүл нары­ғы­ның онлайн сегментінде тұты­ну­шылардың талғамы үшін аламан бәйге жүріп жатыр. Әзірге Алматы мен Нұр-Сұлтанның гүл нарығындағы басымдық интернет салондарда болып тұр. Нарық­та орын бар кезде жұмысын сол бағытқа бейімдегендер ұтыл­майды.

АЛМАТЫ