Сүйінші сұрауға әлі ерте болса да абайтану іліміндегі алдағы болар жыл құсындай жаңалықты құлағымыз шалып, көңіліміз елеңдеп отыр. Хакім Абайдың 175 жылдығы қарсаңында араға ширек ғасыр салып ақынның академиялық басылымы жарыққа шықпақ. Ізгі істің аужайын білмекке ғылыми жинақты дайындап жатқан М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, филология ғылымдарының докторы Кенжехан Матыжановпен әңгімелескен едік.
– Абайдың 175 жылдығына орай академиялық басылым дайындау жұмыстары қашан басталды?
– Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2019 жылғы сәуір айында Семейге барған сапарында: «Рухани жаңғыру» негізінің бірі Абай шығармашылығы болуы тиіс», «Алдағы жылы Абай Құнанбаевтың туғанына 175 жыл толады. Осы айтулы датаны біз тұтас ел болып мемлекеттік деңгейде атап өтуіміз керек», деген сөзі тәуекелге баруға қанаттандырды. Іле-шала ғалымдармен ақылдаса келіп іске кірісіп кеттік.
Негізінен, бұл – біздің М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының үнемі назарда ұстап, бұрыннан айналысып келе жатқан дәстүрлі ғылыми тақырыбы. Сонау М.Әуезовтің көзі тірі кезінің өзінде дайындалып, басылған толық жинақтардың барлығы (1939-1940, 1945, 1954, 1957, 1977, 1995) институт ғалымдарының қатысуымен әзірленіп, жарық көрген. Соның ең соңғысы – 150 жылдық мерейтойы қарсаңында басылып шыққан ақынның екі томдық толық шығармалар жинағы. Оның жалпы редакциясын басқарған ҰҒА академиктері З.Ахметов пен С.Қирабаев. Томдықты дайындауға белгілі абайтанушылар Қ.Мұхаметханов, М.Мырзахметов, Ж.Ысмағұлов, Б.Байғалиевтер қатысқан. Бұл Абай мұрасын жинақтап, саралап, жүйелеп басып шығарудағы өз кезіндегі елеулі еңбек болды. Міне, содан бері ширек ғасыр өтті. Заман өзгерді, қоғам жаңарды, әлемдік өркениет рухани дүниеге жаңаша қараудың үлгісін көрсетіп, жаңа методология мен технологиялар тасқынын алып келуде, елімізде тәуелсіз сана орнығып, рухани жаңғырудамыз. Осының барлығы Абайдан қалған асыл мұраға жаңа көзқарасты, тың танымды қажет ететіні анық.
Жалпы, Абайдың алғашқы толық жинағы 1933 жылы Қызылорда қаласында шыққан. Жинақтың алғысөзін жазған Ілияс Жансүгіров абайтануды өз кезеңінде жаңа белеске көтерген. Осы алғысөзде Абай еліндегі көптеген адамдардың атын атай отырып, ақын мұрасын жинап, толықтыруға үлес қосуға шақырады. Басына бұлт үйіріліп жүрсе де бұл жинақтың толымды шығуына М.Әуезов жанын салып, өз қолымен жинаған және Абайдікі екеніне көңілі сенген көптеген өлеңдерді жаңадан қосты. Соның нәтижесінде еңбек осыған дейінгі ақын кітабының ең толымдысы болды. М.Әуезов өзі бас болған кейінгі басылымдардың барлығында (1939-1940, 1945, 1954, 1957) оны үнемі толықтырып, жетілдірді. «Абай қалдырған мұраны тану керек, зерттеу керек дегенді бәріміз де түсіндік. Күннен – күн, жылдан – жыл өткен сайын осы істерге көңіл бөліп, зер салушының саны молайып келеді», – деп қуана жазады ол жөнінде абайтану ілімінің іргетасын қалаушы (М.Әуезов, 15-том, 30-б.).
Тұтастай алғанда, біздің қазақ әдебиеттану ғылымында академиялық басылым дайындау ісі әбден жолға қойылып, игілікті дәстүрге айнала алмай келеді. Оның алғашқы үлгісін М.Әуезов Абайға қатысты бастаса да, ол академиялық ғылымның мемлекеттік деңгейдегі маңызды ісіне айнала қойған жоқ. Қазақ руханиятындағы академиялық басылымның жақсы бір үлгісі ретінде Ә.Марғұлан негізін қалаған Ш.Уәлихановтың көптомдығын атауға болады. Бұл еңбектің артықшылығы сонда, Шоқанға қатысты барша деректер толық жинақталып, қолжазбалары мен хаттарына дейін қамтылып, көлемді ғылыми түсініктерімен жарияланған.
Әлемдегі ұлан-ғайыр тарихы бар өркениетті елдерді былай қойғанда, өзімізбен іргелес Ресейде бұл дәстүр баяғыда үлгілі үрдіске айналған. Мәселен, Ресей ғылым академиясының «Пушкин үйі» («Пушкинский Дом») орыс әдебиеті институтында осындай айдармен 40-тан астам орыс ақын-жазушыларының академиялық басылымдары дайындалып, электронды кітапханаға жинақталу үстінде. Академиялық басылым дайындап шығару орыс филология ғылымының маңызды саласы ретінде, «Пушкин үйінің» басты ғылыми жетістігі болып саналады. Ал бізде мұндай жұмыс ғылыми зерттеу саласына жатқызылмайды да. Егер оны ғылыми жоба ретінде ұсынсаңыз, ешқашан өткізе алмайсыз. Академиялық толық шығармалар жинағына тән басты ерекшелік – жазушының бүкіл қолжазба және баспа мәтіндерін ғылыми-анықтамалық аппаратпен жарақтап, барлық әдеби, сыни, публицистикалық, қызметтік, эпистолярлық мұрасын толық және нақты саралап көрсету.
Ғылыми негізде дайындалған мәтін белгілі тұлғаның шығармашылығы жөніндегі қоғамдағы әртүрлі қаңқу сөздерге тосқауыл қояды, қалың оқырманнан бастап, мектеп оқулықтарының авторларына дейін құныға бас қоятын рухани игілікке айналады. Жаңа басылымдар мен сөздіктердің сапасын арттырады. Былайша айтқанда, академиялық жинақ классикалық мәтіннің өмір сүруінің жаңа сапасын анықтайды, оның отандық және әлемдік мәдениетке деген ықпалын еселеп арттырады. Абайдан қалған асыл мұраны да дәл осылай аялап, қадірлей білуіміз керек. Сонымен қоса Қазақстанда кенже қалып келе жатқан текстология ғылымына да барынша мән беретін уақыт келді.
– Жұмыс тобындағы ғалымдардың әлеуеті қандай?
–Томды дайындауға институт қарамағындағы белгілі ғалым-академиктер – С.Қирабаев, С.Қасқабасов, М.Мырзахметов, Т.Жұртбай, Қ.Мәдібаева, С.Қорабай, Т.Шапай, шығыстанушы, мәтінтанушы ғалымдар Т.Қыдыр, П.Әуесбаева, музыкатанушы Е.Шүкімән сияқты мамандар мен докторант жас ғалымдар жұмыла кірісуде. Олардың білім-білігі мен тәжірибесін қазір сарқа пайдаланып қалуымыз қажет. Кеңестік дәуірде ақын мұрасының білгірі болған көкірегінің күмбірі бар қаншама адамды шетқақпай жасап, қазір сан соғып отырмыз. Мәселен, Шәкәрімнен бастап, Абай ұрпақтарының барлығы қуғын-сүргін көрді. Кешегі Ахат Құдайбердиев пен Қайым Мұхаметхановтың өзі қаншама дүниені ішіне бүгіп, шерін тарқата алмай кетті... Сондықтан қазіргі аға ұрпақтың білім-білігі мен тәжірибесін барынша пайдаланып қалу парыз, ал оларды өкшелеп келе жатқан абайтанушылардың қарасы тым сирек. Талпынып жүргендердің өзі пісіп жетілген жоқ...
– Жаңа басылымның құрылымы қандай болмақ? Көлемі қанша томнан тұрады?
– Абай шығармаларының осы уақытқа дейінгі басылымдары бір немесе екі томнан асқан емес. Олардың өзі академиялық жинақ талабына толық жауап бере алмайды, сондықтан бұларды «Абай шығармаларының толық жинағы» дегенге келетін сияқты. Өйткені академиялық жинақта қаламгер мұрасының түпнұсқа қолжазбалары түгел қамтылып, терең текстологиялық талдау жасалған ғылыми түсініктермен, анықтама материалдармен жарақталуы тиіс. Алдыңғы басылымдарда соған деген ұмтылыс болғанмен, жеріне жеткізіліп, толық тиянақталмаған. Әсіресе мәтіндерге жасалған текстологиялық талдаулар мен ғылыми түсініктер жеткіліксіздеу. Мәселен, соңғы 1995 жылғы басылымдағы өлең саны – 223 (аудармасымен қоса), үш төл поэма және бір аударма («Вадим»), 45 қара сөз, «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққандығы туралы» және «Үкімет билігіндегі сенатқа шағым пікір» деп аталатын прозалық шығармалары бар. Бұл аз ба, көп пе? Әрине қазіргі қаламгерлер көптомдықтарымен салыстырсақ, тым қораш, ал шығармаларындағы ой тереңдігімен өлшесек, телегей теңіз мол мұра. «Енді осы асыл мұраға жасалған ғылыми пайымдар бүгінгі оқырманды қанағаттандыра ала ма?» деген сауалға тұшымды жауап беру қиын. Осы орайда, ұлы Мұхтар Әуезовтің осыдан 80 жыл бұрын ақынның 95 жылдық мерейтойы қарсаңында (1939 ж.) жазылған «Абай жайын зерттеушілерге» атты мақаласы еске түседі. «Тегінде, Абай шығармасының аздығынан кенде болып жүргеніміз жоқ. Барын барша, бажайына барғыза алмаудан, зерттей алмаудан кендеміз», – деп жазған еді ғұлама (М.Әуезов, 15-том. 30-33-бб.). Өкінішке қарай, біз осы мәреден әлі де шыға алмай келеміз. Жалпы, ғылыми жинақты алдын ала белгілі мөлшерге шектеуге болмайды, оның көлемі де, сапасы да жүргізілетін зерттеулер мен текстологиялық жұмыстардың ауқымына, нәтижесіне байланысты. Қалай болғанда да бұл жолғы жинақтың екі томнан қомақты болары хақ. Өйткені академиялық жинақтың құрылымы аса күрделі, оған қолжазбалар мен литографиялардан бастап, Абай шығармашылығына қатысты барлық деректер мен материалдар, соның ішінде музыкалық мұрасы да түгел қамтылады. Әсіресе текстологиялық салыстырулар мен ғылыми түсініктер, анықтамалар мен сөздіктер, музыкалық шығармаларының нотасы мен аудио жазбасы да енгізілмек.
Жоғарыда айтқанымыздай, Әдебиет және өнер институтының сақа ғалымдар тобы бұл іске кеңінен тартылып отыр. Өйткені кәнігі абайтанушылардың қатары жыл өткен сайын сиреп барады. Соңғы ширек ғасырда гуманитарлық ғылымның тоқырауға ұшырауына байланысты бұл салада мамандар даярланған жоқ. Сонымен бірге қазіргі жас мамандардың қолжазба қарауға, текстологиямен айналысуға құлқы жоқ.
– 1995 жылғы екі томдықпен салыстырғанда артықшылықтар бола ма? Нақты қандай жүйеге сүйеніп отырсыздар?
– Әрине өте көп болады. Абай шығармаларын зерттеу, оның астарындағы тұңғиық ойды саралап, заман талабына қарай жаңаша жүйелеп отыру үздіксіз жүргізілетін мәңгілік мәселе деп айттық қой. Өкінішке қарай біз оны көп жағдайда мерейтой қарсаңында ғана қолға алып жатамыз. Осы жолы да қастерлі мұраға 25 жылдан кейін ғана қайта оралып, апыл-ғұпыл кірісіп отырмыз. Негізінде, онымен ғылыми кадрмен жабдықталған, өзіндік тарихи дәстүрі мен ғылыми әдістемесі қалыптасқан ғылыми орталық мақсатты түрде айналысып отыруы тиіс. Ширек ғасыр бұрын 7 000 таралыммен ғана шыққан сол екі томдықтың өзі қазір қолға түспейтін сирек кітапқа айналды. Осы мерзім ішінде Абай мұрасына байланысты қордаланып қалған мәселелер аз емес, көптеген жаңалықтар, тың деректер, біршама зерттеулер дүниеге келді. Сөз жоқ, оның барлығы жаңа жинаққа қосымша жүк артады. Мәселен, соңғы кезде Абай шығармаларының арап әліпбиімен көшірілген қолжазбаларының саны оннан асты. Оның үшеуі (1905, 1907, 1910) Мүрсейіт Бікіұлының Абай шығармаларының түпнұсқасы саналып жүрген белгілі қолжазбалар. Қалғандары әртүрлі кезеңдерде жазылған көшірмелер. Бұлардың қай-қайсысы болмасын мәтінтануда өзінше рөл атқаратын құнды мұрағаттар. Бірақ олардың ешқайсысы да осы уақытқа дейін салыстырылып, сараланып, жарияланып, еркін ғылыми айналымға түскен жоқ. Тіпті ең толық деген соңғы (1995) жинақтың өзінде олар жете қарастырылған емес. Сол сияқты, Абайдың 1909 жылы Ә.Бөкейханов бас болып, Кәкітай Ысқақұлы мен Тұрағұл Абайұлы құрастырып, Петерборда басылған алғашқы жинағы да біздің Институт ғалымдарының дайындауымен 2009 жылы ғана аз таралыммен (500) кириллицамен қайта жарық көрді, соның өзінде де әртүрлі себептермен кеткен ақаулықтар бар. Соңғы жылдары Абай заманына байланысты көптеген архив деректері, алаш арыстарының еңбектері, естеліктер, шетел қазақтарынан табылған материалдар молынан мәлім болуда.
Абайдың алғашқы жинақтары кеңестік заманда дайындалғандықтан да, сол кездегі саяси ұстанымдар зардабынан кейбір діни ұғымдардың мағынасы бұрмаланып, толық ашылмай қалды. Сол қателер әлі күнге қайталанып келеді.
– Білуімізше, академиялық басылымды Әдебиет институты ғана емес, тағы басқа тараптар да шығармақшы. Тіпті екі томдық жарияланып үлгеріпті. Бұл Абай тойының науқанға айналғанын білдірмей ме?
– Сіздің меңзеп отырғаныңыз «Абай. Жаңаша үлгідегі басылым» деп аталатын екі томдық шығар. Иә, ондай талпыныстар бар. Оған ұмтылыс жасаған жоғары оқу орындары да баршылық. «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» дегендей, Абайға да әркімнің таласы бар. Ол заңды да, кез келген мәселеге ғылыми, тиянақты жауап болмайтын болса, оған деген қалың қауымның әуестігі арта түседі. Әркім өзінше жауап беруге тырысады... Жоғарыда аталған жинақ та соның бір көрінісі. Сонымен қоса, мерейтой қарсаңында бұрынғы жинақтарды қайта басып шығаруға да баспагерлер белсеніп отыр. Оған да тоқтау салу қиын. Әрине Абайды әртүрлі форматта, жеке-жеке кітап етіп шығарудың ешқандай әбестігі жоқ. Тіпті солай ету қажет те шығар. Дегенмен, әр нәрсенің ғылыми негізі, қисыны мен жүйесі болуы керек. Бірақ жаңа басылымдар бұрынғы қателіктерді қайталамауы және ақын шығармашылығында әркелкілік немесе «біз осылай деп санаймыз» деген ауа жайылушылық болмауы тиіс. Өкінішке қарай, қазір олай болмай отыр мәселен, оқулықтардан бастап, Абай әндерін айтушы әншілерге дейін ақын сөзін әртүрлі қолданушылық бар. Міне, осылардың барлығына тосқауыл қою үшін ғылыми талқыдан өткен, жан-жақты сараланған, терең текстологиялық тексеру жасалған, әркелкі қолданыстарды бірегейлендірген, канондық қалыпқа түскен, ақын шығармашылығының бүкіл болмысына үйлесімді, тастүйін, біртұтас бүтін бітімге айналған барлық басылымдарға тиянақ болатын, әртүрлі сауалдар туындағанда жүгініске жарайтын, мызғымайтын іргетас еңбек керек-ақ. Міне, академиялық басылымның асыл мұраты осы.
Бүгінгі күнге дейін ұлы ойшылдың таңдамалылары мен қайта басылымдарын санамағанда оннан астам толық жинағы басылған екен. Ұлы абайтанушы М.Әуезов солардың басым көпшілігінің толығып кемелденуіне тікелей басшылық жасаған. 1933 жылғы жинақтан бастап ақынның жаңа өлеңдерін өз қолымен жинап, басылымдарға қосып отырған. Жоғарыдағы мақаласында «Абай сөзі деген сөз бір-ақ жол болса да, Абайша шықса жарасар, Абайдың Абайлығы да сонда шығар. Осы Абай өлеңдерінің санын көбейтейік деп өзеурегенше, бар сөзінің кенеуін кетірмейік деп көбірек ойланайық. Абай сөзін көбейтеміз деп, көбік етіп алмайық. Жауаптырақ қарайық», – деп барынша нықтап айтқан. Міне, Абайға «талас қылатындарға» Әуезов өсиеті осындай. Сексен жыл бұрын айтылған сөз біздің алдымызда әлі сол күйінде шамшырақтай жарқырап тұр.
Қазір Абай туралы жарық көрген еңбектер көлемі елу томға жүк болады екен. Солардың ішінде ақын шығармаларының текстологиясына арналған іргелі зерттеулер некен-саяқ. Яғни, академиялық басылым дайындау – аса күрделі ғылыми мәселе. Ал бұрынғы жиналғанды әрлеп шығара салу әркімнің қолынан келеді.
– Жұмыс барысында туындап жатқан мәселелер бар ма?
– Әрине жұмыс болған соң қиындықсыз бола ма?. Академиялық жинақ дайындаудың өзіндік ерекшеліктері көп. Біріншіден, өзін абайтанушы деп жариялайтындар баршылық, бірақ білікті мамандар тапшы. Шындығын айтсақ, абайтанушылардың алды тоқсаннан асып, соңы елуді еңсеріп, алпысты алқымдап жүр... Екіншіден, Абай қолжазбаларының барлығы арап әліпбиінде жазылған, әсіресе ескі (қадымша) арап жазуындағы мәтінді оқу қиын. Үшіншіден, ертеде жазылған (А.Байтұрсынұлы әліпбиі шыққанға дейін) қолжазбаларда қазақ тілінің орфографиясы да, пунктуациясы да болмаған, тіпті, дауысты дыбыстар жазылмауы да мүмкін. Оның үстіне ол әртүрлі қолтаңбамен араб, парсы тілдеріне ыңғайланып жазылса, қиындығы одан сайын арта түседі. Сол сияқты 1909 жылы шыққан жинақтың өзінде кеткен ақаулықтар жетіп артылады. Міне, мұның бәрі – ғалымдардан көп білімді, ықылас пен ыждаһаттылықты, төзімділікті талап ететін мехнатты шаруа. Сонымен қоса, Абай өлеңдерінің құрылымына, кейбір сөздердің қолданылуына, мағыналық қисынына байланысты ғалымдардың пікірінің өзі ала-құла, ал кейінгі жас буын Абай заманының лексикасына терең бойлай алмайды. Осындайда жас мамандарға көмекке келетін қазақ тілінің тарихи сөздігі де жасалған жоқ, сондықтан әркімнің білім-білігіне, ой қисынына, ішкі түйсігіне сүйенгеннен басқа амал жоқ... Ал осыған дейінгі жинақтарға қосылмай келген Абайдың музыкалық мұрасын жинақтап, ғылыми түсініктерімен кітапқа қосу да үлкен қажыр-қайратты қажет етеді. Осындай ғылыми-шығармашылық жұмыстардағы қиын түйіндерге қаржы тапшылығын, ғалым мамандардың әлеуметтік ахуалының төмендігін қосыңыз...
– Академиялық басылым қашан жарыққа шықпақ?
– Қалайда, ұлы ойшылдың туған күніне дейін үлгеріп, тамаша бір тарту жасағымыз келеді.
– Бұл мемлекеттік тапсырыспен орындалып жатқан жоба ма?
– Солай болғаны жөн деп ойлаймыз. Былтыр тиісінше ұсыныс жасағанбыз. Бірақ жинақты әзірлеуге қажетті қаражат көзі әлі анықталған жоқ.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Маржан ӘБІШ,
«Egemen Qazaqstan»