• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Қоғам 11 Наурыз, 2020

Жан-жақты дайындық жасалуда

262 рет
көрсетілді

Күн райы жылып, қасат қардың көбесі күрт сөгілсе, Қос­танай облысындағы жүзге жуық елді мекенді су басып қалуы мүмкін. Сондықтан биыл өңірде қауіпті кезеңге дайын­дық шаралары ерте басталды. Жыл басынан бері облыс тұрғын­дарына су тасқыны бола қалған жағдайда қандай амал жасау керектігі жөнінде жүйелі түсіндіру жұмыстары қолға алын­ған.

Қостанай облысы Төтен­ше жағдайлар департамен­тінің бастығы Талғат Кәкімовтің ай­туынша, биыл қызыл судан келетін қауіптің алдын алу және  жою жұмыстарына облыстық бюджеттен 27 млн теңге қаржы бөлініп отыр. Мұның сыртында, су тасқынын әуеден бақылауға 10 млн теңге қарастырылған. Өңірде 52 құтқару бекеті жа­сақ­­талып, қауіп төніп тұрған елді мекендердегі жағдайды қатаң бақылауға алған. Оған қа­жетті 150 тонна жанармай, 10 мың тонна инертті мате­риал, 50 мың қап құм дайын тұр. Облыста көктемгі су тасқыны бола қалған жағдайда 349 техника, 200-ге жуық су сорғыш құрылғы және 100 шақты қайық жұмылдырылмақ.  Қазірдің өзінде бірқатар өзеннің су арнасын аршу үшін мұз жару жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Бұл бағыттағы алдын алу шаралары Бейімбет Майлин ауданындағы Әйет өзені мен Әулиекөл ауданындағы бірнеше өзен-көлден басталды. Биыл мұз жару жұмыстарына об­лыс­тық бюджеттен 9 млн теңге қа­растырылып отыр.

Таяуда республика көлемінде ұйымдастырылған «Көктем- 2020» шарасы аясында кешенді оқу-жаттығу шаралары өтіп, құт­қарушылардың көктемгі тас­қынға дайындығы тексерілді. Іс-шараға азаматтық қорғаныс жүйе­сінің органдары, төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссиялар мен апаттық-құтқару құрылымдары қатысты.

Жаттығу барысында байланыс жүйелері мен диспетчерлік қызметтердің дайындығы, ма­териалдық-техникалық, азық-­түлік және медициналық резер­втердің қоры тексерілді.

Жергілікті атқарушы орган­дар өзен жағалауларындағы жы­рылу қаупі бар жерлердегі бөгет­терді мықтап, эвакуа­ция бола қалған жағдайда тұр­ғын­дарды төсек-орынмен және ыс­тық тамақпен қам­тамасыз ету жайын реттеді. Жедел қимыл жасақ­тары су басу қаупі бар өт­кел­дердегі көпір­лер мен құ­быр арналарын тазалап, құм толтырылған қаптар мен инертті материалдардың  жет­кілікті мөл­шерде екеніне көз жеткізді.

Өңірдегі су тасқынына да­йын­дық жұмыстарын облыс басшысы А.Мұхамбетов өзі­нің тікелей бақылауына ал­ған. Алдағы аптада Ресейдің Қос­танай облысымен шекаралас жатқан аймақтарынан мамандар келуі тиіс. Көршілес об­лыс­тардың құтқарушылары бас қосып, тәжірибе бөлісіп және қол­да бар мәлімет, болжамдарды салыстырып, көктемгі су тасқынына дайындық барысын тағы бір  пысықтап алуды жос­парлап отыр.

 

ҚОСТАНАЙ