Біріккен Араб Әмірліктерінде өнер көрсетіп жүрген Бауыржан Исламхан алғашқы голын соғып, өз командасының Президент кубогының финалына шығуына сүбелі үлес қосты.
Жартылай финалда «Әл-Айн» «Әл-Шарджа» клубымен шеберлік сынасты. Кездесудің 32 минутында таразы басы 1:1 есебімен тең тұрған еді. Сол кезде Бауыржан 22-23 метрдей қашықтықтан қақпаға қарай допты шірене тепті. Қақпашы қанша жанталасқанымен, қауіптің бетін қайтара алмады. Одан кейін де Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны өте сауатты ойнап, стадионға жиналған барша көрерменді қуантты. Нәтижесінде «Әл-Айн» 3:2 есебімен жеңіске жетіп, финалға жолдама алса, қандасымыз осы матчтың ең үздік ойыншысы деп танылды.