• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Аймақтар 13 Наурыз, 2020

«Тұңғыш Президент жолымен» экспедициясы Қарағанды облысында болды

241 рет
көрсетілді

Қазақстан халқы Ассамблеясының тың жобасы – «Тұңғыш Президент жолымен» экспедициясы Қарағанды облысында болды.

ҚХА төрағасының орынбасары – ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Жансейіт Түймебаев бастаған делегация Теміртау қаласында Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығында Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірімен байланысты ерекше заттар мен суреттер жиынтығын және Елбасының өміріндегі түрлі кезеңді сипаттайтын «Тәуелсіз Қазақстан», «Өз заманының ұлы», «Жеке тұлға феномені», «Қазақстанның болат профилі», «Уақыт толқынында», «Қазақстан жолы» атты бірнеше көрме залдарын тамашалады.

Іс-шараға Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, Тұңғыш Президенттің серіктестері, қоғам қайраткерлері, ғылыми және шығармашылық зиялы қауым өкілдері, жастар, ҚХА мүшелері, этномәдени бірлестіктердің жетекшілері қатысты. ​

ҚХА төрағасының орынбасары – ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Жансейіт Түймебаев аталған іс-шараның қазақ жеріндегі татулықтың, тұрақтылық пен бірліктің берік іргетасына айналған Ассамблеяның 25 жылдығы аясындағы ерекше жоба екенін атап өтті.

–Қазақстан халқы Ассамблеясының «Тұңғыш Президент жолымен» халықтық экспедициясының» бала Сұлтан туған өлке – Жетісу, Шамалған жерінде бастау алып, жігерлі жігіт Нұрсұлтан құрыш құйып, болат балқытқан Сарыарқа төсінде жалғасуында талай буынға өнеге болар үлкен тәрбиелік мән жатыр. Тұңғыш Президент жолын көпке, әсіресе, жас ұрпаққа танытудың мәні зор. Өйткені, Елбасының жолы – Қазақстан тәуелсіздігінің жолымен ұштаса өрілген жол. Ел тарихында болған әр сәтте, қол жеткізілген әр жетістікте Елбасының шешімі, ықпалы, қолтаңбасы бар. Қарағанды, Теміртау – Нұрсұлтан Назарбаев есімін алғаш танытқан қалалар. Өзі қатарлас жалынды жастармен бірге ғасырдың алып құрылысы – Қазақстан Магниткасын салуға келген жігіт жастардың көшбасшысына айналды. Ол осы өлкеде саяси қайраткерлік жолын бастап, ел басқаруда қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық моделін жасаған бірегей биіктерге көтерілді. Ендеше, Тұңғыш Президент жолы – бір адамның жүрген жолы ғана емес, ол – болашаққа ұмтылған қоғамның жолы. Ізденістің, еңбекқорлықтың, төзімділіктің, күрестің және жеңістің жолы. Елбасы жолын баршаға танытып, насихаттау Қазақстанды озық елдер қатарына апаратын жас буынды тәрбиелеу үшін керек. Бұл – туған жері, халқы алдындағы перзенттік парызын, азаматтық борышын өтеймін дегендер үшін баға жетпес сабақ, – деді ол.

Кездесу барысында Елбасының серіктестері Т.Сүлейменов, К.Қызыров, Н.Вахитова, Г.Презент, Р.Омарбекова қызықты естеліктерімен, бірге оқыған кездегі, бірге жұмыс істеген жылдардағы қызықты оқиғалармен, естеліктерімен бөлісті.

Теміртаудан кейін экспедиция мүшелері Қарағанды қаласындағы «Достық үйінде» өткен  «Кемеңгерліктің дара жолындағы Ұлы тұлға» атты салтанатты іс-шараға қатысты.

Бұл жерде Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек сөз сөйлеп, аталған жобаның маңыздылығына, оның жас ұрпақ үшін тәрбиелік мәні зор екендігіне  тоқталды.

–Бір ай бұрын біз Тұңғыш Президенттің кіші отаны Шамалған кентінен эстафетаны қабылдап алған болатынбыз. Ол елді мекеннен Елбасы кезінде мыңдаған жас мамандармен бірге Қазақстан Магниткасын салуға келген. Елбасының курстастарымен, достарымен және бұрынғы әріптестерімен араласа жүріп ол кісінің 20 жыл ішінде Теміртау мен Қарағанды тұрғындары үшін, біздің бүтіндей өңіріміз үшін қаншама игі істер тындырғанына көз жеткізе түстік, – деді ол.

Бұдан кейін Жеңіс Қасымбек «Тұңғыш Президент жолы» экспедициясының күнделігі мен туын Алматы қаласы ҚХА хатшылығының меңгерушісі Назар Балғымбаевқа салтанатты түрде табыс етті.

Іс-шараның соңына таман Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев аталған экспедицияның ең табысты жобалардың бірі екендігін атап өтті.

–«Тұңғыш Президент жолымен» акциясы – тәуелсіздік жылдары құрылған ортақ құндылықтар негізінде бірлігімізді нығайтатын дүниетанымдық жоба. Бұл Қазақстанның барлық азаматтары үшін азаматтық борыштың, Отанға және халыққа шексіз қызмет етудің жарқын мысалы, – деп ой түйіндеді ол.

«Тұңғыш Президент жолымен» экспедициясының қорытындысы 2020 жылдың 5 шілдесінде – Елорда күні қарсаңында өтетін халықаралық конференцияда шығарылады.

Еске салар болсақ, бұл акция былтырғы жылдың 28 қарашасында еліміздің бас қаласында бастау алып, соңынан Алматы облысының Шамалған ауылында жалғасын тапқан болатын.

Енді экспедиция Алматыны бетке алады, ол қалада  Елбасы жас саясаткерден тәуелсіз мемлекеттің Президентіне дейінгі еңбек жолымен жүріп өтті. Сондай-ақ жоба ұйымдастырушылары мен қатысушыларының жоспарында Украинаның Каменское қаласына (бұрынғы Днепродзержинск) сапар шегу де бар.

 

 

Қарағанды облысы