Төтенше жағдай орнаған Орал қаласында тұрғындарға қандай қамқорлық жасалып жатыр? Бұл жөнінде облыстық басқармалар мен Орал қаласының әкімі не дейді?!
Орал қаласының әкімі Абат Шыныбековтың айтуынша, қалада жедел штаб құрылып, барлық мемлекеттік және арнаулы қызмет орындары күшейтілген жұмыс режиміне көшкен. «Әсіресе, тұрғындарды өмірлік маңызы бар қажеттілікпен қамтитын «Батыс су арнасы», «Жайықжылуқуат» секілді стратегиялық нысандардың жұмысы ерекше қадағалануда. Облыс орталығында жұмыс істеп тұрған 1446 бизнес нысанының жұмысына төтенше жағдайға байланысты өзгерістер енгізіледі. Бұл нысандардың басшыларына тиісті ескерту хат жіберілді» деді қала әкімі.
Төтенше жағдайға байланысты Орал қаласында құрылған жедел штаб өкілдері қала аумағын 20 секторға бөліп, барлық секторда орналасқан кәсіпкерлік нысандары мен мекеме-кәсіпорындарды төтенше жағдай режиміне көшірді.
– Қала бойынша 80 сауда үйі, 22 базар, 117 мейрамхана, 213 дәмхана және 26 филиалы бар 11 әмбебап-дүкен жұмыс істейді. Сонымен қатар 653 азық-түлік дүкені, 25 шаруашылық дүкені, 15 фитнес клуб, 24 қорқорхана, 5 түнгі клуб бар. Осы шағын және орта бизнес нысандарының иелеріне ескерту хаттары жолданды. Ұсыныс негізінде халық көп жиналатын орындардың жұмысын уақытша тоқтату туралы шешім қабылдады. Бүгінгі күні 4 кинотеатр, 9 балалар ойын-сауық орталығы жұмысын тоқтатты. Сауда орындары жұмыстарын тоқтатқанымен, ол ғимараттардағы азық-түлік сататын супермаркеттер жұмыс істей береді. Санитарлық-эпидемиологиялық қызмет талабына сәйкес әр екі сағат сайын санитарлық-дезинфекциялау шараларын жүргізуде. Қала аумағында 21 базардағы санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін тиісті құрылымдық бөлімшелер және жергілікті атқарушы органдар өкілдер арнаулы жұмыс жүргізуде, – деді қала әкімі Абат Абайұлы.
Айта кетейік, қызметі уақытша тоқтатылған мекеме-кәсіпорын қызметкерлеріне кемінде ең төменгі айлық мөлшерінде жалақы төленуі тиіс.
Орал қаласында 28 бағыт бойынша жолаушы тасымалымен айналысатын 6 автопарктің 400-дей автобусы әр айналым сайын дезинфекциялық бұқырлау шараларынан өтеді.
Батыс Қазақстан облыстық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысы Мұхамғали Арыспаевтың айтуынша, облыста бүгінгі таңда эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Коронавирус тіркелген жоқ. Инфекция таралуының алдын алу үшін шетелден келгендерге тәулік бойы мониторинг жүргізіледі. Соңғы дерек бойынша 89 адам бақылауда. Оның ішінде 1 «А» санатында – 6, 1 «Б» санатында – 50, 2-санатта – 30, 3-санат бойынша – 2 адам қадағалауға алынған. Коронавирустық инфекцияға лабораториялық зерттеу жүргізу үшін Ұлттық сараптама орталығының облыстық филиалында қажетті барлық жабдық бар. Сондай-ақ 13 наурыздан бастап Батыс Қазақстан облысымен шектесетін Орынбор, Самара, Саратов бағытындағы шекара бекеттерінде, Жәнібек пен Сайхын елді мекендеріндегі автобекет өткелдерінде эпидемиолог мамандардың кезекшілігі ұйымдастырылған.
Өңір басшылары ерекше назар аударып отырған мәселе – халық жиі тұтынатын әлеуметтік азық-түлік бағасының көтерілуі.
Батыс Қазақстан облыстық Кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ернар Бекетовтың айтуынша, өңірде әлеуметтік маңызы бар тізімге енгізілген 19 түрлі азық-түліктің мөлшері жеткілікті. Яғни бағаның күрт өсуіне еш негіз жоқ. Бірақ қала базарларында қанттың, пияз бен картоптың бағасы күрт өсіп кеткені байқалған.
- Біз бұл жайттардың арқайсысын тексеру жүргізіп, анықтаймыз. Бұған дейін облыс аумағындағы баға тұрақтылығын қамтамасыз ету жөнінде апта сайын тұрақты мониторинг жүргізілсе, енді күнделікті мониторинг жасауды қолға алдық. Сауданы жүзеге асыратын барлық мекемеге арнайы ескерту хат жіберілді. Егер бағаның негізсіз өсуі анықталатын болса, нақты шаралар қабылданатын болады. Ондай сауда орындарына 100 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Қазір облыс бойынша әлеуметтік маңызы бар тауарлар өндірісінің балансы жасақталды. Негізгі әлеуметтік маңызы бар тауарларға тапшылық жоқ. Республиканың басқа да өңірлерімен тығыз байланыс ұстап отырмыз. Мысалы, біздің өңірде өндірілмейтін, өспейтін кейбір тауарды, мысалы, қант пен қарақұмықты өзге өңірден жеткізу мәселесі келісіліп жатыр, – деді Ернар Бекетов.
Қазақстан Республикасы Президентінің 15 наурыздағы төтенше жағдайды енгізуі туралы Жарлығына байланысты ірі сауда нысандарының жұмыс уақыты шектеліп, санитарлық шаралар күшейтілуі тиіс. Азық-түлік дүкендері, супермаркеттері, базарлары және автокөліктерге жанармай құю бекеттері мен медициналық тауарларды тарататын нысандар әдеттегі режимде жұмыс істейді. Нан және кондитерлік өнімдер қапталған күйде ғана сатылады. Бұдан бөлек жайма базарлардың жұмысы 11.00-ден 17.00-ге дейін, дәмхана-мейрамхана және қоғамдық тамақтану орындарының жұмысы 22.00-ге дейін шектеледі. Әрі дәмхана-мейрамханаларға келетіндердің саны 50-ден аспауы керек. Төтенше жағдайдың енгізілуіне орай бекітілген талапты орындамағандар 10 АЕК көлемінде айыппұл төлейді немесе 15 тәулікке қамаққа алынбақ.
Батыс Қазақстан облысы Ресей Федерациясының 5 облысымен шектесетіні мәлім. Осыған орай екі ел арасында қарым-қатынас жиі болатыны түсінікті. «Төтенше жағдай жариялануына байланысты енді шекарадан өту тек шетелдік төлқұжат арқылы жүргізіледі» деген қауесет шығып, Орал қаласындағы Халыққа қызмет көрсету орталығының төлқұжат бөліміне келушілер нөпірі тым көбейіп кеткен. Бүгін Батыс Қазақстан облыстық Көші-қон қызметі басқармасының бастығы Бекбол Ортаев төтенше жағдайға байланысты екі ел арасында азаматтардың шекарадан өтуіне уақытша шектеу қойылатынын, сондықтан шетелдік төлқұжат алудың қажеті жоқтығын түсіндірді. Ал ХҚКО орындарында халықтың тым көп шоғырлануын болдырмас үшін Орал қаласындағы 20 мектепте халықтың өз-өзіне электронды форматта (e.gov порталы) қызмет көрсету секторы ұйымдастырылғаны хабарланды. Бұл жерлерде «электронды кілті» бар кез келген тұрғын өзіне керекті анықтаманы еш кезексіз ала алады.
Батыс Қазақстан