Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев заманауи Қазақстанның негізін қалап, көшін түзеу миссиясы маңдайына бұйырған теңдессіз тұлға. Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаев туралы көп жазылды, әлі де жазыла бермек. Оның жаңа Қазақстан тарихындағы тағдыршешті рөлі, тұлғасының кең ауқымы, айрықша қасиеттері, Отан алдындағы, халық жадындағы ерен еңбегі хақында аз айтылған жоқ. Десек те, осы ерлік жылнамасында дараланып тұратын айтулы даталар бар, олар – 1989 жылдың 22 маусымы, 1991 жылдың 1 желтоқсаны мен 2019 жылдың 19 наурызы.
Себебі 1989 жылғы 22 маусымда Н.Ә.Назарбаев Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің Бірінші хатшысы болып бекітілді. Ал 1991 жылдың 1 желтоқсаны күні алғашқы жалпыхалықтық президент сайлауында сайлаушылардың 98,7%-ы Н.Ә.Назарбаевқа дауыс берген болатын. Дәл осылай, Қазақстан халқы тәуелсіздік елең-алаңында тағдырлы шешімін жасады. 2019 жылғы 19 наурыздағы Қазақстан халқына арнаған тарихи үндеуінде Нұрсұлтан Назарбаев бұл туралы «Халқым маған тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті болу мүмкіндігін берді», деп толғаныспен еске алған еді.
Мемлекетіміз үшін маңызды тарихи сәттерде Президенттің ел халқына үндеу арнауы – дәстүрлі үрдіс. Дегенмен өткен жылдың наурызындағы халыққа үндеуі ерекше болғаны рас. Себебі осы күні Елбасы өзінің президенттік өкілеттігін тоқтатқанын жариялады. Осы тарихи сөзінде елдік пен бірлік, сенім мен құрмет туралы әр азаматпен жеке тілдескендей әсерде болдық. «Маған ұлы халқыма, туған жеріме қызмет ету бақыты бұйырды. Баршаңызға – халқыма зор ризашылығымды білдіріп, басымды иемін. Осындай қолдаудың арқасында сіздердің сенімдеріңізді ақтау үшін мен бар күш-жігерімді, денсаулығымды, уақытымды аямай адал қызмет еттім». Бұл – біздің халқымыздың және оның даналығының даралығына деген қалтқысыз сенім, Тұңғыш Президентіміздің айрықша қасиеті. Тәуелсіз еліміздің жетістіктеріне тоқталғанда ол «Осының бәрін сіздермен бірге жасадық, құрметті қазақстандықтар», деп екпін түсіре айтқаны есімізде.
Мемлекет пен қоғамды түбегейлі өзгерту процесін басқарып, бағыттауға бел буған саяси көшбасшының мойнындағы жауапкершілік жүгі салмақты болмақ. Осындай тарихи миссияны арқалаған Елбасы тұрақтылықтың сенімді кепіліне, күрделі саяси, экономикалық және әлеуметтік жаңаруды жүзеге асыруға, еліміздің әлемдік қоғамдастық тарапынан мойындалуына жол ашқан Қазақстан мемлекеттілігінің тірегіне айналды. Сонымен бірге халықаралық деңгейде Қазақстан мен Нұрсұлтан Назарбаев есімінің арасында ажырамас ассоциациялық байланыс орнады.
Бүгінде тәуелсіздік жылдары дүниеге келген екінші буын ұрпақ өсіп келеді. Оларға ғана емес, кейде аға буынға да егемендік тұсында орын алған өзгерістер ауқымын бағамдау қиынға соғып жатады. Отыз жылдай уақыт бұрын қазақстандықтар өз тарихындағы аса бір ауыр кезеңді басынан өткерді. Кеңес Одағының құлауымен өндірістің басым бөлігі тұралап, миллиондаған адам жұмыссыз қалды, болашаққа деген сенім үзілді, азық-түлік карточкамен ғана беріліп тұрды. Ал көрші мемлекеттерде этносаралық қақтығыстар, тіпті азаматтық соғыстар өршіп кеткен еді.
Міне, үш онжылдық ішінде Қазақстан – экономикасы қарқынды дамып келе жатқан мемлекет ретінде танылды әрі халықаралық қатынастардың беделді қатысушысы қатарынан көрінді. Тұңғыш Президенттің көшбасшылығымен еліміз қиындықтарды сенімді еңсеріп, алдына асқаралы мақсаттар қою арқылы ілгері адымдап келеді.
Уақыт атмосферасын сезіну – саясаткердің уақтылы шешімдер қабылдауына мүмкіндік беретін маңызды қасиет. Қадым замандар бұрын Сенека айтқандай, істің ірілігі ауқымымен емес, уақтылы жүзеге асуымен құнды.
Уақыттың алдына түсу, қалыптасуы мүмкін тенденцияларды тани білу қасиеттері Н.Ә.Назарбаевтың талай мәрте қоғамдық психология дамуын сезініп, бағыттап отыруына мүмкіндік берді. Жалаң ұрандарға ілеспей (көбінесе популистер арқа сүйейтін, бірақ түбінде олардың стратегиялық жеңілісіне айналатын үрдіс), керек жерінде ел мүддесі үшін қарсылық көрсету Елбасыға тән. Ол әрдайым дамуға кедергі болып, шектеу қоятын қоғамдық стереотиптер мен инерцияны өзгертуге тырысады. Себебі азаматтардың көңіл күйін дөп басу ылғи олардың қолдауына ие болатын шаралар қабылдау дегенді білдірмесе керек. Кейде, әлбетте танымал емес шешімдер қабылдауға тура келеді, болашақтағы стратегиялық жеңістер үшін мезеттік, тактикалық жеңілістерге баруға мәжбүр бола- сың.
Елбасы бір сұхбатында «Нағыз көшбасшы үшін қиындық сол, сен үнемі болашақты көздейсің. Сен басшысың, қосшы емессің. Көштің басында тұрғандықтан, елді қайда бастап келе жатқаныңды білуің керек... Президентке шешім қабылдау керек және сол шешімі үшін жауап беруі тиіс», деген еді. Осындайда Уинстон Черчилльдің «Даңқтың құны – жауапкершілік» деген сөзі ойға оралады. Еліміздің Тұңғыш Президенті өзінің айрықша ел басқару талантымен қазіргі таңда әлемнің айтулы лидерлерінің қатарынан берік орын алған. Ол жауапкершіліктің зіл батпан салмағын көтеріп халқына өмір бойы қалтқысыз қызмет етудің өнегелі үлгісін көрсетті. Осы арқылы Елбасы халқының айрықша ықылас-құрметіне бөленді. Оның дәлелі, 2008-2009 жылдардағы дағдарыс кезеңінің өзінде әлеуметтік мониторингтер Нұрсұлтан Назарбаевтың рейтингі 85%-дан төмен түспегенін көрсетті.
Президенттің Қазақстан халқына Жолдау жасау тәжірибесі 1997 жылы енгізілген болатын. Содан бері бұл маңызды саяси оқиғаға айналды. Нұрсұлтан Назарбаевтың әр Жолдауы өзіндік саяси мәні бар, елді қанаттандырып, үлкен іске жұмылдыра алатын күшке ие.
Миллиондаған азамат Елбасының 2019 жылғы 19 наурыздағы Үндеуінен маңызды бір бағдарламалық мәлімдеме күткендей еді. Бірақ Елбасының сөздерін естіп отырған жұрт бір сәтке аңтарылып қалды. Нұрсұлтан Назарбаевтың өзінің президенттік өкілеттігін тоқтату туралы шешімін халық толғаныспен, күйзеліспен қабылдады, көзіне жас алғандар да аз болған жоқ.
Қаншалықты тосын көрінгеніне қарамастан, бұл уақыт талабына сай қабылданған, Тұңғыш Президенттің терең даналығын, болаттай берік жігерін көрсеткен шешім болды. Қазақстан халқына Үндеуінде Нұрсұлтан Назарбаев әлемнің бір орнында тұрмайтынын, жаңа қауіп-қатерлермен қоса жаңа мүмкіндіктер туындайтынын тегін айтқан жоқ: «Мен және менің замандастарым еліміз үшін қолдан келгеннің бәрін жасадық. Оның нәтижелері өздеріңізге белгілі. Әлем өзгеріп, жаңа буын келеді. Бұл – табиғи процесс. Олар өз заманының проблемаларын шешетін болады. Сондай-ақ елімізді одан әрі өркендету үшін бар күш-жігерін жұмылдыруға тиіс».
Сонымен қатар Елбасы Қазақстанның одан әрі тиімді дамуының негізі таңдалған саяси бағдардың сабақтастығын сақтауда жатқанын баса айтты. «Қазақстандағы билік сабақтастығы конституциялық тұрғыдан реттелген. Президенттің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда оның өкілеттігі қалған мерзімі аяқталғанға дейін Сенат Төрағасына беріледі. Содан кейін жаңа Президент сайлауы болады» дегені сөзімізге дәлел.
Қ.К.Тоқаев туралы айтқанда Н.Ә.Назарбаев «Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстанды басқаруға нағыз лайықты азамат деп сенемін» деген болатын. Кейінірек Елбасы Қазақстан Республикасы Президентінің мерзімінен тыс сайлауында Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын қолдайтынын білдірді. Қазақстандықтарға Қасым-Жомарт Кемелұлының аса жоғары деңгейлі кәсіби дайындығы бар, азаматтық қасиеттері құрметке лайық тұлға екенін жеткізді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Сайлауалды бағдарламасында елімізді табысқа және әлемдік беделге жеткізген Тұңғыш Президенттің бағдары бұлжымай жалғасатынын айтты. Осы бағытта Президент Елбасының ауқымды мұрасын еселеу арқылы елімізді көркейте түсуге күш салып, оның саяси тілегін іске асырмақ.
Ойымызды түйіндеп жеткізсек, Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев – интеллектуалдық инновацияны дәстүрмен, беделімен, өмірлік даналығымен әрі саламатты прагматизммен шебер сабақтастыра білген саяси көшбасшының үлгісі. Сол себепті, оның саяси және экономикалық жобалары сәтті жүзеге асты.
Ол елді дағдарыстан шығарудың тиімді жолын қапысыз тауып, оның дамуы үшін тоқтаусыз қызмет ететін жүйе қалыптастыру арқылы жаңа мемлекетті құрды және оны аса жоғары деңгейдегі саясаткер ретінде басшылардың жаңа толқынына тапсыра білді.
Зарема ШӘУКЕНОВА,
Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры