Соңғы күндері Орал қаласында Халыққа қызмет көрсету орталықтарында тұрғындар кезегі көбейіп кетті. Келушілердің көбі шетелдік төлқұжат рәсімдеуді сұрайды.
Елімізде төтенше жағдай жариялануына байланысты мемлекеттік шекара қымталған соң шекарадан әрі-бері өтушілер саны шектелген болатын. Осыған орай Ресей Федерациясының 5 облысымен шекаралас жатқан Батыс Қазақстан облысында тұрғындар арасында кейбір мәселеде түсінбестік орын алған. Әсіресе халыққа қызмет көрсету орталықтарында тұрғындар Қазақстанның шетелдік төлқұжатын алу үшін сағаттап кезекке тұруға мәжбүр. Орал қаласы полиция басқармасы көші-қон қызметінің бастығы Қанат Мұқановтың айтуынша, тек соңғы үш күн ішінде төлқұжат рәсімдеу туралы 600-ге жуық өтініш түскен.
- «Төлқұжат арқылы мемлекеттік шекарадан өтуге болады» деген – қате ақпарат. Қазір қалыптасқан жағдайға байланысты шекара жабылды. Соңғы күндері шетелден елге қайтатын өз азаматтарымыз ішке кіреді, Қазақстанға уақытша келген өзге ел азаматтары еліне қайтады, сондай-ақ дипломатиялық миссия өкілдері ғана шекарадан өткізілуде. Медициналық мекемелердің жолдамасы арқылы емделу үшін баратындарға да құжаттары тексеріліп, дәлелденген соң ғана шекарадан өтуге рұқсат беріледі. Басқа жағдайларда шекарадан өтуге төлқұжат көмектеспейді. Сондықтан халыққа қызмет көрсету орталықтарында кезекке тұрып, жедел төлқұжат алудың қажеті жоқ, - деді «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» ҰАҚ облыстық филиалының директоры Марат Бассаров.
Жалпы, ХҚКО-на келген халықтың 80 пайызы түрлі анықтама алу үшін өтініш береді екен. Сондықтан, орталықта тұрғындардың көп жиналып, індет қаупін болдырмауы үшін Орал қаласының 20 мектебінде өзін өзі қамту орталықтары ашылды. Ол жерде білікті маман қызмет көрсетеді, ХҚКО-дағы барлық электронды қызметті, яғни түрлі анықтамаларды алуға болады.
- «Электронды үкімет» порталының қашықтан көрсетілетін қызметтерін пайдалануды үйреніп алу керек. Бұл өте ыңғайлы, әрі қазіргі төтенше жағдай кезінде қауіпсіз. Мектептегі орталықтарда арнайы маман Сіздерге бұл қызметтерді бір жолғы пароль арқылы қалай алуға болатынын үйретеді, көмектеседі, - деді Марат Бассаров.
Бұдан бөлек, кешегі күннен бастап Халыққа қызмет көрсету орталықтарында бір мезгілде 50 адамнан көп кісі болмауы қадағаланып, арнайы тәртіп енгізілген. Яғни ғимаратқа 50 адамнан артық кісі кіргізілмейді. Қалғаны далада күтуге мәжбүр. Одан бөлек, орталық ғимараттарында әр үш сағат сайын 20 минуттық санитарлық-дезинфэкциялық тазарту шаралары өтеді. «ХҚКО – халық көп жиналатын жер, сондықтан ол жерде де бір мезгілде 50-ден артық адам болмауын реттеп жатырмыз, ішке 50 адамнан кіргіземіз, қалғаны ашық, желдетілген далада тұрады, бұл қауіпсіздеу» деп түсіндірді Марат Басаров.
Батыс Қазақстан