Батыс Қазақстан облысында «мемлекеттік бағдарламамен пәтер алып беремін» деп ақша жинап, 13 адамды алдап үлгерген алаяқ қолға түсті.
1977 жылы туған ақсайлық әйел осы қызметі үшін Kaspi.kz қосымшасы арқылы банк карточкасына 350 мыңнан 600 мыңға дейін теңге көлемінде ақша салуды талап етіп отырған. Сөйтіп, бас-аяғы 5,5 млн теңге жинаған кезде тұтылды. Батыс Қазақстан облыстық Полиция департаменті қызметкерлері алаяқты «Контрафакт» жедел-алдын алу іс-шарасы барысында қолға түсірді.
«Қазіргі уақытта Қылмыстық Кодекстің 190-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалып, сотқа жолданды» дейді облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің өкілі Асылай Ғұбашева.
Осындай алаяқтық еңбек нарығында да кездеседі. Атырау қаласының 25 жасар тұрғыны вахталық жұмысқа орналастырмақшы болып, әр адамнан кемінде 30-35 мың тең көлемінде ақша алып, хабарсыз кеткен. Бүгінде осындай 5 оқиға тіркеліп отыр.
Батыс Қазақстан облысында жыл басынан бері өткен 2 ай ішінде 197 алаяқтық қылмысы тіркелген екен. Өткен жылы осы уақытта 196 қылмыс болған.
Батыс Қазақстан