• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Парламент 19 Наурыз, 2020

Мәжіліс жұмысы жаңа форматқа көшті

169 рет
көрсетілді

Парламент Мәжілісінің Спи­кері Нұрлан Нығматулиннің төра­ға­лығымен өткен Палатаның жалпы отырысында бірқатар маңызды заң жобасы бірінші оқылымда ма­құлданды.

Онлайн режімде өткен жалпы отырыс­та Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин карантинге байланысты Мәжіліс жұмысы жаңа форматқа көшетінін мәлімдеді.

– Елімізде қалыптасқан төтенше жағдайға және қаламызда карантин жариялануына байланысты Мәжілістің де жұмыс режімі өзгереді. Ертеңнен бастап Мәжіліс жұмысының басым бөлігі басқа форматқа көшеді. Бұл – әрбір азаматтың қауіпсіздігін сақтау үшін жасалып жатқан шаралар. Оған бәріміз түсіністікпен және жоғары жауапкершілікпен қарауымыз қажет, – деді Мәжіліс Төрағасы.

Енді депутаттар жалпы отырыстар, комитеттер мен заң жобалары бойынша жұмыс топтарының отырыстары кезінде ғана Мәжіліс ғимаратында болады. Басқа күндері телекоммуникацияның заманауи түрлерін пайдалану арқылы қашықтан жұмыс істейді.

Парламенттік тыңдаулар мен үкімет­тік сағаттар кейінге шегеріледі. Мәжіліс ғимаратында жиналыстар, жұмыс кез­десулерін өткізуге, азаматтарды қабылдауға шек­теу қойылады. Депутаттар мен аппарат қызметкерлері үшін іссапарлар, басқа да қызметтік және жеке сапарларға тыйым салынады. Сонымен қатар Мәжіліс аппараты қызметкерлерінің 70 пайызы жалақысы сақтала отырып, қашықтан жұмыс істеу форматына көшіріледі. Қалған бөлігі қыс­қартылған жұмыс уақыты бойынша қызмет атқарады. Жаңа жұмыс тәртібін алға тарта отырып, Мә­жіліс Төрағасы заң шығару жұмысының қарқыны мен сапасын төмендетпеуге айрықша назар аударды.

Алқалы жиынның күн тәртібінде алдымен цифрлы технологияларды реттеу мәсе­лелеріне қатысты заң жобасы бірінші оқылымда қаралып, мақұлданды. Заң жобасы Мемлекет басшысының 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Жолдауына сәйкес әзірленді.

Депутаттарға заң жобасын таныстырған Цифрлық даму, инновациялар жəне аэро­ғарыш өнеркəсібі министрі Асқар Жұма­ғалиев құжаттың цифрлы технологияларды дамытуға, оларды қолданудың жөнін реттеуге бағытталғанын атап өтті.

– Елбасының бастамасымен «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы қабылданды. Бұл бағдарлама 2 жыл ішінде елімізді цифрландырудың драйверіне айналды. Осыған орай заң жобасы цифрланды­ру процесін одан әрі жылдамдатуға үл­кен серпін береді. Мемлекет басшысы Ци­фр­ландыру жөніндегі отырыста барлық құжат айналымын электронды форматқа көшіру туралы тапсырма берген болатын. Бұл мәселені шешудің бір тәсілі – Цифрлы құ­жаттар сервисін енгізу. Аталған сервис «Мобильді үкімет» қосымшасында көр­сетіледі. Яғни, азаматтарға қағаз түрін­дегі құжатты ұсынбай-ақ қызмет алуға мүм­кіндік береді. Бұл ретте Цифрлы құжаттар сервисін заңнамалық түрде айқындау ұсынылады, – деді министр.

Оның айтуынша, цифрландыру нәти­жесінде талдауды қажет ететін үлкен деректер қоры қалыптасты. Осыған байланысты заң жобасында «Үлкен деректерді» талдау тетігін реттеу ұсынылады. Бұл тетікті іске қосу Smart Data Ukimet жобасы негізінде экономикалық көрсеткіштерді талдау ар­қылы тиімді шешімдер қабылдауға мүм­кіндік береді. Бұған қоса саладағы жаңа сақтандыру түрі ретінде «Ерікті кибер­сақтандыру» қызметі енгізіледі.

Отандық IT-компанияларды дамыту үшін мемлекеттік органдар кәсіпкерлікпен айналыспауы қажет. Осы орайда цифрлы жобаларды құру мен дамытудағы квази­мем­лекеттік сектор функцияларын алып тастау ұсынылған.

Заң жобасында «Зияткерлік робот» ұғымын заңнамалық айқындау және робот иесінің жауапкершілігін бекіту көзделеді. Сонымен қатар пилотсыз аппараттардың ұшуын авиация саласындағы уәкілетті ұйыммен келісу қарастырылған. Сондай-ақ жедел төлемдер жүйесін енгізу бойынша нормалар реттелмек.

Жалпы отырыста бірінші оқылымда депутаттар қолдауына ие болған заң жоба­сының бірі тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелеріне қатысты болды. Аталған заң жобасы туралы көпшілікке Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов кеңінен түсіндірді.

Оның айтуынша, Үкімет тарапынан әзірленген тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша заң жобасы біріншіден үш сатылы шағым қарау жүйесін енгізуді көздейді. Біріншісі сатушының ша­ғымды өз еркімен шешуін немесе дау­ды сотқа дейін реттеуді қарастырады. Ата­л­ған институтты құрудың негізгі мақсаты – бұзылған құқықтарды қалпына келтіру, моральдық және материалдық залалды қысқа уақытта аз шығынмен өтеу, «қазір және осында» принципі бойынша іске асыру.

Екінші саты – шағымды уәкілетті орган аясында қарастыру. Әлеуметтік зерт­теудің нәтижесінде кәсібін адал жүргіз­бей­тіндердің жауапқа тартылмауы салдарынан халықтың 64 пайызы өз құқықтарын қорғамайтыны анықталды. Осыған байланысты уәкілетті органға әкімшілік шараларды қолданатын мемлекеттік бақылау құзыреті беріліп отыр.

Үшінші саты – сотқа шағым беруді көздейді. Бұл ерекше даулы жағдайларда ғана қолданылады.

Заңнамалық өзгерістердің екінші бөлігі «бір терезе» қағидаты бойынша тұты­ну­шылардың құқықтарын қорғау саласында шағымдарды қабылдаудың Бірыңғай ақпа­раттық жүйесін құруға бағытталады.

Ал құжаттың үшінші бөлігі тұтыну­шы­лардың құқықтарын қорғау саласындағы үкі­меттік емес ұйымдарды қолдауды қам­та­масыз етпек.

Сонымен қатар жиында «Әріптестік туралы негіздемелік келісімді (2014 жыл­ғы 4 мамырдағы Қазақстан Үкіметі мен Азия даму банкі арасындағы Қазақ­стан Республикасын экономикалық әртарап­тан­дыру және оның орнықты дамуына, жал­пы өсуіне жәрдемдесу мақсатында ынты­мақтастықты күшейту жөніндегі әріптестік туралы негіздемелік келісімге түзетулер мен толықтырулар) ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды.

Қазақстан Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы заң жобасы жаңадан қарастырылады. Жаңа жұмысқа қабылданған құжаттар қатарында парламенттік оппозиция, жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау және электр энергетикасы, тұрғын үй бағдарламалары операторларының санын қысқарту, халықаралық автомобиль тасымалдарын қадағалау мәселелері бойынша түзетулерге қатысты заң жобалары бар.

Сондай-ақ Мәжіліс Қазақстан Рес­пуб­ликасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытгүл Хаменованың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы қаулы қабылдады.