Осыдан дәл бір жыл бұрын жыл басы, жаңару мейрамы Наурызбен тұспа-тұс келген Қазақстандағы билік транзитін халық жақсылыққа балап, жаңа жылмен басталған жаңа кезеңге үлкен үмітпен қарады. Мемлекеттің іргесін бекітіп, еңсесін тіктеуіне ересен еңбек сіңірген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 19 наурызда сағат 19.00-де мәлімдеме жасап, Қазақстан Президенті ретіндегі өкілеттігін тоқтату жөнінде шешімін жариялады. Тәуелсіз ел тарихындағы тағдыршешті бұл қадам Қазақстанның жаңа даму бағдарын айқындаған өте жауапты кезеңге жол ашты.
Сабақтастық салтанаты
Қазақ жұртын ғана емес, бүкіл әлемді елең еткізген бұл елеулі оқиға – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың алысты болжайтын көрегендігін, даналығын тағы бір дәлелдеп берді. Тәуелсіздіктің тұғырын нықтап, ел іргесін бекемдеп, жаңа Қазақстанды қалыптастырған Тұңғыш Президент саяси, әлеуметтік, экономикалық реформаларды табысты жүзеге асырып, аз уақыттың ішінде еліміз дамыған 50 елдің қатарынан көрінді. Қилы кезеңдердегі Елбасының сарабдал саясаты, батыл қадамдары, тарихи шешімдері – мемлекеттің орнықты дамуының көрсеткіші іспеттес.
Елбасының ересен еңбегімен құтайған, қуаттанған Қазақстанның ырысының шашылмай, тынышының бұзылмауына тұрақтылық тірек болып келеді. Мұның бір айғағы ретінде еліміздегі билік транзитінің де бейбіт жолмен өткені көпке өнеге болды. Дәстүр сабақтастығын сақтай отырып, Қазақстанды жаңа даму жолына бастаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлықтау рәсімінде Елбасыға ерекше ілтипатын көрсетті.
«Қазақ мемлекеттілігінің негізін қалаған ұлы тұлға, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өз еркімен Мемлекет басшысы өкілеттігін тоқтатты. Елбасының бұл маңызды шешімі оның жаһандық деңгейде жəне тарихи ауқымда танылған саяси қайраткер ретіндегі ұлылығын көрсетті.
Бұл шешім мемлекетіміздің болашағына деген ең жоғарғы шынайы қамқорлықтан туындап отыр. Біз барлық жетістіктерімізге, ең алдымен Қазақстанның қастерлі Тəуелсіздігіне Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың қажырлы еңбегінің арқасында қол жеткіздік. Елбасы Кеңес Одағы күйреген тұстағы аса күрделі геосаяси жағдайда жаңа мемлекеттің негізін қалап, оның көшін бастады. Көптеген теріс болжамға қарамастан, Нұрсұлтан Əбішұлы елімізді барша əлемге мойындата білді. Дүниежүзі картасында даму мен демократияның, бейбітшілік пен келісімнің шынайы символына айналған мемлекет пайда болды», деді Мемлекет басшысы.
Президент ретінде алғаш рет ел алдында сөз сөйлеген Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасының тарихи еңбегіне лайықты құрмет көрсетіп, оның есімін мәңгілік ұлықтау қажет екенін алға тартты. Сөйтіп Елбасы салған азаттықтың асыл мұратындай ел астанасы Нұр-Сұлтан атауын иемденді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа жоғары дәрежелі «Халық Қаһарманы» атағы беріліп, айрықша ерекшелік белгісі – «Алтын Жұлдыз» және «Отан» ордені тапсырылды.
Ел тізгінін ұстаған Қасым-Жомарт Тоқаев ең алдымен дәстүрлі даму жолымыздан айнымай, халықтың ауызбірлігін одан әрі нығайта түсу үшін қоғам мен билік арасындағы диалогты дамытуға ден қойды. Президенттің халыққа алғашқы Жолдауы «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» деп аталды. Мемлекет басшысы Жолдауында Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасында бірлігіміз баянды болып, тәуелсіздігіміз нығайып, әлеуметтің әл-ауқаты жақсарғанын, бұл жасампаздық пен ілгерілеу, бейбітшілік пен келісім кезеңі болғанын алға тартты.
Жаңа Президент қызметінің бағыт-бағдарындай болған сайлауалды тұғырнамасы мен халыққа Жолдауына Елбасының басшылығымен жүргізілген жүйелі реформалар арқау болды. Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздіктің жетістіктерін еселеп, елімізді дамудың жаңа сапалы кезеңіне шығару мүмкіндігі берілгенін, өз жұмысында Елбасы ұсынған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын толыққанды жүзеге асыруды басты назарда ұстайтынын айтты.
Қазақстан халқының ортақ тарихи тағдыры, Тəуелсіздік жылдарындағы жетістіктері, ортақ мақсат, ортақ мүдде және халқымыздың кемел келешегі Елбасының «Мəңгілік ел» тұжырымдамасында үйлесім тапқан. Осынау уақыт аралығында ұлттық ұстанымға адал, шынайы сүйіспеншілік рухында тəрбиеленген жас азаматтардың тұтас бір буыны қалыптасты. Бұған Елбасы жүзеге асырған жастар саясатының, мазмұны бірегей «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» жəне «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақалаларының ықпалы болды.
Бүгінде Қасым-Жомарт Тоқаев «Рухани жаңғыру» бағдарламасының мақсатты түрде жалғасқанына басымдық беріп отыр. Жаңғырту жөніндегі Ұлттық комиссияның жұмысын қайта жандандыруды құп көретін Мемлекет басшысы әл-Фарабидің 1150 жылдық, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойларын жоғары деңгейде аталып өтуіне бастамашылық танытты. Бұған қоса Алтын Орданың 750 жылдығын атап өту төл тарихымызға, мәдениетіміз бен табиғатымызға туристер назарын аудармақ.
Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі тәуелсіз елдің көшін бастаған, мемлекет құраушы тұлға ретінде Елбасы мәртебесімен мәңгілік сипатталады. Бүгінде Елбасы салмақты өкілеттігі бар Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы, Nur Otan партиясының Төрағасы, ҚХА Төрағасы, Конституциялық Кеңестің мүшесі болып халыққа қызмет етіп келеді.
Мемлекетаралық мәмілегер
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдік саясатта ірі тұлға, мемлекетаралық мәмілегер ретінде есімі ерекшеленді. Жер-жаһанның назарындағы халықаралық дау-жанжалдарды шешудегі Елбасының бітімгерлік болмысы, өзі басқарған Қазақстанның біраз елдің басын біріктірген беделді ұйымдарға төрағалық етуі, елордада айтулы саммиттердің салтанат құруы мерейімізді көтеріп, абыройымызды асырды. Шетелдік сарапшылар Елбасының реформаларына «Қазақстан жолы» және «Назарбаев моделі» деп баға беріп жатты.
Қазақстанның Тұңғыш Президентінің әлемдік деңгейдегі қайраткер екенін айғақтайтын бірегей бастамалары баршылық. Мұның айқын бір мысалы, Нұрсұлтан Назарбаевтың әділ түрде бүкіләлемдік қоғамдастық тарапынан антиядролық қозғалыстардың көшбасшысы ретінде мойындалғанын айтуға болады.
Біздің еліміз Елбасының дана басшылығымен ядролық мемлекеттер қатарынан әлемдік антиядролық қозғалыстың жаһандық көшбасшысына айналды. Қазақстан ядросыз әлемге қарай нық қадам басуға жол ашқан көптеген бастаманы көтерді. Соның бірі – Нұрсұлтан Назарбаевтың Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы тарихи Жарлығы. КСРО-ның жекелеген әскери лауазымды тұлғалары мен саяси элиталарының қарсылығына қарамастан, Елбасының қазақ жеріндегі полигонды жабуы – нағыз ерлік. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін Қазақстан әлем бойынша зымырандық-ядролық әлеуетке ие болғандардың бірі болды. Жаппай қырып-жою қаруын ұстап тұру үшін барлық әлеуетіміз де болған еді. Сол кездегі Қазақстанның ядролық әлеуеті Франция, Ұлыбритания және Қытайдың жиынтық күшінен де асып түсетін.
Жер-жаһанның бейбітшілігін, адамзаттың амандығын басты құндылық деп санайтын Елбасы ядролық күштерден арылуға, жаһандық және аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге орасан үлес қосты. Ол көтерген елеулі бастамалар халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі маңызды факторларға айналып отыр. Бұл – Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақты құру туралы шарт, еліміздің аумағында МАГАТЭ қамқорлығымен халықаралық Төмен байытылған уран банкінің құрылуы, Қазақстанның ирандық ядролық проблеманы реттеудегі делдалдық миссиясы. Осының бәрі жаһандық тұрақтылық пен сенімнің іргетасын айтарлықтай нығайта түсті.
Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, іргелес жатқан мемлекеттердің экономикалық жағынан бірлесе дамуына бастайтын ілкімді істерге бастамашы болды. Оның еуразиялық интеграция жөніндегі идеясы бүгінде табысты жұмыс істеп тұрған Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуына негіз болып, өңірлік ынтымақтастықты нығайтуға, экономикалық даму саласындағы түйткілді мәселелерді анықтап, оны шешу жолдарын іздеуге тың серпін берді.
Былтыр елордада Елбасының еуразиялық интеграция жөніндегі идеясына 25 жыл толуына және Еуразиялық экономикалық одақ жөніндегі келісімге қол қойылуының 5 жылдығына орай Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кезекті отырысы өтіп, онда Ресей Президенті Владимир Путин Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа «Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің Құрметті төрағасы» атағын беруді ұсынды. Ұсыныс қатысушылар тарапынан бірауыздан қолдау тапты.
Бұған қоса Елбасы түбі бір Түркі елдерінің ынтымағының нығайып, бауырластық, әріптестік байланыстардың жаңа деңгейге көтерілуіне сүбелі үлес қосты. Айталық, Нұрсұлтан Назарбаев 2009 жылы Әзербайжанның Нахчыван қаласында Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесін құру туралы бастама көтеріп, оның бүгінгідей керегесінің кеңейіп, аяғынан нық тұруына еселі еңбек сіңірді. Өткен жылы Баку қаласында мерейлі онжылдық белесін еңсерген Түркі кеңесінің саммитінде алғаш рет Түркі кеңесінің Құрметті Төрағасы мәртебесі белгіленіп, Кеңеске мүше мемлекеттер бұл құрметке бірауыздан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты лайық деп таныды және Түркі әлемінің Жоғары орденімен салтанатты түрде марапаттады.
Заман тынысын тап басып танитын Нұрсұлтан Назарбаев шын мәнінде қазіргі кездегі әлемнің кемеңгер тұлғасы ретінде мойындалды. Осындай алып адам қазақтың бағына туып, Тәуелсіздік алған тұста ел рухын көтеріп, Қазақстанның керегесі кең, өзгелермен терезесі тең мемлекет ретінде қалыптасуына қызмет етті. Қазақ халқы үшін Нұрсұлтан Назарбаев – түріктердің Ататүркі, орыстардың I Петр, Американың Рузвелті, Сингапурдың Ли Куан Ю сияқты қайраткері жəне түркі əлемінің абызы. Ұлы даланың асыл презентінің аты мен Тәуелсіз Қазақстанның тарихи сабақтастығы мәңгі үзілмек емес.