• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Аймақтар 19 Наурыз, 2020

Егіс науқанына дайындық қалай?

376 рет
көрсетілді

Қар көбесі сөгіліп, алқап дегдісімен қырда қызу тіршілік қайнайды. Қыстан қысылыңқырап шыққан қостанайлық диқандар бұл сәтті дегбірсіздене күтіп отыр. Дегенмен ол күн де алыс емес. Әрі кетсе шамамен бір жарым-екі ай ғана қалды. Одан соң техникасын оңдап, тұқымын түгендеп, шаруа адамы топырағының иісі танауды жара бусанып жатқан танапқа аттанады.

Диқандардың көктемгі нау­­­қанға дайындығы облыс әкім­дігінде биыл алғаш рет ар­найы талқыланып, ба­рын­­ша пысықталғандай бол­ды. Өңір басшысы Архи­мед Мұ­хамбетов, Ауыл шаруа­шы­лығы вице-министрі Рүстем Құр­манов, ғылыми институт­тар мен қаржылай қолдау орта­лық­тарының өкілдері, сала басшылары қатысқан кеңейтілген отырысқа өңірдегі барлық аудан әкімдері мен 500-ге жуық диқан онлайн арқылы қосылды.

– Өздеріңізге белгілі, өткен жыл облыстық агроөнеркәсіп кешені үшін күрделі жыл болды. Ауа ра­йының қолайсыздығы сала­ның көрсеткіштеріне, тұтас­тай алғанда облыс экономикасына теріс әсерін тигізді, – деген облыс әкімі енді егіншіліктің ауа райына тәуелділік деңгейін азай­татын технологияларға кө­ше­тін уақыт жеткенін қадап айтты.

Облыс әдетте астықты 5 млн тоннадан асырып жинап алатын. Алайда былтыр құр­ғақ­шылық салдарынан бидай көлемі жылдағыдан 35%-ға ке­міп, қамбаға небәрі 3 млн тон­на дән құйылды. Шамамен 1 жарым млн тонна астық бас­тырылып, ұн жылдағыдан 36 пайызға кеміді. Салдарынан экспорт үлесі азайды. Есесіне мал шаруашылығында өсім бар. Мал басы 1 пайызға көбейіп, ет, сүт, жұмыртқа өндірісі өсті.

– Бұл көрсеткішке біз дер кезінде көрсетілген мемлекеттік қолдау шараларының нәти­жесінде қол жеткізіп отырмыз. Араға 5-6 жыл салып бір айналып соғатын тақыр қуаң­шы­лық былтыр бірден 8 ауданды тұралатып кетті. Амалсыз үкіметтен көмек сұрауға тура келді. Былтыр облыстың ауыл шаруашылығына мемлекет 33 млрд теңге бөлген. Нәтижесінде шаруашылықтар көктемгі және күзгі алқап жұмыстарына, сала­лық бағдарламалар бойынша алған малына, лизингтік техникасына төлейтін несиелерінің мерзімін ұзартып алды. 2019 жылы бидай бағасының жоғары болуы бір жағынан көптеген шаруашылықтың тұрақтылығын сақтап қалды, – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғауез Нұрмұхамбетов.

Жиында биыл астық нары­ғындағы бәсеке бәсінің жоғары екені айтылды. Оған Ресей мен Қытайда егін шаруа­шы­лығының дамуы, Өзбекстан мен Тәжікстан диірмендерінің күш алып, жыл санап өндіріс көлемін ұлғайтып бара жатқаны ықпал етіп отыр. Сондықтан биыл бидайдың бағасы тұрақты болмайды. Қазір қымбат болып тұрғанымен, күзге салым күрт арзандап кетуі ғажап емес. Оны әлгі айтылған сыртқы ықпалдар асқындыра түсуі мүмкін. Әкім­нің бірінші орынбасарының ай­туынша, дайын астықты сата бермей, қазірден бастап қолдан келгенше бидай өңдеу саласын жан-жақты тереңдете дамытуға ұмтылған абзал. Алқаптарды әртараптандыру да аса маңызды: шаруашылықтар рапс, зығыр, жасымық, қарақұмық сияқты экспортқа кететін бағалы дақыл алқаптарын ұлғайтуы шарт.

Облыс шаруашылықтарында көктемгі егін науқанына сақ­тап отырған 525,6 мың тонна тұқымдық бидай бар. Бұл бүкіл ша­руашылықтарға қажет тұқымның 99,5%-ы.

Жітіқара және Қамысты аудан­дарында 5 400 тоннадай тұқым жетпей тұрғанын айт­қан облыс әкімінің бірінші орынбасары: «Облыстағы бидай тұқымын өсірумен айналысатын шаруашылықтарда 30 мың тонна жоғары сұрыпты тұқым бар. Аталған аудандардың әкім­діктері науқан басталғанша шаруашылықтардың барлығын тұқыммен толық қамтамасыз етуі тиіс», деді.

Әкімдікте айтылмай қал­ған тағы бір аудан бар. Биыл Науырзым өңіріндегі он шақты шағын шаруашылық тұқым таппай тарығып отыр. Былтырғы құрғақшылық бұл өңірдің де шаруасын зар жылатып, қамбасын қаңыратып кетті. Тығырыққа тірелген науырзымдық диқан­дардың жан­айқайын газетіміз бұған дейін де жазған. Естір құлақ, көрер көз, жанашыр жа­қын, панашыл әкім болмады. Шендіден қайыр болмаған соң, қарапайым шаруа биыл алқапқа дән емес, қи себетін шығармын деп мүжіліп отыр.

Бәлкім бір амалын қарас­тырып жатқан болар деген үмітпен облыстық ауыл ша­руа­­шылығы басқармасына телефонмен хабарласып, «Науыр­­зымда тұқым таппай жүр­ген шаруашылықтардың тағ­дыры қалай болады? Де­мігіп қалған диқандарды де­меп жіберудің бір амалын қа­растырып жатырсыздар ма?» деп сұрап көрдік. Өзін бас маман Дина Хамзина деп таныстырған сыпайы дауы­с:

– У нас нет проблем. Сізге кім айтты оны? Біз Науырзым ауданын тұқыммен толық қам­тамасыз етіп қойдық қой! – деді таңғалғанын жасыра алмай. Одан әрі бірдеме сұраудың өзі ыңғайсыздау болып қалды. Сәл тосылып қалып: «Қамысты ше?» дедік. Құлаққа қағаз сапырылысы келді, бірер сәттен соң, – Қамысты да тұқыммен толық қамтылды, – деген жауап естілді. Қайран қалдық. Облыс әкімінің бірінші орынбасары түске дейінгі жиналыста айтқан мәліметті басқарманың бас маманы түстен кейін жоқ­қа шығарды. Амалсыз Қа­мыстыға телефон шалдық. Аудан­дық ауыл шаруашылығы бө­лімінің бас маманы Дәмір Алдоңғаров «Қайрат ӨКФ», «Содружество-98», «Тимофеев Агро», «Қаймақкөл Агро» тә­різді ірі серіктестіктер мен 10 шақты ұсақ шаруаларда би­ыл себетін тұқым жоқ екенін, әрқайсысы өз бетінше іздестіріп жатқанын айтты.

Жітіқараға хабарласып едік, ауыл шаруашылығы бөлімі бастығының міндетін атқарушы Диар Айжаров: «Өзіңіз білесіз ғой. Былтыр жағдай қиын бол­ды. Қазір аудандағы ұсақ шаруа­шылықтарға 2140 тонна тұқым жетпейді. Әкімшілік анда-мұнда шауып іздестіріп жүріп, енді ғана тапқандай болдық. Қазір Қарабалық ауданындағы элиталы тұқым өсіретін ірі шаруа­шылықпен келісім жасасып жатырмыз. Бұл мәселе көп ұзамай шешілетін болды», деді.

Биыл облыста 5 млн 200 мың гектар алқапқа дән егу жос­парланған. 3 млн 900 мың гектар алқапқа дәнді және дәнді бұршақ дақылы егілмек. 2 мың гектарды мал азығы алады. Май­лы дақыл көлемін биыл 700 мың гектарға ұлғайту көзделіп отыр.

Дән сіңіру науқанына жалпы саны 23 мыңға жуық трактор, 1032 кешенді тұқым сепкіш техника қатысады.

  

ҚОСТАНАЙ