Теміртау қаласындағы емханаларға қойылған қол жуатын антисептиктердің жалған екендігі әшкере болды. Қарағанды облысы бойынша экономикалық тергеу департаменті осы іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын бастады.
Облыстың емханаларына «Гросфарм» сауда белгісімен «Алкосепт» деп аталған жалған антисептиктерді жеткізушілердің кінәсі дәлелденген жағдайда оларға ірі көлемде айыппұл салынады және тауар түгелдей тәркіленеді.
Контрафактілік өнімді түпнұсқадан бірнеше белгі бойынша айыруға болады. Ең алдымен, орамасына назар аударған жөн: ол ақаусыз, теп-тегіс және оның тығыз жапсырылған затбелгісі бар болуы керек. Орамада міндетті түрде өндірушінің барлық деректері, жасалған күні және жарамдылық мерзімі болуы тиіс. Барлық ақпарат екі тілде – мемлекеттік және орыс тілдерінде болуы керек.
Қарағанды облысы бойынша экономикалық тергеу департаменті әлеуметтік маңызы бар тауарлар мен жеке қорғану құралдарының бағалары бойынша алыпсатарлыққа барғандар үшін жауапкершілік қарастырылатынын еске салады. Мониторинг күн сайын жүргізіледі, сондай-ақ интернет-сауда да бақылауға алынған.
Қарағанды облысы