БҰҰ-ға шағымданды
Тәжікстан көрші Өзбекстан мемлекеті өздеріне арналған жүктерді өз аумағынан өткізбей отырғаны жөнінде Біріккен Ұлттар Ұйымына шағым жасады. Бұл көршілес екі ел арасында ынтымақ кеткенін аңғартады. Бұл екі жаққа да тиімсіз: тәжіктер қажетті жүктерін ала алмаса, өзбектерге өз жерінде артық пойыз вагондарын қаңтарып қойған да қосалқы ауыртпалық. Әсіресе, тәжіктер мынадай ала-сапыран мезгілде екі айдан бері отын өнімдерін ала алмай отыр.
Араб одағы керек
Йемен президенті А.Салех араб елдері басшыларына өз аймағында Еуроодақ сияқты Араб одағын құру жөнінде ұсыныс жасады. Әрине, елдердің одаққа біріккені, экономикасының кіріккені жақсы. Бірақ, Еуроодақ сияқты ұйымның оған мүше болатын елдерге қоятын үлкен талабы, ұстанымы бар. Оған кез келген ел кіре алмайды. Әсіресе өз елінде тұрақтылық жоқ, халқы бір-бірімен атысып-тартысып жататын Йемен сияқты елдер мүшелікке кіріп жатар болса, мұндай одақтың болашағы бұлыңғыр.
Қытай – Белоруссияға
Қытай Халық Республикасы төрағасының орынбасары Си Цзиньпиннің Белоруссияға сапары кезінде Аспанасты елі беларусьтерге бір миллиард доллар көлемінде несие беретіні жарияланды. Сондай-ақ, Қытай өкілі 8,8 миллион доллар ақшаны жай тегін беретінін мәлімдеді. Жалпы, Қытай соңғы уақытта КСРО күйрегеннен кейін пайда болған тәуелсіз елдердің бәріне дерлік жеңіл несие беріп келеді. Бұл екі жаққа да тиімді.
Биліктегілер жеңілді
Францияда аймақтық сайлаудың екінші турында биліктегі Халық қозғалысын қолдау одағы партиясы ойсырай жеңіліс тапты. Олар бар-жоғы 35,53 пайыз дауысқа ие болды. Социалистерге, экологтарға, тағы басқа сондай солшыл партияларға сайлаушылардың 54,12 пайызы дауыс беріпті. Сөйтіп, солшылдар елдегі 22 аймақтың 21-інде басымдыққа ие болыпты. Бұл – президент Саркози мен премьер-министр Фийонның беделінің мықтап түскені.
Оппозицияның талаптары
Ауғанстанда қазіргі биліктегі Хамид Карзайдың үкіметіне тек талибтер ғана емес, басқа да көптеген партиялар оппозицияда. Соның бірі – сонау кеңес-ауған соғысынан бері келе жатқан Гүлбеддин Хекматиардың Ислам партиясы. Ауғанстан президенті жақында сол партияның өкілі Хелалмен кездесті. Олар кездесуге 15 пункттен тұратын талаптарын әкеліпті. Соның бірі – биылғы шілдеден бастап шетел әскерлері Ауғанстаннан шығарылуы керек.
Лаңкестер қорқытады
Ақпарат құралдары арқылы әлемдегі №1 лаңкес саналатын Усама бен Ладен АҚШ үкіметіне ескерту жасады: егер АҚШ 2001 жылы 11 қыркүйектегі лаңкестік әрекетке қатысты деген адамдарға қатаң жаза қолданатын болса, оған жауап ретінде АҚШ-қа жаңа соққы беріледі. Вашингтон одан сескене қоймас, дегенмен сонда лаңкестердің жауабы қандай болмақ?
Мектептер ашылмайды
Германия Федеративтік Республикасында 3 миллиондай түрік тұрады. Жақында Түркияның премьер-министрі Тайып Ердоғанның Германия канцлері Ангела Меркельдің Түркияға сапары алдында неміс елінде түрік тіліндегі мектептер ашу жөніндегі ұсынысы неміс саясатшылары арасында сын пікірлер тудырды. Олардың ойынша, бұл түрік иммигранттарының неміс қоғамына кірігуіне теріс әсерін тигізетін көрінеді.
Ішкіш таяқ жейді
Суданда президент Омар әл-Баширдің жарлығы бойынша, ішімдік жасаған, сатқан, сондай-ақ оны ішкен кез келген адам жазаланады. Жазаланғанда, кәдімгі көк шыбықпен дүре соғылады. Әсіресе бұл әйел адамдарға қаттырақ тиеді. Бұл елде мұсылмандармен бірге, басқа да дін өкілдері де тұрады. Бірақ шариғат заңы бойынша бұл елде ішімдік сатылмауға тиіс. Ал қолдан ішімдік жасау және оны пайдалану – елдің оңтүстігіндегі біраз халықтың ұлттық дәстүрі.
Әзірлеген Мамадияр ЖАҚЫП.