• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Таным 20 Наурыз, 2020

Қазақ халқы ежелден жылқы баққан...

4801 рет
көрсетілді

Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты ма­қа­­ла­сында: «Жылқыны қолға үйрету арқылы біздің бабаларымыз өз дәуірінде адам айтқысыз үстемдікке ие болды. Ал жаһандық ауқымда алсақ, шаруашылық пен әскери саладағы теңдессіз революцияға жол ашты. Жылқының қолға үйретілуі атқа міну мәдениетінің де негізін қалады. Бес қаруын асынған салт атты сарбаз айбарлы көшпенділер империялары тарих сахнасына шыққан дәуірдің символына айналды», дейді. Сол сияқты дүлдүл ақын Ілияс Жансүгіров: «Қазақ халқы ежелден жылқы баққан, Артық көрген ат үстін алтын тақтан» десе, бұл тұрғыдан халқымыздың жылқытану қабілеті мен оның бағым-күтімі жайлы ілім-тәжірибесі жетерлік.

 

Жылқы үйірі

Қолға үйретілмеген жылқы түлігі сонау бағзы заманнан бастап үйірмен өмір сүруге дағдыланған. Әрі жылдың ауыспалы маусымдарына бейімделіп, жазда жайылым, күзде соны, қыста қар-су қуалап үнемі қозғалыста болу себепті, әрбір түліктің үйірдегі орны анықталып отырған.

Үйір ішінде жүрген жылқы өзін қауіпсіз сезінеді. Өйткені үйір – жыл­қының бейбіт өмір сүруінің кепілі. Яғни жылқы сырттан келетін шабуылға тойтарыс беру, қиындықтан құтылу сияқты қажет дағдыларды үйірде үйренеді.

Үйірдегі әрбір жылқының орны бұлжы­майтын қатаң тәртіппен сақ­та­лады. Егер тәртіп болмаса үйір өзін сыртқы жаудан қорғай алмайды. Үйір­де­гі тәртіпті үйлестіретін үйір­дің басшысы болады. Бұл міндетті көп жағдайда сары қарын, сақа биелер атқарады. Жылқы түлігінің басты қасиеті үйір басы айғыр өзінен туған ұрғашы құлынды қайырмайды. Яғни қан жақындасып, үйірдің сапалық қуаты әлсіреуден сақтанады. Сондықтан өзінен туған құлын байтал шыққанда басқа айғырдың үйіріне қуалап апарып қосып береді де, өзі сол үйірдің байталын қайыруға алады. Алда-жалда қан жа­қын­дасқан жағдайда айғыр үйірін қа­йырмай таратып жібереді. Бұндай тек­ті­лік қасиет тек жылқы малында ғана бар.

Өйткені қан жақындасқан үйірден жауға мінер ат шықпайды. Сондықтан қазақ атбегілері баптаған жүйрігінің тек-тұқымын 4-5 аталығына дейін жақсы білетін болған. Жас айғырдан жақсы құлын туады. Жылқышылар көп айтатын «отты жылқы» дейтін тіркес бар. «Отты жылқы» деп үйірге тұңғыш түскен дөнен айғыр мен байталдың арасынан шыққан құлынды айтады.

Үйірдің бағым-күтімі

Үйірдің бағым-күтімін ондағы тай-құнандарға қарап біледі. Жас жыл­қы­лардың іші босап қарынсал тартса, жылқы үйірін дереу ащылатады. Қыстың алғашқы айларында үйір жайылымына ішетін суы бар, ащылауға қолайлы өлкені таңдайды. Көктемде ағынды суы бар изенді далаға өрістетеді. Жылқының қасиеті бір-бірін кісінесіп иіс және да­уысы арқылы таниды. Қазақтың «жылқы кісінескенше, адам сөйлескенше» дейтін сөзі осы мақсатты көздеп айтылса керек.

Жылқыны қыс айларында отарлатады. Отарлатудың пайдасы: күзде қоң жинаған түліктің қоңын көктемге дейін арық­татпай жеткізу және биелерді аман-есен құлындату болып табылады. Жылқы малын бағудың ерекшелігі: ол басқа малдар сияқты емес, айдап жүріп бағуға ыңғайлы. Жылқы малын қыс бойы қар аз түскен немесе тебіндеп жайылуға мүмкіндігі бар өлкелерге айдап апарып отарлатады. Жылқыны отарға қазан айының соңына таман шығарып, көктемде биелер құлындағаннан кейін қайтарады.

Кәнігі жылқышылар үйірдің қо­ңын (күйін) ерекше бақылайды. Қоңы біркелкі семірген үйір сыртынан қара­ған­да, қозғалысы азайып, баяу үйездеп, көсіле жусап, екі-екіден қасы­ны­сып, анда-санда жер иіскеп, бас шұлғысып тұрады.

 Жылқы отары

Отарға ықтасын және қырат-қырқалы төбе-төбешіктері бар, табиғаты жылы райлы, жұмсақ және жазда мал жайылмаған, шөбі мол һәм шүйгін өлке таңдалады. Қыс айларында жылқы тү­лігінің жайылымы: бетеге, түйе­құлақ, қарақұйрық, қазтабан, сары изен, күзеген, қияқ, бунақ жусан, селеу, қан­дауыр, қылтан, бозаң, ботажусан, тарлау, теріскен, буылдырық, бұйырғын, жуа, тағы басқа шөптерге бай болуы қажет.

Күз және көктем мезгілдеріне қара­ған­да, жылқы қыста көп жайылады. Бір тәуліктің 20-22 сағатында жайылып, 2-3 сағат демалып ұйықтайды. Тәжірибелі жылқышылар қыста жылқы жайылымының шөбін тақырлатпай, көктемге дейін бөліп-бөліп жайып жеткізеді. Өйткені қыста бір желінген шөп қайта көктемейтіндіктен шөп аз шыққан жылдары жылқышылар түлі­гінің ашығып қалмауын қатты қада­ға­лайды. Ол үшін жайылымды жоспарлы түрде ай-апталарға бөліп пайдаланады.

Қыс айларында жылқы су ішетін даладағы бастау-бұлақтар қатып қала­тын­дықтан жылқышылар түлігін қар­латып жаяды. Қыста шұбар қарлы жер жылқы отарына қолай­лы. Тәжірибелі жылқышылар отарды алысқа айдап қинамайды. Қыста кенет терлеген жылқы ауырып қалуы мүмкін және қатты жүріс үйірдің табанын тоздырады. Үйірді бір күнде 10-15 шақырымнан артық жүргізбеген дұрыс.

Жылқы жаңа жайылымға барғанда шөптің сонысын қуалап жайы­латын­дық­тан, оны иіріп ұстауға болмайды. Жайы­лым жақсы болғанда жылқылардың жая­сы домаланып, жалы желбіреп, сергек қозғалады. Тай-құнандар шапқылап ой­наса, бұл да жайылымның жақсы бо­луының әсері.

Аязды күндері тоңбас үшін жылқы ішкі жылуын бойында жақсы сақтайды. Қарды көп жеген жылқының ішкі жылу сақтау әсері босаңсиды. Қыс бойы қарлата берудің де кемшін тұстары бар. Құнарлы шөпке жайылған жылқы іш майын жақсы сақтайды да, кездейсоқ болатын үскірік боранды күндері ығып кетпей байырқалайды. Қысқы жайылымда жоғарыдағы талаптар сақталмаса, жылқы тез ариды және ішкі қуатын жоғалтады.

Жылқы суару

Жылқының дене құрылысының 63 пайызы сұйық заттан тұрады. Ағзадағы  зат алмасу процесі су арқылы іске асады. Күнделікті тұтынған суының 5-7 пайызын сыртқа шығарып отырады. Егер жылқы судан тарыққан жағдайда салмағының 10 пайызын жедел жоғалтады.

Жылқы судан тарыққан жағдайда:

- Жайылымда күнделікті қорек­те­не­тін шөп қорының 10-15 па­йызын кем жейді.

- Ас қорыту ағзаларының қызметі нашарлайды.

- Жайылым кезіндегі қозғалысы мен қуаты 20 пайызға құлдырайды.

- Ауруға ұшырау ықтималдығы 15-25 пайызға артады.

- Суыққа төтеп беру мүмкіндігі төмендейді.

- Майынан тез арылады.

-Биелердің іш тастауы 25-30 пайыздық үлеске ие болады.

Күнделікті суарылып отырған жағ­дай­да:

- Күнделікті қоректенетін шөп қоры 30 пайызға дейін артады.

- Ас қорыту ағзаларының қызметі қалыпты болады.

- Жас жылқылардың өсу процесі 5 пайызға жеделдейді.

- Суыққа төзімді болады.

- Тәулігіне 178-430 грамм ет қосады.

- Бие іш тастамайды.

- Артық шығын (өлім-жітім) болмайды.

Жаз айларында жылқыны таза ағын­ды өзен-бұлақ суымен суарған абзал. Лай судың зияны көп. Сол сияқты тым ащы сумен суаруға болмайды. Егер судың құрамында кобальт, фтор секілді химиялық элементтер көп болса, жылқының жетілуіне кедергі келтіреді және тісі кетіледі.

Жылқы тәулігіне 25-30 литр су ішеді. Жаздың жаңбырлы күндері 15-20 литр су қажетсінеді. Тай-құлындар сақа жылқыға қарағанда суды 50 пайыз аз тұтынады. Тәжірибелі жылқышылар ыстық күндері желіде байланған жас құлынның арқасына күніне 2 дүркін су себеді. Бұл құлынды күннің өткір сәулесіне ұрынудан сақтайды.

Қысты күндері даланың табиғи сулары мұзға айналатындықтан жылқыны көп жағдайда құдық суымен суарады. Сондай-ақ жылқыны қарлатып суару деген бар. Яғни жылқы қар жеп шөлін басады. Бірақ бұл әрекет жылқының шөлін толық қандырмайды. Сол себепті қарлаған жылқыны аптасына бір дүркін қыста қатпайтын қарасу-бұлақ басына апарған тиімді.

Жылқы жаздың ыстық күндері 6-8 минутта, салқын күндері 3-4 минутта, жауынды күндері 2-3 минутта, көктем айларында 3-6 минутта, қыста 2-3 минутта суға қанып үлгереді. Жылқы түлігі басқа малдар сияқты суды бөліп-бөліп ішпейді, бір дүркін бас алмай сіміреді.

Жылқы су ішіп жатқанда ебедейсіз қылық көрсетіп үркітуге, оқыс дауыс көтеріп айғайлауға болмайды. Тек жайлап жеңіл ысқырып тұрған жөн.

 Жылқы семіруі

Жайылым жағып семірген жылқы үйірін көбір жүнінің өзгерісінен тануға болады. Қара етінің шелі майланып семірген жылқының жүні жұқарады. Қазақ жылқышылары түліктің семіруін үш кезеңге бөліп қараған:

Бірінші кезең. Су семіздік немесе ескі жүнінің түсуі. Мұндай жағдайда жыл­қы толық семірмейді. Бірақ арқа-жаясы, сауыры, сүбенің етегі толысады. Қабырға сүйектерінің сыртқы тері жолағы кетпей, көзі былшықтанып, жалы жығылып тұрады. Күш-қуаты әлі де толыспағандықтан ықтасын беткей­лер­ді қуалап жайылады. Үйірді қуалап айдағанда жүрісі дүбірлеп дүр­кіре­мей, тапырақтап шығады. Қара етіне май жүгірмеген жылқының аяқ тастасы әлсіз, өлімсіреу келеді. Су семіздік кезінде жылқы қою, тығыз, жасыл тезек тастайды.

Екінші кезең. Ет семіздік немесе жал майлануы. Жалы майланған жыл­қы­ның көбір жүні толық түлеп түседі. Жылқы сергектеніп, үркектеп, са­уыры жайпақтана жайылады. Түр сипаты жылтырап, қыстағы жығылған жалы майланып, көзге білініп тұрады. Қабырға жолағы жоғалып, сан еті толысады.

Үшінші кезең. Май семіздік немесе жауырын тұтасуы. Май семіздік кезінде жылқының қабырғасы бітеуленіп, қазысы толып, арқа-сауырына жыра салады. Қалғымалы күйге түсіп, үйездеп қасынысады. Толық семірген жылқыны жауырын астында қабырғаларының қарнына қарай ойыстануынан аңғаруға болады. Жалы бүтіндей толысып, жүргенде екі жағына ырғатыла құлайды.

 Жылқы күзеу

Жылқыны күземесе ұсқыны кетеді және жайылу, су ішу, құлындау барысында қиындық тудырады. Жылқы күзеудің жас ерекшелігіне қатысты дәс­түрлі тәртібі бар. Қалыптасқан дәс­түр бойынша, құлынды биелер мен айғырлар, жаз жайлайтын бедеу биелер, мініс аттары сыпыра күзелмейді. Сәнге мінетін жылқыларды көркем күзейді. Қазақта «жылқы көркі – жал» деген тегін айтылмаған.

Тай күзеу. Тайды еркек-ұрғашысына қарамай тегіс сыпыра күзейді де, со­ңында уыс толар шоқтық қалдырады. Кекі­лін көзіне түспейтіндей етіп қыс­қар­тады. Құйрығын шонданайына дейін жалаңаштап толық күзеп, дәл ұшына шыбын қағарлық шашақ қалдырады.

Құнан күзеу. Құнанның кекілін шырпып қана теңестіре қырқады. Ал жалы тайдікі сияқты сыпыра күзеледі де, құйрығына қайшы тигізбейді.

Байтал күзеу. Кекілі мен жалын құ­нан сияқты күзейді. Құйрығының жо­ға­ры тұсынан «жол көрсетер» деп аталатын екі кертік қалдырып, ұшына шыбын қағар шашақ жасайды.

Қысыр күзеу. Қысыр биенің бойын түзеу үшін кекілін төгілтіп қояды. Жа­лын сыпыра күзейді. Құйрығын жоға­ры­дан үш бунап күзеп, ұшын шырпып тегіс­тейді.

Соғым жылқысын күзеу. Соғымға арнап жіберген жылқыны күзегенде жалын тақырлап сыпырады да, құйрығын тірсектен шорт қияды.