• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 20 Наурыз, 2020

Қазақ әдебиетінде жаппай форма іздеу науқаны жүріп жатыр

838 рет
көрсетілді

Қазіргі қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбасы бар үш ақын қыз Талдықорған қаласында тұрады. Сағыныш Намазшамова, Гүлбақыт Қасен және Айнұр Төлеумен аймақтағы әдеби орта, шығармашылық байланыс және қаламгерізденісі жайында әңгімелескен едік.

- Қадірменді қаламдастар, ұлт әдебиеті орталық қалада ғана жасалмайтыны белгілі, дегенмен... талантқа Талдықорған тарлық етіп жүрген жоқ па? Бұл сұрақтың астарында облыстағы әдеби ортаның ахуалы, оқырман мен билік тарапынан қолдауға ие болуы, танылу мен құрметке ие болу сияқты нәрселер жатқанын ұғарсыздар деймін...

Сағыныш НАМАЗШАМОВА:

- Талдықорған қаласы жалпы тыныш, абыр-сабыр, арсы-гүрсі асығыс тіршіліктен ада, жанға жайлы қала. Және солай бола тұра, қажет болса Алматыға екі-ақ сағатта жетіп баратындай, ара қашықтығы алыс емес. Қайта осындай жайлы тыныштық мен үшін жазуға, ізденуге қолайлы. Қазір оқығың келген дүниелерді бұрынғыдай тек кітапханадан ғана іздемейсің. Тіпті іздеген күнде керек кітабыңды өңірлік кітапханалардан таппайсың. Есесіне кітап сататын интернет-дүкендерден тапсырыс беріп сатып алуға немесе Интернеттен электронды нұсқаларын оп-оңай тауып алуға болады. Сосын әлеуметтік желілер дамыған заманда кім қай қиырда, қай қалада болса да, арасында дистанция болмайды.

Талдықорғанда әдебиетке қадам басқан жас буын мен қаламы төселген орта буынның арасында жігі білінбейтін, шекарасы шектелмеген тұтастық бар. Араластығы, әңгімесі, талдайтын тақырыбы ортақ. Әдеби ортаны туғызатын баспалдақтар осы болса керек.

Гүлбақыт ҚАСЕН:

- Қаламгер үшін әдеби орта қажет шығар, әрине. Ал, әдебиетке, ұлт руханиятына үлес қосатын, әдебиет үшін шынайы тер төгіп, адал қызмет жасайтын адамға орталықтан шалғай тұрып жатқаны әсер етпейді деп ойлаймын. Біздің Талдықорғанның Алматыдан немесе ел астанасынан еш кемдігі жоқ. Қайта біздің жетісулық әдеби ортаға орталық қаладағылардың өзі қызығып қарайды. Өйткені, облыс әкімі А. Баталовтың әдебиет пен мәдениетке деген қолдауы зор. Облыс әкімінің қолдауымен «Жетісу кітапханасы» айдарымен жыл сайын қаламгерлердің кітаптары шығарылып, әдеби шаралар жиі өтіп тұрады. Тіпті, біздің Талдықорғанда өзіміздің ғана емес, Нұр-Сұлтан, Алматы қаласының қаламгерлері де әдеби шығармашылық кештерін жиі өткізіп тұрады. Осындай шаралар біздің рухани толысуымызға әсер етері сөзсіз.

Айнұр ТӨЛЕУ:

- Өзім Талдықорғанға у да шу мегаполистен тынығу үшін келдім. Ғаламтордың мүмкіндігі таланттың танылуына тұсау бола қоймас. Біздің аймақ билігінің қолдауы мен құрметіне ие болып көрмедім. Бұл заңдылық та. Себебі, мұнда келгелі мүшайраға қатыспасам, ода жазбасам, кітабымды өткізбесем, олар мені қалай құрметтеп, қалай қолдамақ? Талдықорғанның кітап оқитын қауымы кітапханаға барсам, танып жатады. Автор үшін соның өзі үлкен олжа. Бірақ, кітапханадан өзіме қажетті кітаптарды таба алмай қиналып жүрсін. Кезінде "Мәдени мұра" бағдарламасымен қазақ тілінде шыққан әлем әдебиетінің жауһарлары кітапханада жоқ. Қалаған кітапқа қол жеткізіп үйренген оқырманға бұл қиын жағдай.

- Жалпы, жетісулық жас қаламгерлердің өзге өңірдегі замандастарымен байланысы қалай? Ұлт әдебиеті деңгейіне көтерілген шығарма иесі қай облыстада байқалады? Ал сізден айналадан, яғни, жерлестерден кімді айта аласыздар?

Айнұр ТӨЛЕУ:

- Әрине, өзге өңірдегі қаламгерлермен жақсы араласамын. Бірақ, сіздің сұраққа жауап бере алмаймын. Себебі ұлт әдебиеті деген үлкен жауапкершілік қой. Сондықтан бұл сауалдан саналы түрде жалтарайыншы...

Сағыныш НАМАЗШАМОВА:

- Күнде хабарласып, араласып-құраласып жүрмесем де, көпшілігімен шығармашылық байланысым жақсы. Ұлт деңгейіндегі әдебиетті жасап жүрген қаламгерлері бар Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, осылай көптеген облыстарды атауға болады.

Гүлбақыт ҚАСЕН:

- Жалпы, әдебиет өңірге, жерге бөлінбейді деп ойлаймын. Сондықтан да, мен еліміздің барлық өңірінде тұратын қаламгерлердің шығармашылығымен таныспын, пікір алмасып тұрамын. Алматыда тұратын замандас қаламгерлермен шығармашылық орталарда бірге жүреміз. Мен көбіне, аға буын өкілдерімен араласады екенмін. Замандастардан, Нұр- Сұлтан қаласынан Танагөз Толқынқызымен, Ербол Бейілханмен, Түркістан облысындағы Әлібек Шегебаймен, Шығыс Қазақстан облысынан Әскерхан Ақтаймен шығармашылыққа орай ой бөлісіп тұрамыз. Ал Ұлт әдебиеті деңгейіне көтерілген шығарма иесі дегенде, Түркістан облысындағы Мархабат Байғұт ағамызды, Алматы облысынан тамырын үзбеген жазуышы Бексұлтан Нұржекеұлын әбден лайық деп айта аламын. Және жерлестерімнің арасында да талантты қаламгерлер жетеді. Әли Ысқабайды, Нүсіпбай Әбдірахманды, Айдын Кәлімханды, Роза Сейілханды, Есболат Айдабосынды, Сағыныш Намазшамованы осы қатарға қосар едім...

- Қазір әдебиетті монтетизациялау үрдісі басталды. Әлем бұл жолдан өтіп қойған шығар, бірақ Қазақстан енді қозғалды. Яғни, шығармашылық адамы қаламынан туған дүниесін кітап етіп шығарып, оны оқырманға жеткізудің түрлі жолын тауып, сатып, пайда табу жолын меңгере ала ма? Бұл сіздің қолыңызан келе ме?

Гүлбақыт ҚАСЕН:

- Дамыған елдерде әдеби агенттер, әдеби менеджерлер жұмыс жасайтынын білеміз. Өкініштісі, бізде ол үрдіс жоқтың қасы. Қаламгерлер кітабын шығаруын шығарады-ау, бірақ оны оқырманға жеткізудің жолдары әлі кемшін соғуда. Өз басым қазақ ақын-жазушысының кітабын сатып, пайда тауыпты немесе байып кетіпті дегенді естімеппін...

Сағыныш НАМАЗШАМОВА:

- Кешіріңіздер. Өз басым өлеңге әлі тауар ретінде қарай алмаймын. Сондықтан бұл сұрақ маған арналмаған сияқты...

Айнұр ТӨЛЕУ:

- Дайынмын. Саналы түрде осы қадамға бару үшін арнайы жазылған еңбектерді оқып жатырмын. Сосын былтыр көктемде балаларға арналған мини поэма жазғанмын. Оны ешкімге көрсеткенім жоқ. Газет- журналдар мен сайттарға да бастыруға бермедім? Неге? Себебі оны балалар әдебиетін шығарумен айналысатын компания тапсырыспен жаздырды. Қаламақысын төледі. Ал, қаламақысы төленген дүниені баспа беттеріне ұсына алмай, тып- тыныш отырасың.

- Сіздердің туындыларыңыз шет тілдерге аударылғанын білеміз, бұл енді басқа жұрттың оқырман ортасын жаулап алу деп артық айтпайық, бірақ, ол шығармашылық иесіне, сіздерге қандай оң әсерін берді? Қазақ әдебиетін әлемдік деңгейде таныту үшін тағы не істеуге болады?

Сағыныш НАМАЗШАМОВА:

- Өзіңіз айтқандай, жекелеген өлеңдерімнің өзге тілдерге аударылуы – жаппай танылдым деген сөз емес. Оның сол елде оқылу-оқылмауы ол бөлек әңгіме. Бірақ, тұтас алғанда қазақ әдебиетінің басқа тілдерде сөйлей бастауын тәуелсіздік жылдарындағы ұлттық әдебиеттің үлкен жетістігі деп қарауға тиіспіз. Жалпы шығармашылық жағынан Испания, Әзірбайжан, Түркия сапарлары әсерлі болды. Дегенмен, мен үшін ең бастысы, татар, әзірбайжан, якут ақындарының өлеңдерін қазақ тіліне аудару туыстас елдер поэзиясының бүгінгі деңгейі, қарым-қуаты, тақырып аясы, көркемдік көкжиегі деген сияқты әдебиетінің бағыт-бағдарын бағамдап білуге, аудару арқылы ізденісті еселеуге қамшы болды. Татар және әзірбайжан ақындарын тікелей түпнұсқадан аудару қиындық тудырған жоқ.

Айнұр ТӨЛЕУ:

- Ең алдымен қазақ тілінің мәселесі шешілуі тиіс. Сосын қазақша кітап оқитын адамдар кітапқұмар болса дейсің. Біз оқымысты ұлтқа жатпаймыз ғой. Мойындайықшы. Өзіміз қарық қылмаған тіліміз бен әдебиетімізге неге өзгелер қызығуы керек? Мен осыны түсінбеймін. Сосын алып елдің әдебиеті де алып. Мысалы Малазия әдебиеті туралы біз не білеміз. Ештеңе білмейміз ғой. Біздің ой- өрісіміз, өмірді қабылдауымыз, көркемдік ойлауымыз әлемнің назарына іліксе, қазақ әдебиеті әлемге танылады. Ал қазақтың көркем ойлауы, мұңы мен өміртанымы әлем түгілі қазақтың өзіне керек пе?

Гүлбақыт ҚАСЕН:

- Шығармаларың өзге тілдерге аударылып, шет елдерде танылып, оқылып жатса қаламгер үшін – үлкен жетістік. Жалпы, аударма арқылы қаламгер өзін, шығармашылығын бір сатыға көтере алады. Көкжиегің кеңейді, әдеби байланыс ауқымы үлкейеді. Мен соны ұқтым.

Қазақ әдебиетін әлемдік деңгейге таныту мақсатында – Қазақстан Жазушылар одағы тарапынан ауқымды істер атқарылуда. Әдебиетіміз әлемнің 6 тіліне аударылып, үлкен басқосулар өтті. Бұл жұмыс ары қарай жалғасын тапса, құба-құп. Кітаптармен ғана шектелмей, қазақтың мықты қаламгерлері, шығармалары туралы бейне баяндар шығарылса. Қазіргі жаһандық бәсекеге қабілетті, заманауи ақпараттық-нұсқаларын дайындаса. Қазақ әдебиетінің жауһарларын шете елдері кез-келген ақпарат арналарынан ала алатындай мүмкіндіктер жасалса деген ойым бар.

- Осы шығармашылық лаборатория деген ұғым жойылған жоқ па? Өлеңді мақсатты түрде жазу, белгілі талап шеңберінен табылу, жоспар бойынша әрекет ету қазіргі буынға жат сияқты... Жалпы, қазір не жазып жүрсіз?

Гүлбақыт ҚАСЕН:

- Шығармашылық лаборатория – қаламгер үшін өте қажет дүние. Мен өзім мемлекеттік қызметте жүргендіктен, өз шығармашылығыма үлкен жауапкершілікпен қараймын. Қым-қуыт уақыттың арасында ақындық өнерімді, өлеңімді өлтіріп алмас үшін «күресемін» десем де болады. Мейлінше, жоспар жасап, жазатын кезде жазуға, оқитын кезде оқуға, ізденіп, танымымды кеңейтіп, өз-өзімді дамытып отыруға тырысамын. Үнемі бір уақытта отырып, арнайы бөлек уақыт табамын деп айта алмаймын. Бірақ, жоспарыма сай мүмкіндігінше «әдеби әлемімнен» алыстамай, шығармашылығыма көңіл бөліп отырамын.

Дәл қазіргі уақытта балалық шағым, Анам, Әкем туралы шағын эссе жазудамын, арасында аударма жұмысы да бар. Қырғыздың мықты ақыны, аудармашы Таштанбек Чакиевтің 40 жырдан тұратын «Сүю лабиринті» деген жинағын аударып болып қалдым.

Сағыныш НАМАЗШАМОВА:

- Шығармашылық жоспар жасаймын, бірақ ол өлеңді жоспарлап жазу туралы емес, ізденіс, оқу-тоқуға байланысты. Мендегі өлең жоспарға бағына бермейді. Ауқымды тақырыптарға баратын кезде үлкен дайындық керек болады, жоспарлап жазу дегенді сол тұрғыдан айту керек. Өзімнің ештеңе жазбағаныма екі ай болды. Тек оқып жатырмын...

Айнұр ТӨЛЕУ:

- Шығармашылық лаборатория туралы жиі ойланамын. Бізде осындай дәріс те болған. Қолжазба – құнды материал ғой. Қазір қолжазба жоқ. Қаламгердің лабораториясын ұғып болмайсың. Сосын, қазір қазақ әдебиетінде жаппай форма іздеу науқаны жүріп жатқан сияқты. Формасы бар да, ойы жоқ өлеңдер оқып жүрмін. Ойы бар да, формасы түсініксіз өлеңдер де бар. Не де болса, біздің әдебиеттанушылар бұл процесс аяқталған соң сөйлейтін шығар. Қазірге мамандар аттың басын бос қойып, ақындарға шамаң келгенше шап деп отырғандай.

Өзімше құпиям еді, бірақ, айтайын, қазір Эдгар Поның «Темірланын» аударып жатырмын. Эдгар мықты ақын ғой. Мифті өзек етіп алатыны ұнайды. Сонысымен жаныма жақын...

Сауал қойған Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»

Алматы облысы